«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қызыл жалын шарпыған үйлердің тұрғындарына өтемақы беріледі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

7 мамыр күні Петропавлдың “Береке” шағынауданында өрт шығып, қызыл жалын тұрғын үйлерді шарпыды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, сағат 18:57-де Петропавлдағы Сенная көшесіндегі қураған қамыс жанып жатқаны жөнінде хабар түскен. Желдің екпіні сол күні секундына 20-23 метрге дейін жеткендіктен, өрт 4-ші қауіпсіздік деңгейінде деп бағаланды.

– Қатты желдің салдарынан әрі күн ыстық болғандықтан өрт өте тығыз орналасқан жеке тұрғын үй секторына жайылды. Дәл сол уақытта Петропавлда төрт жерде өрт шығып, біздің жұмысты қиындата түсті. Өрт сөндірілді. Шығын мөлшері туралы айтуға әлі ерте. Жеті тұрғын үй және бос тұрған екі баспана түгелдей жанып кетті. Зардап шеккен бір адам қалалық ауруханаға жеткізілді, – деді төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камалов.

Оқиға орнына өңір басшысы Айдарбек Сапаров пен қала әкімі Руслан Аңбаев барды. Облыс әкімі өрттен зардап шеккендер уақытша баспанамен қамтылатынын айтты.

Өртпен күреске департаменттің 13 техникасы мен 73 адам, сондай-ақ Оңтүстік-Орал темір жолы Петропавл бөлімшесінің әскери өрт сөндіру командасы, облыстық полиция департаментінен 50 қызметкер мен 9 техника, жергілікті атқарушы биліктен 10 адам және 5 техника, “Қызылжар су” кәсіпорны және мемлекеттік емес өртке қарсы күрес қызметі жұмылдырылды. Оқиға орнында 137 адам және 28 техника жұмыс істеді. Өртсөндірушілер тек үш сағаттан кейін ғана қызыл жалынды ауыздықтады.

“Оқиға орнынан 40 адам, соның ішінде 9 бала қауіпсіз жерге шығарылды. Бір адамға дәрігерлердің көмегі қажет болды. Оның қан қысымы көтеріліп, жағдайы нашарлаған. Әзірге өрттің неден шыққаны белгісіз”, – деді Рамиль Камалов.

Баспанасы отқа оранған үйлердің тұрғындарына №25 орта мектепте эвакуациялық пункт ашылды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті психологиялық қызметінің мамандары тұрғындарға көмек көрсетті. Сондай-ақ арнайы штаб құрылып, қауырт желі іске қосылды.

– Комиссия келесі күні өрт болған жерді тексеріп шықты, нәтижесінде 9 үйдің толық жанып кеткенін және тағы екі баспананың ішінара зақымданғанын анықтады. Сол күні комиссия зардап шеккендерге уақытша тұратын үй беру мәселесін қарады, қазіргі уақытта 7 отбасы жалға берілетін пәтерлерге орналастырылды. Олар күнделікті тұрмысқа қажет барлық керек-жарақпен: азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен, жеке гигиеналық құралдармен қамтылды. Төрт отбасы әкімдік мамандары ұсынған шешіммен келіспей отыр. Пәтерлерді олардың балалары баратын мектептердің жанынан іздейміз. Олар әзірге туған-туыстарының үйлерінде тұрып жатыр, – деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Эльмира Сәдуақасова.

8 мамыр күні “Ашық” нормативтік-құқықтық актілер порталында техногендік сипаттағы төтенше жағдай режімін енгізу жөнінде қаулының жобасы жарияланды. Қазіргі уақытта онлайн талқылау жүріп жатыр. Эльмира Сәдуақасова зардап шеккендерге заң аясында көмек көрсету үшін төтенше жағдай режімі енгізілуі қажеттігін айтты. Осыдан кейін үй иелеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жәрдемақы беріледі.

Төтенше жағдай режімі жарияланғаннан кейін тәуелсіз сарапшылар материалдық шығын мөлшерін есептейді. Зардап шеккендер өтемақыға баспана сатып ала алады.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp