Соңғы уақытта адамның рухани дүниесі, ұлттық ой-сана, адами қасиеттер, азаматтық ар жайлы жиі айтылып, баспасөз бетінде талқыланып жүргені белгілі. Өкінішке қарай, заман ағысы мен қоғамның беталысы солай болып бара ма, бүгінгі адамдар арасында әйтеуір баю жолын іздеп, шарқ ұрып, бетперделерін сыпырып тастап, неше түрлі құйтырқы істерге барып жүрген пысықай адамдардың пейілін, жан-дүниесінің ұстанымын түсіну қиын болып барады. Шынын айтатын болсақ, мемлекет тарапынан белгілі мөлшерде күрес те жүргізіліп жатқаны белгілі. Кейбіреулер істі болып, темір тордың арғы жағына тоғытылып та жатыр. Бірақ кейбір “шекпен киген” тойымсыздар айылын жияр емес. Тіпті ести-ести құлағымыз үйреніп, қалыпты іске айналып бара жатқан сияқты әсер қалдырады.
Біраз жыл бұрын республикалық газеттің бірінде халық жазушысы, белгілі ақын Қадыр Мырза Әлінің “Кісілік” атты танымдық эссесі жарияланды. Онда қаламгер ағамыз кісіліктің эталоны мен үлгісін көркем тілмен жеткізіпті. Оқып отырып кісілігі мол азаматтардың қоғамға, ортаға, елге қажет екенін мойындайсың.
Адам болып дүниеге келгеннен соң адами асыл қасиеттерімізді жалау етіп желбіреткенге не жетсін?! Арымыздан адаспай, намысымызды таптатпай, әрқашан адалдық, әділдік жолында жүрсек қой, шіркін! Ары таза, пендешіліктен ада адамды “тақуа жан” дейді. Тақуа деген сөздің ұғымы кең. Ісі мен қылығы дұрыс, мінезге бай, пейілі кең, шындық пен жақсылыққа жаны құмар кісі өз ортасында әрдайым сыйлы, беделді. Қазақ “Жаным – арымның садағасы” дейді ғой. Түсінігі бар, түйсігі мол адамда ардан артық қастерлі дүние жоқ. Адам ар алдында міндетті түрде жауап беруі керек. Арың таза, еңбегің адал болғанда ғана қоғам алдында беделдісің, елге құрметтісің, қоршаған ортаңда сыйлысың. Басқаның барлығы – жалған жасандылық, көзбояушылық, екіжүзділік, опасыздық. Билік басында отырып, ел алдында жоғары идеялар мен патриоттық сөздерді қойдай тоғытып, ал айнала бере қызметін өз мүддесіне пайдаланатындар туралы әңгімені естігенде еріксіз түңілесің. “Осыларға не жетпейді?” – деген сауалға мазаң кетеді. Осындай жандардың психологиясын ұғу кейде тым қиынға соғады, тіпті түсіну мүмкін емес. “Ар” деген ұғымға ағайындас шыншылдық, әділдік, ақиқат, адалдық деген сияқты ұғымдар да адамның ерекше қасиеттерін аңғартады. Қазақта “Шындық бәрібір жеңеді” деген кесімді тіркес те бар. Ең өкінішті іс – біздің қоғам шындыққа күмәнмен қарайтын болды. “Шын айтам деп таяқ жегенше, өтірік айтып алшаң басқаным артық”, – дейтіндер де жоқ емес. Амалсыз мойындайсың, себебі шындық пен өтірікке деген қоғамдық көзқарас мүлде өзгеріп барады. Өтірік айту арқылы алға қойған мақсатыңа жетуіңе, мансап биігіне көтерілуге болатынын біздің қоғам әлдеқашан дәлелдеп қойды. Ал керісінше, шындықтың күн өткен сайын тағдыры қиындап барады. Бір кезде өтірік айту, жалған сөйлеу арға түскен қара дақ болып есептелетін. Ал бүгінгі заманда ар мен намысты ойлап жатқан ешкім жоқ. Ең нашар құлықты адамға берілетін баға – екіжүзділік. Дәл бүгін екіжүзді адамды базарда сауда жасап тұрған саудагерден бастап, шенеуніктердің арасынан көптеп кездестіруге болады. Бұл дегеніңіз біздің қоғамда адамдардың өтірік айтуына, жауапсыздық танытып, жалған уәде беруіне толық жағдай жасалып отыр деген сөз. Адамдардың шындықтан айналып, өтірікпен сыбайлас болуына шала-жансар заңдарымыз мүмкіндік туғызып отыр. Адамдар заңға жүгіну арқылы әділдікке, ақиқатқа қол жеткізеді. Заң дұрыс болмаса қоғамда қандай шындық, әділдік болуы мүмкін?!
Халықтың болашаққа деген сенімі тек шындық пен әділдік салтанат құрғанда ғана пайда болады. Ендеше шындық деген қасиетті ұғымды қалпына келтіру – біздің қоғамның озық ойлы, парасатты өкілдерінің ең жауапты міндеті. Егер бүгінгідей өтірікті елірте сөйлеп, жалғандықты жалау қылып ұстайтын болсақ, халқымыздың ар тазалығы мен намыс асқақтығын бәрінен биік қоятын ұлы қасиеттерінен айырылып қалу қаупі төніп тұр. Шындықты айта білу өз алдына, сол айтылған шындықты шыдамдылықпен тыңдап, мойындай білуді кейінгі толқын жастардың санасына құйып, бойына сіңіре түсу үшін өзіміз ар алдында адал болғанымыз өте маңызды. Шындық пен әділдік бар жерде арың да таза, халқымыздың еңсесі де биік.
Кісілігі мол адам шаршап-шалдықпайды, баршылыққа тасымайды, жоқшылыққа жасымайды. Әрдайым бір сыдырғы сырбаз, қарапайым мінезімен, терең таным-түсінігімен ел арасында сыйлы, абыройлы болып қала береді. Адамның дүниеге келгендегі негізгі мақсаты – бір-біріне қызмет ету, жақсылық жасау, бірін-бірі демеу. “Алған адам емес, берген адам бақытты”, – деп қазекем тегін айтпаған. Сондықтан кейде іштей болса да: “Осы мен қалай өмір сүріп жүрмін? Ел алдында арым таза ма? Адалдықтан, әділдіктен алшақтап кетпедім бе? Халқыма нендей жақсылық жасадым? Қатарымыздағы арлы азаматтар кім?”, – деп ой-таразысынан өткізіп қойғанымыз артық емес. Адам тал бесіктен жер бесікке дейінгі өлшеп берілген ғұмырында істеген қылығына өкінбегені абзал. Жақсылықтың, кішіпейілділіктің, жасампаздықтың, кісіліктің ақ желкенін жанымызға жалау етіп, адалдықтың арқанын керіп, еліміздің байлығын арттырып, жерімізді гүлдендіріп, рухани байып, келер күндердің шуағына бөлену – адам үшін зор бақыт.
Батырбек СМАҒҰЛОВ,
еңбек ардагері.