«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АР ТАЗАЛЫҒЫ – ЖАН БАЙЛЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Соңғы уақытта адамның рухани дүниесі, ұлттық ой-сана, адами қа­сиеттер, азаматтық ар жайлы жиі ай­тылып, баспасөз бетінде талқыла­нып жүргені белгілі. Өкінішке қарай, заман ағысы мен қоғамның бета­лысы солай болып бара ма, бүгінгі адамдар арасында әйтеуір баю жолын іздеп, шарқ ұрып, бетпер­де­лерін сыпырып тастап, неше түрлі құйтырқы істерге барып жүрген пы­сықай адамдардың пейі­лін, жан-дүниесінің ұстанымын түсі­ну қиын бо­лып барады. Шынын ай­татын бол­сақ, мемлекет тарапынан белгілі мөлшерде күрес те жүргізіліп жат­қаны белгілі. Кейбіреулер істі бо­лып, темір тордың арғы жағына тоғы­­тылып та жатыр. Бірақ кейбір “шек­пен киген” тойымсыздар айы­лын жияр емес. Тіпті ести-ести құла­ғымыз үйреніп, қалыпты іске айналып бара жатқан сияқты әсер қал­дырады.

Біраз жыл бұрын республикалық газеттің бірінде халық жазушысы, белгілі ақын Қадыр Мырза Әлінің “Кісілік” атты танымдық эссесі жария­ланды. Онда қаламгер ағамыз кісіліктің эталоны мен үлгісін көркем тілмен жеткізіпті. Оқып отырып кісі­лігі мол азаматтардың қоғамға, ор­таға, елге қажет екенін мойындай­сың.

Адам болып дүниеге келгеннен соң адами асыл қасиеттерімізді жа­лау етіп желбіреткенге не жетсін?! Арымыздан адаспай, намысымызды таптатпай, әрқашан адалдық, әділдік жолында жүрсек қой, шіркін! Ары таза, пендешіліктен ада адам­ды “тақуа жан” дейді. Тақуа деген сөздің ұғымы кең. Ісі мен қылығы дұрыс, мінезге бай, пейілі кең, шын­дық пен жақсылыққа жаны құмар кісі өз ортасында әрдайым сыйлы, бе­делді. Қазақ “Жаным – арымның са­да­ға­сы” дейді ғой. Түсінігі бар, түйсігі мол адамда ардан артық қастерлі дүние жоқ. Адам ар алдында мін­детті түрде жауап беруі керек. Арың таза, еңбегің адал болғанда ғана қо­ғам алдында беделдісің, елге құр­меттісің, қоршаған ортаңда сыйлы­сың. Басқаның барлығы – жалған жа­сандылық, көзбояушылық, екіжүзді­лік, опасыздық. Билік басында оты­рып, ел алдында жоғары идеялар мен патриоттық сөздерді қойдай то­ғытып, ал айнала бере қызметін өз мүддесіне пайдаланатындар тура­лы әңгімені естігенде еріксіз түңі­лесің. “Осыларға не жетпейді?” – деген сауалға мазаң кетеді. Осындай жандардың психологиясын ұғу кейде тым қиынға соғады, тіпті түсіну мүмкін емес. “Ар” деген ұғымға ағайындас шыншылдық, әділдік, ақиқат, адалдық деген сияқты ұғымдар да адамның ерек­ше қасиеттерін аңғартады. Қазақта “Шындық бәрібір жеңеді” деген кесімді тіркес те бар. Ең өкінішті іс – біз­дің қоғам шындыққа күмәнмен қа­райтын болды. “Шын айтам деп таяқ жегенше, өтірік айтып алшаң басқа­ным артық”, – дейтіндер де жоқ емес. Амалсыз мойындайсың, себебі шын­дық пен өтірікке деген қоғамдық көз­қа­рас мүлде өзгеріп барады. Өтірік айту арқылы алға қойған мақсатыңа жетуіңе, мансап биігіне көтерілуге болатынын біздің қоғам әлдеқашан дә­лелдеп қойды. Ал керісінше, шындықтың күн өткен сайын тағдыры қиындап барады. Бір кезде өтірік айту, жалған сөйлеу арға түскен қара дақ болып есептелетін. Ал бү­гінгі заманда ар мен намысты ойлап жатқан ешкім жоқ. Ең нашар құлық­ты адамға берілетін баға – екіжүз­ділік. Дәл бүгін екіжүзді адамды ба­зарда сауда жасап тұрған саудагер­ден бастап, шенеуніктердің арасы­нан көптеп кездестіруге болады. Бұл дегеніңіз біздің қоғамда адамдар­дың өтірік айтуына, жауапсыздық та­нытып, жалған уәде беруіне толық жағ­дай жасалып отыр деген сөз. Адамдардың шындықтан айналып, өтірікпен сыбайлас болуына шала-жан­сар заңдарымыз мүмкіндік туғы­зып отыр. Адамдар заңға жүгіну ар­қылы әділдікке, ақиқатқа қол жеткізеді. Заң дұрыс болмаса қоғамда қандай шындық, әділдік болуы мүм­кін?!

Халықтың болашаққа деген се­німі тек шындық пен әділдік салта­нат құрғанда ғана пайда болады. Ендеше шындық деген қасиетті ұғым­ды қалпына келтіру – біздің қо­ғамның озық ойлы, парасатты өкіл­дерінің ең жауапты міндеті. Егер бүгінгідей өтірікті елірте сөйлеп, жал­ғандықты жалау қылып ұстайтын болсақ, халқымыздың ар тазалығы мен намыс асқақтығын бәрінен биік қоятын ұлы қасиеттерінен айырылып қалу қаупі төніп тұр. Шындықты айта білу өз алдына, сол айтылған шындықты шыдамдылықпен тың­дап, мойындай білуді кейінгі толқын жастардың санасына құйып, бойына сіңіре түсу үшін өзіміз ар ал­дында адал болғанымыз өте ма­ңызды. Шындық пен әділдік бар жерде арың да таза, халқымыздың еңсесі де биік.

Кісілігі мол адам шаршап-шалдықпайды, баршылыққа тасымай­ды, жоқшылыққа жасымайды. Әрдайым бір сыдырғы сырбаз, қарапайым мінезімен, терең таным-түсінігімен ел арасында сыйлы, абы­ройлы болып қала береді. Адамның дүниеге келгендегі негізгі мақсаты – бір-біріне қызмет ету, жақсылық жасау, бірін-бірі демеу. “Алған адам емес, берген адам бақытты”, – деп қазекем тегін айтпаған. Сондықтан кейде іштей болса да: “Осы мен қа­лай өмір сүріп жүрмін? Ел алдында арым таза ма? Адалдықтан, әділ­діктен алшақтап кетпедім бе? Хал­қыма нендей жақсылық жасадым? Қатарымыздағы арлы азаматтар кім?”, – деп ой-таразысынан өткізіп қой­ғанымыз артық емес. Адам тал бе­сіктен жер бесікке дейінгі өлшеп бе­рілген ғұмырында істеген қылығына өкінбегені абзал. Жақсылықтың, кіші­пейілділіктің, жасампаздықтың, кі­сіліктің ақ желкенін жанымызға жа­лау етіп, адалдықтың арқанын керіп, еліміздің байлығын арттырып, жері­мізді гүлдендіріп, рухани байып, ке­лер күндердің шуағына бөлену – адам үшін зор бақыт.

Батырбек СМАҒҰЛОВ,

еңбек ардагері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp