«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бабалар рухына бас иді

Диас Аяған

 esla9015@gmail.com

7 мамыр – Отан қорғаушы күніне орай облыс орталығындағы Ағынтай мен Қарасай батырлардың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Аталған шараға өңір басшысы Айдарбек Сапаров пен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мамандары, әскери сала ардагерлері мен жастар қатысты.

Салтанатты шара қатысушылары ескерткішке лек-легімен келіп, гүл қойып, тағзым етті. Шын мәнінде бұл жандар тек ескерткішке айналған батырларға ғана емес Отан-Анаға адал қызмет еткен барша ерлердің рухына бас иді. Рәсім аяқталғаннан кейін де қалың қауым тез тарқай қоймай, ескерткіш маңында біраз аялдады. Ардагерлер жиналған жастарға көрген-білгенін әңгімелеп, Отан қорғаудың маңыздылығын түсіндірді, тұрғындар бір-бірін мерекемен құттықтап жатты.

Ел үшін құрбан болғандарды жыл сайын еске алатын жандардың бірі – Геннадий Языков. Оның кеудесінде жарқыраған әр медальдің өзіндік тарихы бар. Мәселен, оған тиесілі “Үздік шекарашы” медалі қателесіп өзге мемлекетте тұрып жатқан адамға берілген. Осылайша бағытынан жаңылған марапат тек 3 жылдан кейін ғана өз иесін тапқан.

– Мен әскерде 1966-1969 жылдар аралығында қызмет еттім. Бұрынғы бабалардың жолын жалғап Қытаймен арадағы шекараны күзетіп, ел тыныштығының сақшысы болғанымды мақтан етемін. Ал бүгін мерекеге орай осы шараға қатысып отырмын. Сарбаздарға денсаулық пен жемісті еңбек, ал жастар Отан алдындағы борышын абыроймен өтесін деп тілеймін, – дейді ол.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp