«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақсақалдар кеңесі құрылды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанынан ақсақалдар кеңесі құрылды.Кеңестің құрамына жергілікті қоғамдастықтың, этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тартылған. Оның төрағасы болып Ескендір Елеусізов тағайындалды. Орынбасары болып Жангелді Тәжин, мүшелігіне Николай Авдеев, Зулейха Бикметова, Шыңғыс Құрбанов, Светлана Малхасян, Сәуле Тахметова сайланды. Қай-қайсысының болсын өмірлік те, басқарушылық та тәжірибелері мол, ең бастысы, ассамблея жұмысының қыр-сырын жақсы біледі.

Кеңестің алғашқы отырысында атқарылатын негізгі міндеттер белгіленіп, сараланды. Атап айтқанда, мемлекеттік органдармен, азаматтық, қоғамдық институттармен бірлесе отырып, қазақстандық бірегейлікті нығайту, жұртшылықты қоғамдық келісім мен бірлік құндылықтары төңірегінде шоғырландыруға жәрдемдесу, екіжақты сындарлы коммуникациялар мен өзара іс-қимылды нығайту, мемлекет пен қоғам арасында келісім мен бірлікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша “кері байланыс” тетіктерін қолдану жоспарлануда. Елжандылықты, патриотизм идеяларын жастар арасында насихаттау, әлеуметтік және тұрмыстық жанжалдардың алдын алуға, шешуге ықпал жасау, этномедиацияны жүзеге асыру, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету мәселелерінде тәлімгерлік тәжірибені енгізу сияқты міндеттер жүзеге асырылмақ. Бұл орайда жергілікті қоғамдық қатынастарды, өзекті проблемаларды зерделеудің, тұрмыстық мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен жергілікті қоғамдастықтардың бірлескен шешімдерін іздестірудің, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қоғамдық ұйымдарда тұрғындардың мүдделерін білдірудің, мемлекеттік, құқық қорғау, білім беру және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимылды жаңғыртудың маңызы зор. Азаматтардың қоғамдық, құқық қорғау ұйымдарымен, оның ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілді органның өңірдегі өкілімен тығыз байланыс орнату да белгіленген.

Ақсақалдар кеңесінің мүшелері кез келген адамға қоғамдық маңызы бар және жеке мәселелерді шешу бойынша ақпараттық көмек көрсете алады. Оның қызметіндегі маңызды бағыттардың бірі жас буынның жалпы мәдениетін, азаматтық жауапкершілігін арттыру, атқарылатын іс-шараларға жүйелі түрде қатыстыру болмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңесте атап өткендей, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу жұмысы әлсіз. Өкінішке қарай, жауапты мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметі ойдағыдай нәтиже берген жоқ. Сондықтан ақсақалдар кеңесінің әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау шараларына, отбасы құндылықтарын дәріптеу ісіне белсене араласады деген сенімдеміз. Құқық бұзушылыққа, теріс әдеттерге бейім жасөспірімдер мен отбасыларды анықтап қана қоймай, алдын алу шараларын ұйымдастырудың маңызы айрықша. Мемлекеттік тілдің беделін көтеруге, Қазақстан халқының мәдени мұрасын сақтауға және насихаттауға жәрдемдесу бағытында да іргелі міндеттер тұр.

Жыл басынан бері кеңес мүшелерінің қатысуымен аудандарда бірнеше көшпелі кездесулер өтті. Мысалы, Ш.Құрбанов “Жедел таңғы ас” акциясын өткізуге мұрындық болды. Өртке қарсы қызмет қызметкерлеріне азық-түлік себеттері табыс етілді, ассамблеяның жұмысы туралы ақпараттар ұсынылды. “Көрісу күні” мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылып, оның бел ортасында З.Бикметова, Н.Авдеев және басқалары жүрді. “Қазақстанның орыс қауымдастығы” облыстық филиалының өкілдері №43 мектепте болып, 8-сынып оқушыларына қазақстандық патриотизм жайлы әңгімелеп берді. Наурыз мерекесіне арналған іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге белсене қатысты. Ұлттық ұлан академиясының курсанттарымен кездесуге С.Малхасян арнайы барды. Гуманитарлық-техникалық, машина жасау және көлік колледждерінің студенттері Жангелді Тәжиннің қазақтың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына қатысты ғибратты әңгімелерін ұйып тыңдады. №27 мектептегі этносаралық негіздегі қақтығыстардың алдын алуға және қазақстандықтар арасында достықты нығайтуға, байланысты күшейтуге арналған “дөңгелек үстел” де танымдылығымен есте қалды.

Болат БАЗАРБАЕВ,

“Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp