Халықаралық медбикелер күніне орай Петропавл қалалық №2 емханасында мерекелік іс-шара өтті. Бұл күні денсаулық сақтау саласында 40 жылға жуық еңбек еткен ардагер медбикелер мен үздік қызметкерлер Алғыс хаттармен марапатталды.
Жүгі ауыр салада қалтқысыз қызмет етіп, мейірімділіктің символына айналып үлгерген медбикелер қандай сый-құрметке де лайық. Себебі әрбір жанға медициналық көмек көрсетуде дәрігермен қатар медбикенің атқарар рөлі зор. Халықаралық медбикелер күні осыдан 150 жыл бұрын Англияда атап өтілген. Мереке медбике Флоренс Найтингейлдің есімімен тығыз байланысты.
Петропавл қаласының тұрғыны Ләйла Өтегенова медбике болып 30 жылдан артық жұмыс істеп келеді. Бүгін мерекелік іс-шарада тәжірибелі маманның еңбегі еленіп, Алғыс хатқа ие болды.
– Мен мамандығым бойынша фельдшермін. 1992 жылы Петропавл медициналық колледжін тамамдаған соң, жолдама бойынша Жамбыл ауданындағы Ольговка ауылына жұмысқа орналастым. 2013 жылға дейін ауылда фельдшер болып жұмыс істедім. 2015 жылдан бастап қалалық емханада еңбек етіп жатырмын. Біздің жұмыста ең бастысы – шыдамдылық пен төзімділік. Дәрігердің нұсқауын жауапкершілікпен орындап, сырқаттарға мейіріммен қарау қажет, – дейді Ләйла Өтегенова.
Медбикелер дертіне дауа іздеген жанға жылы сөзімен-ақ дем беріп, тезірек аяққа тұруына жағдай жасайды. Өз қызметіне адал жандардың бірі – Ирина Бабинова. Әріптестеріне үлгі көрсетіп, білікті маман атанған ол да көптің алғысына бөленіп жүр.
– Өмір бойы педиатрия саласында қызмет етіп келемін. 20 жылдан астам уақыт темір жол ауруханасының балалар бөлімшесінде, кейін емханада жұмыс істедім. Жас аналарға балаларды тамақтандыру, дұрыс күтім жасау және сәбидің дамуына қатысты кеңес беремін. Жұмысым өзіме ұнайды. Еңбегім ескерусіз емес, бастысы – таңдаған мамандығыңды жақсы көруің керек, – дейді тәжірибелі медбике Ирина Бабинова.
Іс-шара мерекеге орай ұйымдастырылған “Талантты медбике – барлық қырынан талантты” атты байқауға ұласты.
Жайна ШЕРНИЯЗОВА.
СУРЕТТЕ: №2 емхананың директоры Ж.Әбілев ардагер медбике С.Қалиеваны марапаттауда.