«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бизнесті қолдаудың тың тетігі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық кәсіпкерлер палатасы бизнесті қолдаудың жаңа тетігі – “Мен кәсіпкермін” жобасын қолға алды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен кезекті баспасөз мәслихатында палата қызметкерлері шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдау көрсетудің мақсаттары мен міндеттері туралы баяндады.

“Мен кәсіпкермін” жобасы – қаржылық емес қолдау тетігі. Жаңа құрал кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарына арналған Ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылмақ. Қолдау үш бағытта жүргізіледі. Облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Әсел Самаратованың айтуынша, “Кәсіпке бағыт” кәсіпкерлік әлеуетті арттыру құзыреттіліктерін үйретіп, салалық кәсіптерді оқытады. Екінші бағыт – әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы. Бұл – кәсіпкер әйелдерді қаржылай емес қолдау алаңы. Үшінші бағыт – “Бір ауыл – бір өнім” жобасы. Оның мақсаты жергілікті өнімнің сапасын арттыру, брендтер құру, маркетингті жетілдіру, нарықтағы құндылықты арттыру болып табылады.

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы арқылы әйелдер жеті қызмет түрін пайдалана алады. Оның ішінде кәсіп пен бизнеске, дәстүрлі қолөнер түрлеріне бейімдеу, тәлімгерлік сүйемелдеу, бизнеске қаржы тарту тетіктері мен халықаралық жобаларға қатысу мүмкіндіктеріне ие болу, бизнес-шолуға тапсырыс беру, сондай-ақ “Бір ауыл – бір өнім” жобасының қатысушысы атануға болады.

– Біздің қызметімізге бейіндік оқыту бойынша әйелдер көп жүгінеді. Бүгінде қызметтің бұл түріне 114 өтінім келіп түсті. Тәлімгердің сүйемелдеуі немесе жетекшілік қызметті бизнесі бар, кәсіпкер ретінде кем дегенде екі жыл жұмыс істейтін әйелдер пайдалана алады. 20 өтінім түсіп 8-і іріктеліп алынды, – дейді әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының менеджері Ирина Васильева.

“Бір ауыл – бір өнім” жобасы туралы айтар болсақ, оған кәсіпті енді бастаған, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер де қатыса алады. Бұл – жапондық тетік. Жоба өңірдегі ерекшеліктерді ескеріп, жергілікті ресурстарды қолдана отырып, бірегей жергілікті өнім шығару үшін ауыл тұрғындарының кооперациясын көтермелеуге бағытталған. Қазіргі уақытта осы жобаға қатысу үшін 12 өтінім қабылданған.

“Кәсіпке бағыт” тетігінде қатысушылар өздерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттыру үшін сарапшы мамандардың тегін оқытуларына қатыса алады. “Оқытуда барлық қызмет түрі қамтылады. Кәсіпкерлер өз бизнесі үшін жаңа бағытты үйренуге мүмкіндік алады. Оқыту онлайн, офлайн режімінде өтеді. Оқытудан кейін қатысушыға арнайы сертификат пен сарапшының қолдау құжаты беріледі”, – деп атап өтті аталған бағыт бойынша менеджер Жанар Оразалинова.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы қаржылай емес қолдау шаралары бойынша жылдың басынан бері 207 кәсіпкерге – 212, ал 611 адамға ақпараттық-сараптамалық мәндегі 3191 қызмет көрсеткен.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp