Ғалия МАЛДЫБАЕВА,
61 жаста.
Аялдама. Кісі қарасы қалың. Ерсілі-қарсылы жүрген автобустарға жолаушылардың бірі отырып, енді бірі межелеген мекенжайларына түсіп жатыр. Мен сарыла күткен көлік әлі жоқ. Сегіз жылдан бері кездеспеген сыныптасымның “жарты сағаттан соң автобуспен жетемін” дегеніне есім шығып, ерте келіп қойдым ба екен? Ұзақ тұрдым. Екі көзім қоғамдық көліктерден асығыс түсіп жатқан жолаушыларда. Кенет арқа тұсымнан әлдебіреу қапсыра құшақтай алды. Анар шығар деп жалт бұрылдым. Ол емес. Кескін-келбеті келіскен жас келіншек құдды бір менің туған сіңілімдей екі бетімнен шөлпілдетіп сүйіп те үлгерді.
– Кешіріңіз, сіз мені біреумен шатастырып тұрған сияқтысыз. Кім боласыз? Мен сізді танымай тұрмын, – дедім сұраулы жүзбен.
Ол болса менің бұл сауалдарыма дәнеңе деп жауап қайтармады. Кеуде тұсымды қысып құшақтаған күйі тұра берді, тұра берді. Бірнеше минут үнсіздіктен кейін:
– Сіз Ғалия Ғалымқызысыз ғой, иә? – деп қарсы сауал қойды.
“Иә” дегендей емеурін танытып, басымды изедім. Оның: “Мен ғой Гүлнар. Сіздің мені ұмытып кететініңізді әу баста білгенмін. Алайда мен сізді есімнен шығарған емеспін. Балалар ауруханасындағы Гүлнармын ғой. Сіз жетімдер үйіне өтіп кетуден сақтап қалған ұлымның жасы бүгінде жиырма бірде. Жақын арада үйленіп, бақыт құсын қолына қондырғалы жатыр. Бұйыртса, келінді боламын. Немере сүйетін күн де алыс емес сияқты. Өмірдің осындай шуақты сәттеріне жеткізгені үшін бірінші Аллаға, сосын өзіңізге қарыздармын”, – дегенінен кейін ғана әлгі келіншектің кім екені, қайда танысқанымыз есіме сап ете түсті.
– Гүлнар екенсің ғой, қарғам, мен сені қалай ұмытайын? Есімдесің. Түк өзгермепсің. Әлі сол, қос жанарың тостағандай, аққұба жүзді әдемі қалпыңдасың, – деп ағымнан жарылдым. Біз аялдама маңында бір-бірімізді қимай ұзақ тұрдық. Гүлнар басынан өткерген қиындықтары, қазіргі жағдайы туралы айтты. Бәрінен бұрын ұлының ержеткеніне, жоғары оқу орнын тамамдап, өзі жан-жүрегімен қалаған мамандық иесі атанғанына дән риза. Біздің әңгімеміз тұла бойы тұңғышы – Айдынның кішкентай кезіндегі тәп-тәтті қылықтары тақырыбына ауысқанда, жолдың оң жақ жиегіне сұр түсті көлік тоқтай қалды. “Темір тұлпардың” тізгінінде отырған жігіт: “Анашым, көлікке тездетіп отырыңыз, әйтпесе, кешігіп қаламыз”, – деп дауыстады.
Гүлнар мені тойға шақыруды ұмытқан жоқ. “Екі жастың облыс орталығындағы мейрамханалардың бірінде өтетін үйлену тойларының қадірлі қонағы болыңыз”, – деп қолыма бір жапырақ шақыру қағазын ұстатты.
Мынау қуанышы пен қайғысы қатар өрілген өмірде орын алып жататын оқиғалардың барлығы кездейсоқ емес. “Құдайсыз қурай сынбайды” дегендей, ағаштан бір жапырақтың үзіліп жерге түсуінің өзі Алланың әмірімен жүргізілетіні ай туғандай ақиқат қой. Бүгінгі кездесу де бекерден-бекер орын алған жоқ. Осыдан жиырма бір жыл бұрынғы оқиға көңіл көкжиегіне қайта ұялағандай, ұзақ уақытқа дейін ойымнан шықпай қойды. Шіркін, уақыт, не деген жылдам едің? Ақан серінің Құлагерінен де жүйріксің-ау. Сынап сияқты сырғып өте шығасың. Күні кеше ғана жөргекте шырылдап жатқан шарана еді. Бүгінде…
…1983 жыл болатын. Мен ол кезде облыстық балалар ауруханасында заңгер-кеңесші болып жұмыс істеймін. Аптаның алғашқы жұмыс күні басталғанда мені емдеу мекемесінің бас дәрігері кабинетіне шақырып алды. Әлденеге алаңдап тұрғандай көрінді, көңілі ұйқы-тұйқы, байыз табар емес.
Әдетінше қаламсабын қолына алып, үстелінің оң жақ бұрышын тықылдатты да:
– Ғалия Ғалымқызы, орындыққа жайғасыңыз, сізбен ақылдасатын бір шаруа бар, – деді сөзін жалғап. – Күні кеше ауруханаға он бес күндік сәбиі бар бір келіншек жатқызылды. Облыс орталығындағы перзентханада босаныпты. Сәбидің арқа тұсына қызыл бөртпелер шығып кеткені болмаса, жалпы денсаулығы жаман емес. Байғұс қыздың Қызылжарға оқу оқимын деп келген беті екен. Ойнақтап жүріп от басыпты. Аяғы ауыр болып қалған. Нәрестесін ата-анасының үйіне апарайын десе ұялады, жігіт Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге кеткен көрінеді. Сәбиін өз еркімен ауруханаға тастап кеткісі келеді. Ұл бала екен. Жетімдер үйіне өткізу үшін құжаттарын реттеу қажет. Келіншекті сіздің кабинетіңізге жіберейін. Өзіңіз жақсылап сөйлесерсіз. Қажет болған жағдайда заңдық тұрғыдан кеңес бергеніңіз жөн.
Таң атпастан осындай жағымсыз жаңалықты естіген мен бас дәрігерге не айтарымды білмей, үстіме біреу суық су құйып жібергендей, қабырғаны жағалай ұстап, жұмыс орныма әрең жеттім… Алдымда қазақтың бой десе бойы бар, шашын бір бұрым етіп өріп алған, көздері дөңгеленген, қарлығаштың қанатындай қиғаш қасты, сұп-сұлу қызы отыр. Есімі – Гүлнар екен.
Ол орта мектепті жақсы бағамен тамамдапты. Ауылдан арман қуып қалаға келген. Мақсаты – жоғары білім алып, ізін өкшелеп келе жатқан бауырларының қанаттануына жәрдемдесу. Алыстағы ата-анама қол ұшын созсам, тұрмыс-тіршіліктеріне қарайлассам деген мақсаты тағы бар. Өрімдей қыз университеттің бірінші курсында оқып жүріп жасы өзімен шамалас, “ит көйлекті” бірнеше ай бұрын тоздырған жігітпен көңіл қосады. Екеуі махаббаттың отына күйіп, буына мас болып жүргенде жігітке әскерден шақырту келеді. Ол кезде тәртіп қатал. “Ата-анамды асырап отырған жалғыз ұл едім”, “студентпін” деген сияқты сылтаулар айтылмайды. Сарбазды туыстарымен, дос-жарандарымен жақындастыратын жалғыз дүние – хат қана. Оның өзі айшылық алыс жерлерге апталап әрең жетеді. Содан не керек, он тоғыз жастағы бозбала Отан алдындағы борышын өтеу үшін Ресей астанасы – Мәскеуге аттаныпты. Гүлнар болса аяғының ауыр екенін кейін білген. Тоғыз ай бойы құрбы-құрдастарының пәтерлері мен жатақханаларында бұйығы күйде ғұмыр кешкен ол жүрегін жарып шыққан сәбиін жетімдер үйіне бергісі жоқ. Бірақ анасына оң жақта отырып балалы болғанын айтуға батылы жетпейді, нәрестесін ағайындары мен туыстары түгел шоғырланған ауылға апаруға бата алмайды. Университетте оқу оқып жүр деген қызының оң жақта отырып нәрестелі болғанын білсе ата-анасының халі не болмақ.
“Кемшіліксіз пенде болмайды ғой. Жаратушымыз ғана мінсіз. Иә, жаңылдым, жаза бастым. Сол үшін өзімді кінәлаумен келемін. Бұл менің өмірімдегі ең үлкен қателік болды. Сәбиімді жетімдер үйіне тапсырсам жағдайым жақсы арнаға бұрылады деп айта алмаймын. Бірақ басқа амалым жоқ. Елге, жұртқа, ағайынға не бетіммен қараймын?” – деп еңірей жылап, етегін жасқа толтырды. Көз алдымда көз жасын көл етіп отырған қазақтың қарапайым қара қызының жағдайына бейжай қарай алмай, бауырыма бастым. Бетін жуған жасын орамалмен сүртіп, өзімнің бөтен емес екенімді, оны кінәламайтынымды түсіндірдім.
Кез келген ата-ана қызының бақытты болғанын, өзге босағаны ар-намысымен, абыройымен аттағанын қалайды емес пе? Үлбіреп өсірген қызғалдақтай қыздары тұрмысқа шықпай жатып, дүниеге сәби әкелсе, біз бұл жайтқа кімді кінәлаймыз? “Ауруда шаншу, сөзде қаңқу жаман”. Мұндай сорақылықты естіген ананың да, әкенің де күйік пен шерден жүректері шемен болып, қайғы жұтпай ма? Үлбіреген аппақ арман – аянышқа, тас қабырға – тастай қатты таянышқа айналмай ма? Сол үшін де халқымыз қызды қырық үйден тыйған. Өссе елдің көркіне айналатын бойжеткенін жалғыз-жаяу жүргізбеген, біреудің үйіне қондырмаған. Болар іс болды, бояуы сіңді. Өткен күндердің дөңгелегі кері бұрылмайды. Өкси берудің, өкіне берудің қажеті жоқ. Менің бұл ішкі ойымды түсінді ме, Гүлнар одан сайын ашыла, тіпті маған жақындай түсті. Әңгіме арасында:
– Әлгі жігітті шынымен жақсы көресің бе? – деп сұрадым. Ол басын изеді.
Іле:
– Ғалия тәте, арамызда сезім болмаса осындай жағдай орын алар ма еді? Оның да маған деген көңілінің таза екеніне иланамын. Біз екеуміз де шалыс бастық, – деп жалғады әңгімесін.
“Адам – сөйлескенше” деген тәмсіл бар ғой. Гүлнардың сыртқы бейнесіне қарап, ішкі жан дүниесіне үңіліп, оны жеңілтек, болашағын ойламайтын қызға ұқсата алмадым. Сөзі де орнықты. Сыпайылығы да ұнады. Болған іске қатты өкінетінін жанарынан аққан ыстық тамшылар арқылы байқатып қояды. Жанын жегідей жеген арудың жүрегін жаралағым келмей:
– Саған қояр соңғы сауалым бар. Айналайын, Гүлнаржан. Сәбиіңді жетімдер үйіне өткізуге келісесің бе? – дедім. Ол жұлып алғандай қатқыл үнмен: “Жоқ”, – деді. “Ешкімге бергім келмейді. Ешқайда өткізгім келмейді. Жетімдер үйіне жіберсем бейкүнә баламның алдағы тағдыры не болмақ? Бірақ… бірақ…”, – дей берді. Дәл сол сәтте бізде екі таңдау болды: бірі әскерге кеткен әкеге сәбилі болғанын жеткізу болса, екіншісі – нәрестені балалар үйіне өткізу үшін құжаттарын әзірлеу. Өмір есігін ашпай жатып сынаққа тап болғалы тұрған шақалақтың көз жасына қалудан қорықтым.
Ол уақыт – діңгегі ешқашан құламайтындай болып көрінген кеңес одағының гүрілдеп тұрған шағы. Қазақтың жігіттері Отан алдындағы борышын өтеу үшін он бес мемлекеттің кез келген бұрышына жіберіледі. Гүлнар жігітінің Мәскеуге аттанғанын білсе де, нақты қандай бөлімде екенінен хабарсыз болып шықты. Хат алыспаған.
Келесі күні әскери комиссариатқа, бөлімдер мен өзге де мекемелерге сұрау салып, әлгі жігіттің қайда жүргенін біліп алдым. Ол әскери борышын өтеп жүрген бөлімнің бастығына облыстық балалар ауруханасы бас дәрігерінің атынан хат жаздық. Бір жапырақ қағазға оқиғаның жай-жапсарын сыйғызуға тырыстық. Арада жеті күн уақыт өткеннен кейін “Руслан Алданазаров (есімі өзгертілді) туған жеріне он күндік демалысқа жіберіледі”, – деген жауап келді. Ол пойыздан түсе салысымен, ешқайда ат басын бұрмастан ауруханада ем-дом алып жатқан Гүлнар мен сәбиіне қарай бет алыпты. Көркіне көз тоятын жігіт. Менің кабинетімде отыр екен. Екеуі кездесті, ұзақ әңгімелесті. Жігіттің сәбиін алғаш көргендегі сезімін тілмен жеткізіп айту қиын. Үшеуміз де жылап жібердік. Ақын Исраил Сапарбай бір өлеңінде:
“Жайымды айтсам жасырмай,
Жағдайым менің осындай.
Жаным-ау менің мөлт еткен,
Бір тамшы көздің жасындай.
Пейіл де бермей, бездірмей,
Көлденең жанды көзге ілмей.
Өзгеше күйді мендегі,
Көзімнен жаным, сездің ғой.
Ләззатың болса шекердей,
Қайғың да маған жетердей.
Күрсінген сайын жүрегім,
Кеудемнен шығып кетердей”, – деп жырлапты ғой. Бір-бірлерін жанарларына қарап түсініскен екі жасқа қарап отырып, ішімнен “бақытты болыңдаршы, балапандарым!” деп тілей бердім.
Екі күннен соң Руслан Гүлнар мен нәрестесін ауруханадан шығарып алды. Маған бір бума гүл әкеліпті. Бүгіннен қалмай Алланың алдында некесін қидыратындарын, ата-анасы құдалықтың жай-жапсарын ақылдасып жатқанын айтты.
…Терең ойдың тұңғиығына батып кетіппін. Анадайдан “Ғалия, Ғалия” деп айқайлаған Анардың автобустан түскенін аңғармай қалдым…
Дайындаған
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.