Ташкентте бокстан өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте екінші орынға жайғасты. Финалда өнер көрсеткен бес отандасымыздың төртеуі алтыннан алқа тағынса, бір спортшы күміс жүлдегер атанды.
Ақтық сынның бірінші финалында 48 килограмның үздігін анықтау мақсатында шаршы алаңға қазақстандық Санжар Тәшкенбай шықты. Отандасымызға грузиялық Сахил Алахвердови қарсылас атанды. Үш раундтың қорытындысы бойынша ұлттық құраманың 19 жастағы боксшысы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ал 2021 жылғы Белградта өткен әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан бұл жолы да финалға шықты. Шешуші жекпе-жекте “қазақстың Ломоченкосы” ринг қожайыны Ойбек Джураевпен күш сынасты. 21 жастағы былғары қолғап шебері үшінші раундта өзбекстандық қарсыласын 2 мәрте нокдаунға жіберіп, төрешілердің бірыңғай шешімімен алтын медальға қол жеткізді.
67 килограмда өнер көрсеткен Дулат Бекбауов финалда сүрінді. Қазақстандық боксшы жарыс иесі Асадходжа Муйдинхожаевтан жеңілді. Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергенов 71 килограмм салмақта топ жарды. Финалда отандасымыз өзбекстандық Саиджамшид Джафаровты тізе бүктірді. Нұрбек Оралбай 80 килограмм дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей тағы бір мәрте әнұранымызды шырқатты. Отандасымыз шешуші жекпе-жекте Қытай атынан сынға түскен этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатқанды ұтты.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.