«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

УӘДЕ – ҚҰДАЙ СӨЗІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мұсылман үшін асыл қасиет, имандылықтықтың нышаны – уәдеге берік болу. Өкініштісі сол, қазіргі уақытта бұл асыл мінез көп адамдардың бойынан табыла бермейді. Уәденің жоғалуынан адамдардың сөзіне, амалына күмәнмен қарап, істің орындала­тынына толық сенім арта алмағандықтан альтернативті шешімді қарастыратын заманға жеттік.

Біріншіден, біз өзгеге емес өзі­міз­ге берген уәдені орындамаймыз. Өмі­рімізді жақсы жаққа қарай өзгертеміз деп өзімізге қанша мәрте уәде бердік? Рухани, материалдық тұрғыда дами­мын деп неше мәрте мақсат қойдық? Бірақ өмірдің біраз белесінен ассақ та, өзімізге де, өзгеге де пайда келтіріп жатқанымыз шамалы.

Екіншіден, қоғам алдында берген талай уәделеріміз орындалмай, адам­дардың алдында абыройымыз төгіл­ді. Ақыры қоғам сенімінен шыққаны­мызды байқамай қалдық.

Үшіншіден, отбасымыздың ал­дынд­а да уәдемізде тұрмаған кездеріміз аз емес. Ата-анамыздың алдында уәде бергіш ұл, бала-шаға, жұбайымыздың алдында айтқан сертін орындамайтын әке атанып кеткеніміз қа­шан?

Ең маңыздысы Жаратушының ал­дында берген уәделеріміздің орындал­мауы – нағыз опасыздықтың белгісі. Қоғамды жақсылыққа шақырамын, жамандықтан тыйыламын, мұсылманның бес парызын орындаймын деп уәде беріп, Алланың сансыз нығметтерін сезе тұра, біле тұра әлі күнге дейін сол үлкен уәдемізді орындай ал­май жүрміз. Алла тағала құлдарына уәдеде тұрудың маңыздылығын қатаң түрде ескертеді. Құран Кәрімде: “Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады” (“Исра” сүресі, 34-аят.), – де­лінген. Жәннатқа кіруге лайықты бол­ған сипаттың бірі – өмірде сертте тұру. Ол жайында Құран Кәрімде: “Тағы олар сондай аманаттарын, уәделерін сақтаушылар” (“Мағариж” сүресі, 32-аят), – деп жәннат тұр­ғындарын сипаттаған. Алла Тағала өзінің сүйікті, тақуа құлдарын сипат­таған кезде олардың серттеріне берік екендіктерін мына аятта атап өткен: “Өзара байласқан уәдесін орындау­шы, таршылықта, қиыншылықта және соғыс кезінде сабыр етуші болса, міне солар шыншылдар әрі тақуалар” (“Бақара” сүресі, 177-аят).

Уәдеде тұру қасиеті барлық пай­ғамбардың бойында кездескен. Алла Тағала Исмайыл пайғамбар жайын­да: “Сонымен қатар бұл кітапта Ис­майыл жайлы да сөз қозға. Шүбәсіз ол уәдеге берік жан еді. Елші әрі хақ пайғамбар еді” (“Мәриям” сүресі, 54-аят.), – деді. Адамзаттың ардақтысы Мұ­хаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) мүбәрак хадисінде уәдеге берік болу керектігі жайында: “Маған бес нәрсе­ге кепілдік берсеңдер, мен сендердің жәннатқа кіретіндеріңе кепілдік бере­мін: Сөздеріңе берік болыңдар, уәде­леріңде тұрыңдар, аманатты қайта­рыңдар, ұятты жерлеріңді сақтаңдар, көздеріңді төмен салыңдар, қолда­рыңа ие болыңдар” (Ахмад хадистер жинағы), – делінген. Уәдеде тұрмай­тын адамдарды Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) екі жүзділер санатына кіргізген. Бұған қатысты бір хадисте: Мұнафиқ­тың белгісі үшеу, егер сөйлесе өтірік айтады, уәдесін орындамайды, ама­нат қылынса, қиянат жасайды (Бұхари хадистер жинағы), – дейді. Пайғам­ба­рымыз (с.ғ.с.) өмір сүрген заманның тарихына үңілсек, азғындықтың небір түрлері етек алған кезең еді. Әділ­діктің иісі де сезілмейтін. Адамды ал­дау, аманатқа қиянат жасау, уәдеде тұр­мау, тағы басқа зұлымдықтар кең етек жайған болатын. Алла Елшісі (с.ғ.с.) сол қоғамның ішінде өзінің бойындағы уәдеге беріктік қасиеті­мен, тіпті Пайғамбарлық келмей жатып танылды. Мекке халқы оны “Му­хаммадул Әмин”, – деп атап кеткен. Кейін осы сипат 40 жасында пайғамбарлық келіп, Ислам дінін таратпақ болғанда да мүшриктердің “бәлкім рас айтады”, – деп “күмәндануына” се­беп болған. Оған мына оқиға куә: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір күні Сафа тауының басына шығып:

– Ей, Құрайыш қауымы! Мен сендерге мына таудың артында дұшпан әскерінің келе жатқанын айтсам, сенесіңдер ме? – деп сұрайды. Сол жерге жиылғандар бірауыздан:

– Иә, сенеміз. Өйткені сен бір рет болса да жалған сөйлеген адам емес­сің, – дейді. Кейін Алла Елшісі:

– Онда мен сендердің Алладан жіберілген Елшімін, – деп сөзін жал­ғастырып, миссиясын баяндайды. Сол кезде мүшриктер іштей Пайғам­ба­рымыздың (с.ғ.с.) сөзі хаққа жанасатынын мойындаса да, нәпсілерімен келіспеді.

Хадиша анамыз да (р.а.) Алла Ел­шісіне (с.ғ.с.) ең алғаш уахилар келе бастап, қорқып, күдіктеніп, жүрегі ты­ныштық таппай жатқан кезде жұбату айтып, былай деген: “Қорқып, үрейленерлік ештеңе жоқ. Уайымдама, Аллаға ант етейін, Ол сен сияқты құ­лын ұятқа қалдыра қоймас. Өйткені, сен әрқашан шындықты айтасың. Ама­натқа қиянат жасамайсың. Туған-туыстарыңмен сәлемің түзу, қабағың ашық. Көршілеріңе мейірімдісің. Ке­дейлерге қол ұшын беріп, мүсәпірлер­ді үйіңнің төріне шығарып, оларды құтты қонақтай күтесің. Халқың қиындыққа душар болғанда, жәрдеміңді аямайсың. Уаллаһи, сені бұл үмбеттің пайғамбары болар деп үміттенемін”.

Сахабалардан Абдуллаһ ибн Әбүл-Хамса (р.а.) Исламға дейінгі кезеңде Пайғамбарымызбен сауда-саттық жасасқаны турасында мына бір оқиғаны әңгімелеген:

“Хазірет Пайғамбармен сауда жа­сасып, оған біраз қарызданып қалдым. Мұрсат болса, кейінірек төлегім келетінін айттым. Ол кісі өтінішімді жерге қалдырмады. Бірақ берген уәдемді ұмытып кетіппін. Арада үш күн өткен еді. Есіме түсіріп, уәделескен жерге барғанымда, Алла Елшісі­нің сол орыннан тапжылмай мені күтіп тұрғанын көрдім”.

Осы тағылымды оқиғалардан аңғаратынымыз, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) уәдеге берік болғандығы. Со­нымен қоса, әрбір мұсылман білетін оқиғаны – Византия патшасы мен Әбу Суфиянның әңгімесін бір еске түсі­рейік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Ислам дінін тарату кезінде көрші мемлекет­терге хат жолдайды. Сол хаттардың бірін Әбу Суфиян Византия елінің патшасы Гераклге жеткізген болатын. Хатты оқып болған Геракл Әбу Суфияннан Алла Елшісінің (с.ғ.с.) бойындағы ерекшеліктерін сұрайды. Оның “Уәдеден тайқып, сертін бұзғанын көргендерің бар ма?” – деген сауалына Әбу Суфиян:

– Жоқ, бүгінге дейін болған емес, – деп жауап береді.

Дана бабаларымыз артына “Ер жігіттің екі сөйлегені өлгені, емен ағаштың иілгені сынғаны”, – деп өмір­шеңдігін жоймайтын сөз қалдырған. Уәдеде тұрудың маңызды екенін біз ұрпақтарымызға отбасында, дастар­қан басында жиі айтуымыз керек. Ол айтылмағаннан кейін ата-анасы ал­дындағы парызын ұмытқан жігіттер, некелі жарының алдындағы уәдесіне жүрдім-бардым қарайтын ерлі-зайыптылар көбеюде. Жоғарыда айтылған хадистер мен тарихтан алынған ма­ғыналы мысалдар оқыған жанның жү­регіне сәуле құярына сенеміз. Уәдемізге берік болайық бауырлар!

Хамзат ӘДІЛБЕКОВ,

облыстық “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp