«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шекара шебіндегі ауылдарға ерекше қамқорлық қажет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Жамбыл ауданында болып, Ресеймен шекаралас ауылдардың жағдайымен танысты.

Өңір басшысымен кездескен Буденное ауылының тұрғындары елді мекендегі өзекті мәселелерді ортаға салды. Олар ауылішілік жолдарды жөндеу қажеттігін айтты. Сондай-ақ тұрғындарды ауызсу, автобус қатынасы, мәдени-демалыс орындарының жоқтығы алаңдатып отыр.

Ауылдықтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдаған өңір басшысы тұрғындарға барлық мәселелер оң шешілетінін жеткізді. Санация әдісімен су тарату желілерін тартуға және орталық көшеге асфальт төсеуге бюджеттен қосымша қаржы бөлінеді.

– Өткен жылы Буденное ауылына кіреберіс жол жөнделді. Біз ауылішілік жолдарды қалпына келтіруді жоспарға енгіздік. Сондай-ақ биыл санация әдісімен су тарату желілері салынбақ. Мектепке күрделі жөндеу жүргізілді, дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Автобус қатынасын бір жолға қойып, тұрғындардың бос уақытын пайдалы өткізу үшін демалыс орындарын ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Ауылдарды, соның ішінде шекара маңындағы елді мекендерді дамыту бағытындағы кешенді жұмыс жалғасады, – деді Айдарбек Сапаров.

Өңір басшысының айтуынша, автобус қатынасын ұйымдастыру үшін тасымалдаушыға субсидия беру қарастырылған. Ауылдағы бос тұрған ғимарат жөнделіп, ол алдағы уақытта мәдени-демалыс орталығына айналмақ.

Содан кейін облыс әкімі Жамбылдағы әлеуметтік нысандарды аралап, аудандық ауруханадағы күрделі жөндеу жұмыстарымен, шекара бекетінің құрылысымен және егіс науқанының барысымен танысты.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp