«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Міндетіне салғырт мердігерлер бар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен танысқан облыс әкімі Айдарбек Сапаров іргелес аумақтарды абаттандыру жұмысына да баса назар аударды. Бірқатар мердігердің жұмысына көңілі толмаған өңір басшысы өзіне жүктелген міндетті сапалы орындамаған компаниялармен келісімді бұзу керек екенін атап өтті.

Өңір басшысы ең алдымен “Жас өркен” шағынауданындағы Горький көшесінде салынып жатқан үйдің құрылыс алаңында болды. 2021 жылдың маусым айында құрылысы басталған нысан әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген. Мұнымен қоса құрылыс жұмысына жауапты компания тиісті аумақты абаттандыруға да кіріспепті. Өңір басшысы тұрғын үйді 15 маусымға дейін қолданысқа беруді тапсырды.

– Құрылыс жұмысы толығымен аяқталмаған. Абаттандыру жұмысы басталмаған. Нысанда қазір 25 адам еңбек етіп жатыр. Алдарыңызға нақты міндет қойылғандықтан, жұмыс та кестеге сәйкес жүруі керек, – деді Айдарбек Сейпілұлы.

Келесі үйге қатысты конкурс 2022 жылдың қаңтар айында өткенімен, құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін басталмаған. Дегенмен мердігер үйді жылдың аяғына дейін тапсырамыз деп сендіріп отыр. Тиісті материалдар сатып алынды, техника дайын тұр. Жұмыс жер үйлердің уақтылы бұзылмауы салдарынан кешеуілдеген көрінеді. Осы ретте өңір басшысы құрылыс алаңы дайын болғаннан кейін ғана конкурс жариялап, мердігер компанияны анықтау керек екенін айтты.

Уәлиханов көшесіндегі жаңа үйлердің аулалары да алқам-салқам. Дәл осы көрініс “Береке” шағынауданындағы құрылысы аяқталған үйлерге де тән. Облыс әкімі тұрғын үйлер бойынша барлық шарттарды қайта қарастырып, қажет болған жағдайда мердігермен арада жасалған келісімді бұзу керектігін айтты. Содан кейін басқа құрылыс компаниясы іздестіріледі.

Самал ЖҮНІСОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp