Бүгінде айналысамын дейтін жанға кәсіптің түр-түрі бар. Тіпті жаңа шыққан кей мамандықтардың атын жаттап үлгермей жатамыз. Еңбек нарығының есігін ашып қалсаңыз, табыс табудың сан жолын көріп, таңдай қағасыз. Өміріміздің әр саласындағы үлкен өзгерістер жаңа мамандарға сұраныс тудыруда. Сол сұранысқа сай келіп жүрген жастар да аз емес.
Ұл-қыздардың арасында баяғыдай дәстүрлі мамандықтардың жалынан ұстап, бар өмірін сол салаға арнауға бекінетіндер сирек. Олардың бір бөлігі жаңа заман игіліктеріне иек артып, арнайы білімсіз де өзіне керекті ақшаны табуға қабілеті жетеріне сенеді. Қандай жаңашылдықты болсын тартынбай қабылдап, оның көшіне ілесе алатын кейінгі буынның бұл әрекеті құптарлық. Бір әттеген-айы жастар арасында осы күні лайықты жұмыс іздегенде жан-жаққа сұрау салып, табандылық танытатындар аз. Қазіргі замандастарымыздың таңдауы көбіне уақыты ыңғайлы, тәртібі жеңіл онлайн жұмыстарға түседі. Ғаламтордың менмұндалаған мүмкіндіктері “менмін” деген қыз-жігіттерді өзіне тартып, қашықтан жұмыс істеуге деген ниетін арттыра түсуде. Ондай онлайн қызметкерлер ел қатарлы таң сәріден жұмысқа барып сарсаңға түспейді, оның орнына саусағын смартфонға жүгіртіп, сайттарды шарлайды. Ала таңнан қара кешке дейін алқынып ауырды көтермейді, аккаунттарды аралап, арғы жақтағы ағайынмен жұмыс істейді. Сондықтан да жастың бәрі “қолайлы жұмыс тәртібі”, “онлайн табыс” деп жарнамасы жер жарған жұмыстарға баруға бейім. Ғаламторды ашып қалсаң алдыңнан жарқ етіп көрінер көп жарнамаларда жазылған ақпарат қаншалықты рас? “Қолайлы жұмыс тәртібінің” артында қол босатпас жұмыс, уәде еткен миллиондардың орнына мардымсыз табыс күтіп тұрған жоқ па?
Хабарландыруларды парақтай қалсаңыз, қашықтан істелінетін жұмыстың небір түрін кездестіресіз. Ондағы тізім ғаламтор арқылы бала оқытудан басталып, тапсырысқа мәтін жазу, сауда орындарының парақшаларын жүргізу болып жалғаса береді. Бастысы соған бөлер уақытыңыз бен әлемжеліге қолыңыз жетіп тұрса болғаны. Деректерге сүйенсек, ондағы онлайн жұмыс берушілердің де үлесі артып келеді. Осы күні еңбек нарығындағылардың он пайыздан астамы жұмысты қашықтан істейтін қызметкер іздейді екен. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш арта берері сөзсіз. Елдегі үйде отырып табыс табатын жастардың көбі саудамен айналысады. Осылайша ғаламтор платформалары арқылы сатылатын тауардың үлесі 20 пайызға жетіп отыр. Жалпы халықтың үштен бірі ғаламтор арқылы табыс табуды таңдайтын көрінеді.
Ал жастардың біразы бұл салаға қосымша табыс көзі ретінде қарайды. Кейінгі буын өкілдері онлайн жұмысты негізгі қызметпен, оқумен қатар алып жүр. Солардың бірі, қала тұрғыны – Айжан Бауыржанқызы. Ол оқыту орталықтарының бірінде оқушыларға қосымша білім береді. Айтуынша, қай жұмыстың болсын жеңілі жоқ.
– Егер бос уақытыңыз, қабілетіңіз болмаса, жай ғана ғаламторда уақыт өткізгеніңіз үшін ешкім ақша төлемейді. Онлайнға да дәстүрлі жұмыстағыдай күш-жігеріңізді жұмсамасаңыз, мардымды табыс таба алмайсыз. Мен балаларға қашықтан сабақ беріп, оларды ҰБТ-ға дайындаймын. Ондағы жалақы ел ойлағандай көп емес. Сондықтан бұл іске тек қосымша табыс деп қараймын. Меніңше, мұндағы бар артықшылық, алыстан жұмыс істеу мүмкіндігі ғана. Әйтпесе жүктеме әдеттегіден аз емес, – дейді Айжан Бауыржанқызы.
Айжан сияқты жастарымыздың басқа салаларда да аз емес екені анық. Әсіресе онлайн сауданы дөңгелетіп жүргендер көп. Олардың жұмысы нарыққа өз әсерін тигізуде. Елімізде биыл керегін интернет дүкендерден алатындардың үлесі 20 пайызға жеткен.
Сөз арасында кейіпкеріміз өзінің ғаламторда жұмыс істеу барысында әлденеше рет аузы күйгенін жасырмады. Кейде желінің арғы жағындағылар берген уәделерін ұмытып, қашықтағы қызметкерге ақы төлеуден жалтарып жатады екен. Заңгерлер де мұндай жұмыс түрін таңдаған кезде сақ болу керектігін айтады.
– Қолданыстағы заңнамада мұндай жұмыс ерекше еңбек процесі деп көрсетілген. Оған түрлі мекемелер мен ұйымдардың қашықтан еңбек ететін тұрақты қызметкерлері жатады. Ал жастарымыз айналысып жүрген салаларды негізгі ресми жұмыс емес, фриланс деу дұрысырақ. Сондықтан қауіп-қатері де бар. Мұндай жұмыс түрлерінде қарапайым еңбек шартын жасасу ұмыт қалып жатады. Ондайлар ресми тіркелмегендіктен, бүгінде қанша жастың қашықтан қаржы тауып отырғанын ешкім дөп басып айта алмайды. Менің айтарым, мұндай жұмысты жастар сенімді платформалардан іздеп, күмәнді, көпшілікке аты беймәлім орындардан сақ болғаны жөн, – дейді заңгер Сағидолла Баймұратов.
Ғаламтордағы жұмысқа арнайы білім керек емес, десек те бұл жағынан да бағыт беріп, жөн сілтейтіндер табылып жатыр. Бүгінде табысқа ұмтылған жастарға арнап мәтін жазу, оқушыларға қосымша білім беру, әлеуметтік желідегі парақшаларды рәсімдеу, сауда жасау сияқты түрлі тақырыптағы курстар жетерлік. Тіпті өзгелерге курс сату жөніндегі курстардың саудаланып жатқанын қайтерсіз. Жоғары оқу орнының бір курсын тамамдамаса да осындай курстар арқылы дегеніне жетіп отырғандардың еңбегін жоққа шығара алмаймыз.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.