Петропавлда VI республикалық жазғы спартакиада аясындағы бокс турнирі мәресіне жетті. Бұрымдылар 12 салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтады.
“Жеңіс” балалар мен жасөпірімдерге арналған олимпиадалық резервтегі спорт мектебінде еліміздің үздік боксшы қыздары қолғап түйістірді. Ақтық сынға шыққандар Азия ойындарының жолдамасын сарапқа салды.
– Спартакиадаға еліміздің 19 өңірінен 100-ге тарта боксшы қатысты. Әрқайсысының мақсаты – ұлттық құрама сапына өту. Жеңімпаздар анықталды. Енді олар қыркүйектің 28-і мен қазанның 8-і аралығында Қытайда өтетін Азия ойындарына қатысады, – деді әйелдер боксынан ұлттық құраманың бас бапкері Шамиль Сафиуллин.
Жарыста негізінен Алматы мен Астана қалаларының боксшылары басымдық танытты. Мәселен, алматылықтар Алуа Балқыбекова (48 кг), Назым Қызайбай (50 кг) және Жазира Орақбаева (52 кг) өз салмақтарында жеңіс тұғырына көтерілді. Ал елордалықтар қатарынан Римма Волосенко (60 кг), Аида Әбікеева (63,5 кг), Валентина Хальзова (75 кг) мен Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) алтын медаль тағынды. Шымкенттік боксшылар арасынан Жайна Шекербекова (54 кг) мен Мәдина Нұршаева (70 кг) жеңімпаз атанды. Ақмола облысының намысын қорғаған Карина Ибрагимова (57 кг), қызылордалық Гүлсая Ержан (81 кг) алтыннан алқа тағынды. Солтүстік Қазақстан облысының атынан жұдырықтасқан Наталья Богданова да (66 кг) қарсыластарының алдын орап, жеңімпаз атанды.
Рәна ҚАНАТ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың 3-курс студенті.