«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өңірімізде ат жарысы маусымы ашылды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бәйге десе делебесі қозып, арқаланып шыға келетін ұлтпыз. Қазіргі уақытта жұртшылықтың жүйріктер жарысына деген ықыласы ерекше. Бұған өңірде өтетін аламан бәйгелерге жиылатын қалың жұртшылық дәлел. Жанкүйерлердің қолдауы мен қиқуы шабандоздарға да жігер беріп, алға бастайды. Ұлттық спортымыздың бүгінге дейін сақталып келе жатқанынына халқымыздың осы қасиеті себеп шығар, бәлкім.

Жылдағы дәстүрге сай Қызылжар ауданындағы “Құлагер” ипподромында ат жарысы маусымының ашылуы өтіп, мерекелік шара бәйгеге ұласты. Шара балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ұжымы дайындаған көрсетіліммен басталып, ұлттық ойындарымыз дәріптелді. Қыз қуу, ат үстінен садақ ату шынайы әрі тартысты өтті. Көпшілікке таныс бәйге аттары да алаңға шығып, кезекті рет көрерменді сүйсінтті. Олардың арасында өңір намысын республика деңгейінде қорғап жүргендері де бар екен. Аудан жұртшылығы алаңға көптеп жиналып, мәре-сәре болып жатты. Маусымның ашылуына облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов қатысып, жиналғандарды құттықтады.

– Өңірде ұлттық спорт қанат жайып, дамып келеді. Бүгінде облыста қазақша күреспен шұғылданатын 800 жеткіншек бар. Белбеу күресі, аударыспақ, теңге ілу сияқты спорт түрлерін де жаңғыртып жүргендер аз емес. Кәсіби мамандар үшін “Арғымақ”, “Тұлпар” сияқты клубтарда дайындалуға жағдай жасалған. Бұл біздің шабандоздарға ірі додаларға қатысып, тәжірибе жинауға мүкіндік беруде. Облысымыз ел спортының дамуына өз үлесін қосып отыр, – деді Марат Иманбайұлы.

Бұдан кейін ел ұшқыр бәйге, құнан жарыс, төрт жасар желісті жылқылардың шабысы, үш жасар желісті жылқылардың жарысы мен 13 мың метр қашықтыққа созылған аламан бәйгені тамашалады. Жүйріктердің жарысына бағасын берген төрешілер арғымақтардың күйі келісті екенін айтты.

– Бүгінгі бәйгеге облыстың 13 ауданы қатысып отыр. Шабандоздар жарысқа 65 ат қосты. Аттардың маусымға толық дайын екенін көрдік.

Бұл – ат иелерінің, жаттықтырушылардың, шабандоздардың еңбегінің арқасы. Өткен жылы қыстан кейін жаңа маусымға бейімделу қиын болса, биыл бәрі ойдағыдай өтуде. Жүйріктердің шабысына облыс тұрғындары күзге дейін әлі талай куә болады деп ойлаймын, – дейді бас төреші Ольга Патошкина.

Қызылжардағы ат жарысы маусымы өзге өңірлерге қарағанда кеш басталғанымен, жергілікті команда көктем шыққалы жарыстарға қатысып үлгеріпті. Шабандоздарымыз ересектер мен жастар арасында аударыспақтан, көкпардан республикалық додаларға қатысып келген. Қанжығаларын жүлдемен толықтырғандар да аз емес.

Бескөл ауылында өткен сайыс қорытындысы бойынша аламан бәйгеде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген шабандоздың бағы жанып, Дінислам Мейрамғали жүлделі болды. Құнан бәйгеде де аталған шабандоздың жолы болды. Ал ұшқыр бәйгеде көпке мәлім Дмитрий Волков, жорға жарыста Әлия Асқарова топ жарды.

– Бәйге жылдағыдай қызу өтіп жатыр. Кей аудандардағы қарсыластарымның келе алмай қалғаны өкінішті. Жарысқа ат қосу да оңай емес. Оған лайықты күтім жасап, жаттықтырып тұрмаса болмайды. Бұл жағынан көп жылдық тәжірибем бар. Маусым жаңа ғана ашылып жатыр. Сондықтан сәйгүліктердің жарқылдап көрінер сәті әлі алда, – дейді жарыста топ жарған Аблуали Нурматов.

Бұл күні алаң иесі саналатын Қызылжар ауданының қоржыны да жүлдемен толықты. Әсіресе желісті аттардың жарысында қызылжарлық сәйгүліктер қарсыластарына шаң қаптырды. Жүлделі болғандардың көбі – “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігінің өкілдері баптап отырған аттар. Үстіміздегі жылдың маусым айында ұлттық спорт түрлерінен фестиваль осы ауданда өтеді деп жоспарлануда. Оған дайындық қазірден басталып кеткен. Сонымен қатар жазда Алаштың ардақты перзенті Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына орай ақын атындағы ауданда өтетін аламан бәйге мен көкпарды да ел асыға күтуде.

Ат жарысынан бөлек, маусымның ашылуына орай аудан өнерпаздары сахнаға шығып ән салды. Ал алаң сыртында азық-түлік жәрмеңкесі өткізіліп, арзан бағамен жұмыртқа, ұн, сүт өнімдері саудаланды. Ат әбзелдерінің сатылымы да назарсыз қалмады. Мағжан ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған танымдық көрме де көптің қызығушылығын тудырды.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp