«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛҒА БАРҒАНҒА ҚОЛДАУ ЗОР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мен – “Серпін” және “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасына қатысып, игілігін көріп отырған жас маманмын. Өзім Қызылорда облысының тумасымын. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің тарих факультетін тамамдағаннан кейін “Парасат” мектеп-лицейіне жұмысқа орналастым. Зайыбым Дина да осында әлеуметтік педагог болып қызмет етеді.

Жағдайымыз жақсы, еңбекке деген құлшынысымыз жоғары. Бағ­дарлама бойынша қайтарымсыз жәрдемақы қолымызға тиіп, екі бөлмелі жайлы пәтер алуға 15 жылға 0,01 пайыздық несие рә­сім­дедік. Әрқайсысымызға 240 мың, баспана сатып алуға 4,3 млн. теңге берілді. Ай сайынғы төлем қол­жетімді. Ұлы­мыз Әли өсіп келеді, қазір бір жаста.

Мемлекет тарапынан осындай жеңілдіктер жасалса, жастардың ауылға барамыз деген құлшынысы артары сөзсіз. Мен за­мандаста­рымды кіндік қаны тамып, балалық бал дәурені өткен туған жерлеріне барып, тұрақты еңбек етуге, тұр­ғын­дар санын көбейтуге шақыра­мын. Жасыратыны жоқ, кей­бірі мемлекеттік бағдарлама, жоба­лардың артықшылықтарын білме­гендіктен ауылда тұруды қиын­сы­нады. Осыдан соң бойларында бойкүйездік, енжарлық пайда болып, оның ақыры жаман дағды­ларға ұласады. Қалалы жерлерге қаш­қақтайтыны, ауырдың үстін, же­ңілдің астын қалайтыны сондық­тан. Бабаларымыз “Көз – қорқақ, қол – батыр” деп текке айтпаған. Алаулаған жастық күшімізді еліміз­дің гүлденуіне арнасақ, бәріміз үшін зор абырой. Байқаймын, Қы­зылжар өңірінде “Дипломмен – ауыл­ға!” бағдарламасы шеңберін­де ту­ған жерін түлетіп жүрген жас ма­ман­дардың қарасы артқан сы­ңай­лы. Бұл – жақсы құбылыс. Мұ­ның өзі ел ертеңіне деген сенімді қа­лыптастырары, кегежесі кейін тар­тып, әрі-сәрі күй кешіп жүргендерге үлкен ой салары анық. Хакім Абай “пайда ойлама, ар ойла” деп ес­керткен жоқ па?

“Дипломмен – ауылға!” бағдар­ла­масы бойынша жас мамандарды тарту жұмысы ауданымызда жақ­сы жолға қойылған. Тек былтырдың өзінде 150-ден астам жас жәрдем­ақы алып, жергілікті мек­тептерге орналасқан. 27 мұғалімге баспана бюджеттік несие арқылы рәсімдел­ген. Биыл қатарымыз тағы 90-ға жуық жас маманмен толық­пақ. Облыста 620-дан астам пе­дагог жәрдемақы алған. Ал тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін бюджеттік несие 166 мұғалімге бөлінген.

Қазір “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы қатысушы­ларының жәрдемақысы 241 мың теңгені құраса, болашақта 345 мың теңгеге дейін көбеймек. Осындай тамаша мүмкіндіктерді қалт жібер­меу керек дегім келеді.

Досжан НҰРҚОЖА,

“Парасат” мектеп-лицейінің мұғалімі.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp