Мен – “Серпін” және “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасына қатысып, игілігін көріп отырған жас маманмын. Өзім Қызылорда облысының тумасымын. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің тарих факультетін тамамдағаннан кейін “Парасат” мектеп-лицейіне жұмысқа орналастым. Зайыбым Дина да осында әлеуметтік педагог болып қызмет етеді.
Жағдайымыз жақсы, еңбекке деген құлшынысымыз жоғары. Бағдарлама бойынша қайтарымсыз жәрдемақы қолымызға тиіп, екі бөлмелі жайлы пәтер алуға 15 жылға 0,01 пайыздық несие рәсімдедік. Әрқайсысымызға 240 мың, баспана сатып алуға 4,3 млн. теңге берілді. Ай сайынғы төлем қолжетімді. Ұлымыз Әли өсіп келеді, қазір бір жаста.
Мемлекет тарапынан осындай жеңілдіктер жасалса, жастардың ауылға барамыз деген құлшынысы артары сөзсіз. Мен замандастарымды кіндік қаны тамып, балалық бал дәурені өткен туған жерлеріне барып, тұрақты еңбек етуге, тұрғындар санын көбейтуге шақырамын. Жасыратыны жоқ, кейбірі мемлекеттік бағдарлама, жобалардың артықшылықтарын білмегендіктен ауылда тұруды қиынсынады. Осыдан соң бойларында бойкүйездік, енжарлық пайда болып, оның ақыры жаман дағдыларға ұласады. Қалалы жерлерге қашқақтайтыны, ауырдың үстін, жеңілдің астын қалайтыны сондықтан. Бабаларымыз “Көз – қорқақ, қол – батыр” деп текке айтпаған. Алаулаған жастық күшімізді еліміздің гүлденуіне арнасақ, бәріміз үшін зор абырой. Байқаймын, Қызылжар өңірінде “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы шеңберінде туған жерін түлетіп жүрген жас мамандардың қарасы артқан сыңайлы. Бұл – жақсы құбылыс. Мұның өзі ел ертеңіне деген сенімді қалыптастырары, кегежесі кейін тартып, әрі-сәрі күй кешіп жүргендерге үлкен ой салары анық. Хакім Абай “пайда ойлама, ар ойла” деп ескерткен жоқ па?
“Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша жас мамандарды тарту жұмысы ауданымызда жақсы жолға қойылған. Тек былтырдың өзінде 150-ден астам жас жәрдемақы алып, жергілікті мектептерге орналасқан. 27 мұғалімге баспана бюджеттік несие арқылы рәсімделген. Биыл қатарымыз тағы 90-ға жуық жас маманмен толықпақ. Облыста 620-дан астам педагог жәрдемақы алған. Ал тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін бюджеттік несие 166 мұғалімге бөлінген.
Қазір “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы қатысушыларының жәрдемақысы 241 мың теңгені құраса, болашақта 345 мың теңгеге дейін көбеймек. Осындай тамаша мүмкіндіктерді қалт жібермеу керек дегім келеді.
Досжан НҰРҚОЖА,
“Парасат” мектеп-лицейінің мұғалімі.
Қызылжар ауданы.