Спортқа дарынды балаларға мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледж тәрбиеленушілеріне арналған жатақхана құрылысы былтыр желтоқсан айында пайдалануға берілуі тиіс еді. Алайда оның салыну мерзімі жоспарланған кестеден қалып отыр.
“AMANAT” партиясы облыстық филиалы партиялық бақылау комиссиясының мониторингтік тобы жатақхана құрылысын бақылауды қолға алған. Олар осыдан он күн бұрын нысанға барып, мәселенің мән-жайына қанықты. Құрылыс қарқынының бәсеңдеуіне жұмысшылардың жетіспеушілігі себеп болуда.
Партиялық бақылау комиссиясы анықталған кемшіліктерді тапсырыс берушіге, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына жеткізді. Арада он күн уақыт өткеннен кейін мониторингтік топ өкілдері құрылыс алаңына қайта барып, орындалған жұмыс көлемінде өзгерістер бар екенін көрді.
“Қазіргі уақытта нысанның қасбетін қаптау және дәнекерлеу жұмыстарымен айналысатын 18 адам бар. Мердігер ұйымның өкілі жақын арада құрылыс қарқыны артады деп сендірді. Осы аптаның соңында едендерді құю жұмыстары басталады, содан кейін жұмысшылар толық құрамда ғимаратты безендіруге кіріседі”, – деді партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Александр Зель.
Талапқа сәйкес құрылыс жұмысымен 44 адам айналысуы керек. Бұл мәселені партиялықтар мердігер ұйым – астаналық “International Construction Group” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдеріне бірнеше мәрте ескерткен болатын. Жоспарға сәйкес жатақхана осы жылдың қыркүйегіне дейін толық дайын болуы керек.
Ілияс СӘБДИНОВ,
“AMANAT” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.