Мәдениет және спорт министрлігінің, аудан әкімдігінің, “Көкшетау” мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің және “Ботай” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің қолдауымен Никольское ауылы жанында белгілі тарихшы, ғалым, археолог Виктор Зайбертті еске алуға арналған “Ботай пырағы – 2023” ашық фестивалі ұйымдастырылды.
Иман-Бұрлық өзенінің оң жағалауында орналасқан Ботай энеолиттік қонысына 1980 жылдан бері қазба жұмыстары жүргізіліп, осы аралықта көптеген құнды артефактілер табылды. Бұл аумақта ежелгі адамдар жылқыны алғаш рет қолға үйреткені әлем бойынша мойындалды. Археологтар 15 мың шаршы метрден астам жерді аршып, 100-ден астам тұрғын үй зерттелді, 200 мыңнан астам жәдігер мен ежелгі жануарлардың ондаған мың сүйектері табылды.
Республикалық деңгейде өткен фестивальға Айыртау ауданының, Көкшетау, Астана, Қостанай, Петропавл қалаларының тұрғындары, археологтар, экскурсия жүргізушілер, жоғары оқу орындары тарих факультеттерінің оқытушылары, студенттер, оқушылар, шетелдік туристер қатысып, театрландырылған қойылымды тамашалады. Қонақтарға жылқыны қолға үйрету тәсілдері, ежелгі адамдар жылқының терісін қалай өңдегені, тас дискілерді жасағаны, қазақтың ұлттық сусыны – қымыз дайындаумен айналысқанын, тастардан және ежелгі технологиялар бойынша керамикалық ыдыстарды жасау шеберлік сыныптарын көрсетті. Іс-шара атпен серуендеуге, найза лақтыру, садақ ату сайыстарына, концерттік бағдарламаға ұласты.
– 15 гектар аумақты алып жатқан археологиялық қалашық дүниежүзі ғалымдарының назарын аударып отыр. Осыдан алты мың жыл бұрын өмір сүрген бабаларымыздың тұрмыс салты әркімді қызықтырары сөзсіз, – дейді “Ботай” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің директоры Қуаныш Шақшақов.
Ирина БУРКОВСКАЯ.
Айыртау ауданы.