«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАМАНЫНЫҢ ЗАҢҒАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада “Sana” әдеби-музыкалық клубы мүшелерінің ұйымдастыруымен Шал ақынның туғанына 275 жыл толуына орай “Сөз шебері” атты поэзия кеші өтті. Заманының заңғары атанған тұлғаның шығармашылық мұрасы мен өмірін наси­хаттап, поэзия арқылы жас ұрпақты рухани-адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеуді мақсат еткен кешке облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары, жергілікті өнерпаздар, мектеп оқушылары шақырылды.

Шал ақын Құлекеұлы 1748 жылы дү­ниеге келген. Жасынан жырға жа­қын болған ол есейе келе елге аты мәлім арқалы, суырып салма ақынға айна­лады. Оның термелері мен күй­лері ұлтымыздың құнды музыкалық мұ­расы саналады. Аталған туынды­лардың біршамасы кеш барысында орындалып, әңгіме өзегіне айналды.

“Түседі өлең десе қайғы-шерім,

Шығады айқайласам ащы терім.

Басылмас ауызымды ашқан, мен бір көрік,

Барады ықыласыңа көңілім еріп”, – деп жырлап өткен Шал ақынның өлеңдерінде өзі өмір сүрген заман­дағы әділетсіздік, теңсіздік, адам, қо­ғамдық қатынастар жөніндегі көзқа­растары анық көрінеді. Ақынның шы­ғармаларын оқып отырып, халық жү­регіне жол тапқан, ел-жұртына жа­қын шумақтарды жиі кездестіреміз.

“Ашу – дұшпан болғанда, нəпсі – жауың,

Ақыл – тұрған алдыңда асқар тауың.

Жүрекке ашу келіп толған шақта,

Денеңнің біле алмассың ауру-сауын”, – деген ақынның өз ортасын­дағы адами қарым-қатынастың әлсі­реуіне адам болмысындағы жағым­сыз қылықтардың әсер ететінін өлең­мен өрнектей отырып жеткізуі тыңдаушыны бейжай қалдырмайды. Ақын нәпсіні жау, ашуды дұшпанға теңейді. Ашу жүректі кірлететінін, орынсыз сөз басқа қиындық әкеле­тінін айтады. Осы насихатты ақын келісті ұйқаспен, шебер кестеленген өлең жолдарымен жеткізген.

Кеш барысында облыстық тари­хи-өлкетану музейінің қызметкері Са­ғындық Салмурзин, Шал ақын ау­дандық тарихи-өлкетану музейiнiң ди­ректоры Маржан Таушарова, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың про­фессоры Жанбай Қадыров, еңбек ар­дагері Марал Оспанова, облыстың құрметті азаматы Мұрат Жантілеуов сөз алып, мазмұнды баяндамалар жа­сады. Оқушылар ақын өлеңдерін жатқа оқып, жас өнерпаздар шараны күймен көркемдеді. Шал ақынның мерейтойына орай ұйымдастырыл­ған оқушылар арасындағы байқауда үздік атанғандар таныстырылды.

Алтынай СЫЗДЫҚОВА,

И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың қызметкері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp