И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапханада “Sana” әдеби-музыкалық клубы мүшелерінің ұйымдастыруымен Шал ақынның туғанына 275 жыл толуына орай “Сөз шебері” атты поэзия кеші өтті. Заманының заңғары атанған тұлғаның шығармашылық мұрасы мен өмірін насихаттап, поэзия арқылы жас ұрпақты рухани-адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеуді мақсат еткен кешке облыстық ішкі саясат басқармасының мамандары, жергілікті өнерпаздар, мектеп оқушылары шақырылды.
Шал ақын Құлекеұлы 1748 жылы дүниеге келген. Жасынан жырға жақын болған ол есейе келе елге аты мәлім арқалы, суырып салма ақынға айналады. Оның термелері мен күйлері ұлтымыздың құнды музыкалық мұрасы саналады. Аталған туындылардың біршамасы кеш барысында орындалып, әңгіме өзегіне айналды.
“Түседі өлең десе қайғы-шерім,
Шығады айқайласам ащы терім.
Басылмас ауызымды ашқан, мен бір көрік,
Барады ықыласыңа көңілім еріп”, – деп жырлап өткен Шал ақынның өлеңдерінде өзі өмір сүрген замандағы әділетсіздік, теңсіздік, адам, қоғамдық қатынастар жөніндегі көзқарастары анық көрінеді. Ақынның шығармаларын оқып отырып, халық жүрегіне жол тапқан, ел-жұртына жақын шумақтарды жиі кездестіреміз.
“Ашу – дұшпан болғанда, нəпсі – жауың,
Ақыл – тұрған алдыңда асқар тауың.
Жүрекке ашу келіп толған шақта,
Денеңнің біле алмассың ауру-сауын”, – деген ақынның өз ортасындағы адами қарым-қатынастың әлсіреуіне адам болмысындағы жағымсыз қылықтардың әсер ететінін өлеңмен өрнектей отырып жеткізуі тыңдаушыны бейжай қалдырмайды. Ақын нәпсіні жау, ашуды дұшпанға теңейді. Ашу жүректі кірлететінін, орынсыз сөз басқа қиындық әкелетінін айтады. Осы насихатты ақын келісті ұйқаспен, шебер кестеленген өлең жолдарымен жеткізген.
Кеш барысында облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Сағындық Салмурзин, Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейiнiң директоры Маржан Таушарова, М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың профессоры Жанбай Қадыров, еңбек ардагері Марал Оспанова, облыстың құрметті азаматы Мұрат Жантілеуов сөз алып, мазмұнды баяндамалар жасады. Оқушылар ақын өлеңдерін жатқа оқып, жас өнерпаздар шараны күймен көркемдеді. Шал ақынның мерейтойына орай ұйымдастырылған оқушылар арасындағы байқауда үздік атанғандар таныстырылды.
Алтынай СЫЗДЫҚОВА,
И.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың қызметкері.