Түркі халықтарының жарық жұлдызына айналған қазақтың марғасқа таланты, ұлт қайраткері, тау тұлғамыз, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орай облыстық тарихи-өлкетану музейінің арт-орталығында “Мен жастарға сенемін” атты әдеби кеш өтті. Ашық аспан астындағы шара мәдениет қайраткері Қайырлы Ғафуровтың орындауындағы ақынның сөзіне жазылған, сазгер Кәкімбек Ердібаевтың “Мен жастарға сенемін” туындысымен ашылды. Кейін М.Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Әйгерім Тасболатова ортаға шығып арнау өлеңін оқыды. Айтыскер ақын Жұмабек Рахимовтің домбыраның сүйемелдеуімен орындаған әні көпшіліктің көңілінен шықты.
Алғашқы сауатын ауыл молдасынан ашып, білімін Қызылжар қаласындағы медреседе жалғастырған Мағжан ақын 1910-1913 жылдары Уфа қаласында “Ғалия” медресесінде білім алады. 1912 жылы оның алғашқы “Шолпан” атты өлеңдер жинағы Қазан қаласында басылады. 1913-1916 жылдары Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқыған. Мағжан Алаш қозғалысына үн қосып, “Қазақ” газетіне өлеңдер жариялай бастайды. Орынбордағы жалпықазақ съездеріне қатысады. 1919-1923 жылдары “Бостандық туы” газеті, “Шолпан”, “Сана” журналдарында, “Ақжол” газетінде қызмет істеп жүріп, халық ағарту ісіне белсене араласады. Осы кезеңде атақты “Батыр Баян” поэмасын жазып, “Педагогика” оқулығын Орынбордағы Қазақстанның мемлекет баспасынан 1922 жылы басып шығарады. Солтүстік Қазақстан облыстық мемлекеттік архивінің маманы Назерке Рамазанова кешке қатысушыларды осы және өзге де мәліметтерге қанықтырды.
М.Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінің оқушылары Нұрсұлтан Жансұлтан, Әміржан Зәкіржан, Нұғман Санжар Алаш арысының жырларын жатқа оқып, көпті сүйсінтті. Ақын есімін иеленген колледж студенттері де кешке келіп, баяндама жасады.
“Мағжан Жұмабаев өмірі – шабыт пен табыт, құлшыну мен тұншығудың екі арасында арпалысып өткен аласапыран өмір. Өлгендер өлді, ал тірілеріміз оның алдында мәңгі қарыздармыз. Бұрын ол жоқтаушыға мұқтаж еді, енді іздеушіге мұқтаж. Іздеу керек, жаппай іздеуіміз керек! Мағжанның орнын Мағжан шығармалары ғана толтыра алады”, – деп қазақтың қадірлі ақыны Қадыр Мырза Әлі атамыз айтқандай, Мағжан Жұмабаевтың таңғы шықтай мөп-мөлдір шығармаларын қаншалықты талдап-талқыласақ, соншалықты сырласымызға айналады. Бүгінгі жастарымыз да Мағжанның асыл қазынасын бойтұмарындай қастерлеп, насихаттап келеді. Оған дәлел – шара барысында өнер көрсеткен студенттер мен оқушыларымыз.
Ардақты ақынға арналған шарада М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенттері өлең оқып, кешті әсем әнмен аяқтады.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.