Облыстық бейнелеу өнері музейінде Юрий Романовтың “Бегущий по волнам” кеме модельдерінің көрмесі ашылды. Көрмеде ұсынылған 18 модельді кемелердің авторы Юрий Владимирович мектеп жасынан бастап жас техниктер станциясында оқыған. Кемелерді модельдеуге деген қызығушылығын оятқан мұғалімі Юрий Пашковты құрметпен еске алады. Бір кездегі балалық қызығушылығы бүгін сүйікті ісіне айналған.
– Кеме модельдерін жасау – өте ежелгі өнер. Соңғы мәліметтер бойынша кемелер тоғыз мың жыл бойы теңіздер мен мұхиттарда жүзіп келеді. Мыңдаған жылдар бойы теңіз флоты жетілдіріліп, жаңа үлгілерді жасауға шабыттандырды, – дейді Юрий Романов.
Автор жасаған кемелердің бір ерекшелігі – олар суда жүзе алады және радио байланыс арқылы басқарылады. Сондықтан жарыстарға қатыса алады. 2010 жылы Юрий Романов Өскемендегі кеме жасаушылар көрмесіне, кейін Астана қаласында өткен осындай шараға қатысқан. Жалпы кеме модельдеу кәсіби спорт түрі ретінде дамыған және өте танымал.
Балаларды қорғау күніне орай ашылған көрме бір ай бойы жұмыс істейді.
Нұрай ЕСІЛБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.