Облыс орталығында Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві мен Қазақстан Республикасы Президентінің архиві бірлесе отырып, саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай “Қызылжар өңірінің Алаш қайраткерлері” атты жылжымалы фотоқұжаттық көрме ұйымдастырды. Оған келушілердің қатары қалың болды.
Әр жылдары қазақтың азаттығы үшін жандарын шүберекке түйе жүріп қызмет еткен ардақтылардың бір шоғыры қасиетті Қызылжар жерінде дүниеге келген. Олардың Тәуелсіздікті жақындатуға қосқан үлестері орасан. Мағжан Жұмабаев, Смағұл Сәдуақасұлы, Жұмағали Тілеулин, Қошке Кемеңгерұлы, Ахмет Жанталин, Салмақбай Күсемісов, Байбатыр Ержанов сынды қайраткерлердің ғұмырнамасына терең бойласаңыз, олардың қазақ үшін бастарын бәйгеге тіккенін аңғарасыз. Келушілер назарына есімі аталған ардақтылардың өмірі мен артына қалдырған мол мұрасына байланысты бірегей архивтік құжаттар ұсынылды. Алаш азаматтарының өз қолдарымен толтырған анкеталары, куәліктері, “Мир труда”, “Жас азамат”, “Бостандық туы” басылымдарында жарияланған мақалалары, солтүстік өңірдегі Алаш әскерінің тарихына қатысты Аққұсақ жиылысына қатысты құжаттар көрменің басты жәдігерлері болды. 1918 жылы 18 тамызда “Жас азамат” газетінің 3 санында жарияланған Мағжан Жұмабаевтың “Мен жастарға сенемін” өлеңі көрме төрінен орын алды.
– Көрме сөресіне Алаш қайраткерлеріне қатысты “Жұмағали Тілеулин”, “Қызылжардың шерлі тарихы”, “Солтүстік Қазақстан және Алаш”, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның материалдары мен облыстың атаулы күндерінің күнтізбесі де қойылды. Олардың әрқайсысына мұқият көңіл бөліп, ескі құжаттарды оқып шығуға тырыстым. Мағжан ақын өмір сүрген заманды көзбен көргендей әсерге бөленгенімді жасырмаймын, – дейді қала тұрғыны Асыл Омарова.
Айшагүл ӘШІМОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.