Мағжан Жұмабаев жайлы тағы бір құнды дүние жарық көрді. Бұл жолы Мағжанның ақындық даралығы емес, педагогикалық тағылымы бір кітапқа арқау болды. Педагогика ғылымының кандидаты, профессор Сабыр Сеңкібаевтың “Қазақ педагогикасы және Мағжан Жұмабаев” оқулығы ұлттық педагогиканың қалыптасуына, қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы-тәлімгер, ұстаз Мағжан Жұмабаевтың педагогикалық ілімдеріне арналған.
Мағжан Жұмабаевтай жалған жаланың құрбаны болған ағартушылардың педагогикалық мұралары теориялық тұрғыдан толық зерттелмей, ұлттық тәрбиенің тағылымын зерделеу мүмкін емес. Аталған оқу құралы осы олқылықтың орнын толтырар деген сенім бар.
– Жас ұрпақ біздің өміріміздің тікелей жалғастырушысы ғана емес, еліміздің – тірегі, мызғымас болашағы. Мағжан Жұмабаев ұлтын азат етудің бірден-бір жолы – оқу-ағарту екенін айтудан жалыққан емес. Оның сол кезде айтқан озық ойлы тұжырымдары бүгінгі күні де өзекті. Педагогтың “Баланы заманына лайық етіп, тәрбиелеу керек”, “…Дүниеде теңіз терең емес, адамның жаны терең. Адамның жанына дұрыс тәрбие керек”, – деген ойлары бүгінгі күнді сипаттағандай, – дейді кітап авторы.
Осы тұрғыдан келгенде қазақ мектептеріндегі оқу-тәрбие мәселесі өзекті болуы заңды. Демек жеткіншектерді Мағжан педагогикасының негізінде тәрбиелеу үшін ұлы ақынның мұраларын пайдаланған әбден дұрыс. Оның қажеттілігі қазір айқын сезілуде. Ұлт тәрбиесінің балаға берері көп екендігі айтпаса да түсінікті. Қазіргі мың құбылған заманда бала тәрбиесі барлық істердің ұшар басында тұруы тиіс. Сондықтан автор шағын еңбегінде ұлттық педагогиканың кешегісі мен бүгінін, Мағжан Жұмабаевтың тәлімдік ілімдерін талдаған. Бұл туынды жоғары оқу орындарының педагогика факультетінің оқытушылары мен студенттеріне қосымша оқу құралы ретінде ұсынылған.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.