«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕҢГЕСЕРДІҢ ШИПАЛЫ СУЫ — МЫҢ ДЕРТКЕ ЕМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізде жаз маусымында жергілікті тұрғындар демалуға жиі баратын орындардың бірі – Меңгесер көлі. Суының құрамы Өлі теңізге пара-пар көлге көрші Ресейден, өзге де алыс-жақын мемлекеттерден арнайы келіп, ем қабылдайтындар көп. Облыстың киелі жерлерінің картасына енген тұзды көлдің қасиеті өңір тұрғындарына бұрыннан таныс. Шілде айының ортасынан бастап белі ауырып, буыны сырқыраған жұрт көлге қарай ағыла бастайды. Бұрын жеңіл көліктің қазіргідей кең тарала қоймаған шағында үлкендер таңның ертесінен арбаға атын жегіп, самаурыны мен қазанын, азық-түлігін салып алып, жолға шығатын.

“Тұзды көлге баруды алдын ала жоспарлайтынбыз. Тамағымызды, таза суымыз бен жататын көрпе-жастығымызды өзімізбен ала барамыз. Дертіне ем қонуы үшін көлдің басында апталап жататындар бар. Ревматизмге шалдыққандар, әсіресе аяқ-қолы сырқырап ауыратындарға көлдің суы шипа. Мен өзім туып-өскен Талапкер ауылындағы аяғын баса алмай қалған бірер тұрғынның осы көлдің батпағын жағып, суына түсіп емделіп кеткенінің куәсімін”, – дейді Петропавл қаласының тұрғыны Мәрзия Сүлейменқызы.

Меңгесер көлі Мамлют ауданы аумағында орналасқан. Жалпы ауданы 3360 гектарды құрайды, ең терең жері – небары 60 сантиметр ғана.

Жергілікті тұрғындардың арасында көлдің пайда болуына қатысты әдемі аңыз тараған. Айтуларынша, баяғыда бір кедей батыр өте бай отбасынан шыққан бойжеткенге ғашық болады. Олар жасырын кездесе бастайды, өйткені қыздың отбасы олардың үйленуіне қарсы болған деседі. Күндердің бір күнінде қыздың ағалары олардың кездесіп жүргенін біліп қалып, батырды өлтіреді. Қаза тапқан батыр кейін бұлаққа айналады. Ал қыз сүйіктісін жоқтап, күнде бұлақтың басына келіп жылайтын болған. Оның көз жасынан бұлақтың жанында орналасқан көл тұзды суға, ал бойжеткен қайғыдан қара құсқа айналады. Қара құс әлі күнге шейін бұлақтан су ішуге келеді екен.

Меңгесер көлі суының құрамы жергілікті ғалымдарды да таңғалдыруда, олар осы уақытқа дейін бірнеше зерттеу жүргізген. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Наталья Белецкая, медицина ғылымдарының докторы Жанбатыр Сартаев, биология ғылымдарының кандидаты Павел Дмитриев, география ғылымдарының магистрі Иван Фомин Меңгесер көлі суының құрамын зерттеген.

“Судың құрамы – хлоридті, балшығы – күкіртсутекті. Мұндай суды бальнеологиялық мақсатта ванна түрінде пайдалануға болады. Көл түбіндегі емдік балшық тірек-қимыл аппараты мен тері ауруларына көмектеседі. Бұл гинекологиялық, жүйке аурулары, метаболизмі бұзылған кезде де пайдалы болуы мүмкін. Бұл көлдегі балшық қара түсті, құрғаған кезде ашық сұр түске айналады, күкіртсутектің иісі бар. Меңгесердің тұзды суы химиялық қасиеттеріне байланысты сульфидті балшықпен бірге маңызды бальнеологиялық ресурс болып табылады”, – дейді Наталья Белецкая.

Көпшілік Өлі теңіз суының емдік қасиеті туралы жақсы біледі. Бірақ жұрт дәл осындай суға шомылу үшін алысқа барудың қажеті жоғын ескере бермейді. Меңгесер суы құрамының Өлі теңіздікіне ұқсас екендігі дәлелденген. Тұзды көлде шомылу арқылы остеохондрозды, әртүрлі гинекологиялық ауруларды, псориазды және басқа дерттерді емдеуге болады.

Мамандардың айтуынша, Меңгесерде 30 минуттан артық уақыт шомылуға болмайды, суы да, батпағы да жүрекке қатты әсер етеді. Тіпті соңы қайғылы аяқталуы да мүмкін.

“Жүрек-қан тамырлары ауруы барларға, екі жасқа дейінгі балаларға, екіқабат әйелдерге, қатерлі ісігі барларға балшықпен емделуге тыйым салынған”, – дейді маман.

Петропавлдан 83 шақырым қашықтықта орналасқан су айдынына апаратын жолдың жағдайы жаман емес. Жеңіл көлікпен 1,5-2 сағатта жетуге болады.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, Петропавлдан Меңгесер ауылына автобус жүреді. Билет құны – 1,5 мың теңге.

“Бұл көл – белсенді бальнеологиялық әсері бар сульфидті балшықтың жеткілікті қоры сақталған бірегей орын. Бұрын халықтың демалуы үшін мұнда жағдай болмады. Көлдің жағасын абаттандыру және келушілерге ыңғайлы ету үшін “Меңгесер” жеке кәсіпкерлігі демалыс базасын салды. Бұл жерде демалыс маусымы шілде айында басталып, тамыздың ортасына дейін жалғасады. Демалыс аймағында жазғы дәмхана, 4 орындық монша жұмыс істейді. Дәретханалар, киім ауыстыратын, жуынып-шайынатын кабиналар орнатылған. Футбол-волейбол алаңы, балалардың ойын алаңы бар”, – дейді басқарманың туризмді дамыту және лицензиялау бөлімінің басшысы Қанат Шамсутдинов.

Маманның айтуынша, палатканы, мангалды, төсек-орынды жалға алуға болады. Сондай-ақ шезлонгтар мен демалуға арналған орындар да беріледі.

Демалыс аймағына көлікпен кіру құны 1,5 мың теңге тұрады. Мұндағы киіз үйді бір күнге жалға алу 10 мың теңге, шезлонг – 500 теңге, моншаның бір сағаты 3 мың теңге, мангал – 3 мың теңгеге бағаланған. Демалушыларға өздері әкелген палатканы, мангалды тегін орнатып, пайдалануға рұқсат етіледі.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp