«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Халыққа жылдам интернет қажет

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңір тұрғындары тарапынан байланыс желісі мен интернет сапасына көп шағым айтылады. Әсіресе ауылдағы ағайын ғаламтордың ғажабын сезіне алмай жүр. Айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша жылдам хабар алғызар байланыс желісінің де сапасы сын көтермейді. Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев “Beeline Қазақстан” компаниясының бас директоры Евгений Настрадинмен кездесіп, өңірді сапалы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету жайында сөйлесті. Кездесуде байланыс саласындағы түйінді мәселелер, тұрғындар кеңінен пайдаланып жүрген сигнал күшейткіштер жайы әңгіме өзегіне айналды. Сонымен қатар түзеу мекемелерінің өз аумағында ұялы байланыс сигналдарын бөгейтін құрылғыларды орнатқаны сол маңдағы тұрғындардың наразылығын тудырып отырғаны айтылды. Айдың-күннің аманында байланыс желісінен ажырап, ешкіммен хабарласа алмай қалғандар бар. Бұл да жергілікті биліктің назарында.

– Қазір интернет күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Осы ретте біз әрбір азаматтың ғаламторға қолжетімділігін қамтамасыз етуге тырысамыз. Халыққа қажеті – сапалы байланыс пен жылдам интернет. Бұл – өңіріміздің дамуының маңызды факторларының бірі. Бүгінгі таңда байланыс пен интернет желісі дамыған елдер көшбасында тұр, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Сатжан Аблалиев.

Өз кезегінде “Beeline Қазақстан” компаниясының бас директоры Евгений Настрадин өңірдегі, сондай-ақ Петропавл қаласындағы байланыс пен интернет сапасын жақсарту бойынша бірлесе жұмыс істеуге және тиісті шараларды қабылдауға дайын екенін айтты.

– Біздің мақсатымыз – облыстың әрбір тұрғынын жоғары жылдамдықты интернет және сапалы байланыспен қамтамасыз ету. 2022 жылы біз “LTE everywhere” жобасын іске қостық, соның арқасында облыстағы үш жүзден астам “Beeline” базалық станциялары 4G желісімен жабдықталды. Дегенмен қол жеткізген ілгерілеушілікке қарамастан, әлі де сапалы интернетпен қамтылуы тиіс шағынаудандар бар. Бұл мәселені шешетін тіректерді (ОДН) салу үшін жер телімдері қажет, – деді Евгений Настрадин. Тараптар ынтымақтастықта жұмыс істеуге және сапалы интернетпен қамту мәселесін бірлесе шешуге келісті.

Ақбота ҚАБДҰЛМӘЖІТ,

М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp