Әйгілі балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлы: “Таңғалуға бір-ақ сәт жетеді, ал таңғалдыруға адамның ғұмыры да жетпейді”, – деген екен. Күллі әлем мойындаған балуанның сөзімен келіспеу мүмкін емес. Дүниежүзі елдерінің топырағын басып, көрмеген жерді көріп, белдескеннің жауырынын жер иіскеткен балуанның ізін жалғаушылар қазір де баршылық. Әзірге әлемді мойындатпаса да, Қызылжар өңіріндегі жанкүйерлерді таңғалдырған Шал ақын ауданының тумасы Қанат Өмірзақ биыл “Қазақстан барысы” турнирінде облыс намысын қорғайды.
Жасы 29-ға келсе де оны спортсүйер қауым биыл ғана жақсы тани бастады. Бұған дейін де талай ел көлеміндегі додаларда жүлде салған. Бірақ Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктері қызметкерлерінің арасындағы сайыстар болғандықтан, жалпақ жұртқа аса жариялана бермейтін.
Шал ақын ауданының Бірлік ауылында дүниеге келген Қанат мектеп қабырғасынан күреске әуес болып өскенін айтады.
– Кішкентай кезімнен түрлі мерекелерде қазақ күресінен жарыстарға қатысатынмын. Бірде жеңіске жетсем, екіншіде жеңілістің кермек дәмін татқан кездерім де болды. Мен мектеп жасынан бастап тек қазақ күресімен ғана айналыстым. Өзге спорт түрлері мені ешқашан қызықтырған емес, – дейді ол.
Басқа спортқа қызықпауының тағы бір себебі – Бірлік ауылындағы мектепте тек қазақ күресінен ғана үйірме болған екен. Бірақ Петропавлға қоныс аударса да, сүйікті спортын тастамаған. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы түрлі сындарға қатысып жүрген екен.
Қанат қазір облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағында құтқарушы болып қызмет етеді. Таңдаған кәсібіне адал. Спорттық жарыстарға да қатысып тұрады. Күштік құрылым қызметкерлері арасында ұйымдастырылатын додаларда өңір намысын абыроймен қорғап жүр.
– Жұмысқа орналасарда спорттан қол үзетін шығармын деп ойлағанмын. Кейін күштік құрылымдар арасында түрлі жарыстар өткізілетінін білдім. Осылайша төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің атынан сайыстарға қатыса бастадым. Өңірлік деңгейде чемпион атандым. Өкінішке қарай, республикада жолым болмай келді. Биыл ғана “Қызылжар арландары” клубының сапында ел деңгейінде өткен бәсекеде жүлдеге іліктім, – дейді балуан.
Қанат үшін биылғы жыл сәтті өтуде. Жерлесіміз алдымен “Динамо” қоғамы ұйымдастырған республикалық турнирде топ жарды. “Сарыарқа батырлары” республикалық жарысында қола жүлдегер атанса, тұңғыш рет “Қызылжар барысы” сайысында күміс медальді қанжығасына байлап, “Қазақстан барысы” республикалық турниріне жолдама ұтып алды.
– Жалпы мен “Қызылжар барысы” турниріне 2017 жылдан бастап қатысып келемін. Аудандық деңгейде түрлі жарыстарда жүлделі орындарға ие болдым. Бірнеше мәрте облыстық кезеңге де шықтым. Бірақ жолым болмай жүрді. Биыл айым оңынан туып, ақтық сынға дейін жеттім, – деген Қанаттан Шал ақын ауданының тумасы бола тұра неге жарыстарға Уәлиханов ауданының атынан қатысып жүргенін сұрадым. “Көптен бері Төлеген Жетпісбаевтың қарамағында жаттығып жүрмін. Ол – қазір қазақ күресінен облыс командасының аға жаттықтырушысы. Талай мықты спортшыларды жаттықтырды. Сондай-ақ Уәлиханов ауданында да жұмыс істеді. Бапкерім маған сенім артып, осы ауданның атынан қатысуға ұсыныс жасады. Сөзін жерге тастай алмадым”, – дейді ол.
Бір қызығы биылғы “Қызылжар барысы” турнирінің финалында Уәлиханов ауданының атынан қатысқан екі балуан белдесті. Алтынбек Аусағитов екеуі аудандық жарыста да ақтық сынға шыққан болатын.
– Алтынбекті бұрыннан танимын. Биыл онымен екі бірдей финалда күрестім. Қос кездесуде де есе жібердім. Соңғы белдесу оңайға түскен жоқ. Тіпті жарақат алып қалдым, соған қарамастан соңына дейін тырысып бақтым. Жеңілгеніме өкінбеймін, себебі облыстық жарыста финалға шыққан екі балуан да “Қазақстан барысына” жолдама алдық, – дейді Қанат.
“Қазақстан барысында” алғаш рет қатысқалы отырған Қанат Өмірзақтың ендігі арманы – елорданың төріндегі финалда Алтынбекпен кездесіп, есе қайтару. Бұл тілегі орындала ма, жоқ па, уақыт көрсетер.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.