«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘРІПТЕСТІК НЫҒАЯДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары кезінде маңызды құжаттарға қол қойылған болатын. Солардың бірі – Солтүстік Қазақстан облысы мен Қытайдың Шэньси провинциясы арасында байланыс орнату туралы келісім.

Екі ел сауда-экономика, мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, білім және ғылым, қаржы салаларындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамытуға, көлік-транзит әлеуетін арттыруға мүдделі. Осы мақсат аясында өңірімізге аспан асты елінен бизнес делегация келді. Өңірдегі өндіріс орындарын аралаған қонақтарды облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дархан Әмірин қарсы алды.

– Біздің облыс арқылы Еуропа – Қиыр Шығыс бағытындағы жүктің 70 пайызы өтеді. Оның басым бөлігі – Транс-Сібір магистраліне тиесілі. Облыста ауыл шаруашылығы дамыған. Былтыр аталған сала өкілдері 2,4 млрд доллардың өнімін өндірді. Бұл салаға бағытталған жалпы инвестицияның 20 пайыздан астамы – Солтүстік Қазақстан облысына тиесілі, – деді Дархан Әмірин.

Шынында да, елдің солүстік қақпасы атанған Қызылжар өңірінің әлеуеті жоғары. Іргелес жатқан Ресей нарығына шығуға да оңтайлы. Осы мүмкіндіктерді ой елегінен өткізіп, экономикалық жағынан ұтымды тұстарды есептеген қытайлық кәсіпкерлер мұнда арнайы келгендерін айтты.

– Делегация құрамында бірнеше компания басшылары бар. Бізді түрлі бағыттар қызықтырады. Қазақстандағы жұмысымызды осы өңірде бастауға құлшыныс зор, – деді қытайлық “Beijing Zhizhi Hongyuan Technology” компаниясы бас директорының орынбасары Лю Баопин.

Кездесу соңында солтүстікқазақстандық және қытайлық кәсіпкерлер әріптестік жөнінде меморандумға қол қойды. Келісім аясында өңірде бірнеше өндіріс ошағы ашылуы мүмкін.

Байболат ҚҰЛТАНОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp