«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘСЕМ РАХМЕТОВА — СЕНАТ ДЕПУТАТЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттар депутаттарының бірлескен отырысы өтіп, Парламент Сенатының депутаты сайланды.

Саяси шараны облыстық мәслихаттың төрағасы Владимир Бубенко ашып, отырысқа қалалық, аудандық, облыстық деңгейдегі 193 депутаттың –180-і, сондай-ақ кандидаттардың сенімді өкілдері, байқаушылар, БАҚ өкілдері қатысып отырғанын жеткізді.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Асқар Сақыпкереев заңға сәйкес, Парламент Сенатының депутаты барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары – таңдаушылардың бірлескен отырысында сайланатынын түсіндірді.

Оның айтуынша, өңірден Сенат депутаттығына 7 кандидат ұсынылған. Барлығы да Конституция мен сайлау туралы заң талаптарына сай тексеріліп, екі кандидат қажетті құжаттарды толық көлемде тапсырмауына байланысты тіркеуден өтпеген. Бір үміткер өз еркімен кандидаттықтан бас тартқан.

Қорытындысында төрт үміткер – Рауза Қасенова, Сергей Мелехов, Әсем Рахметова, Анатолий Рафальский кандидат ретінде тіркелген. Алайда С.Мелехов пен А.Рафальскийдің кандидаттықтан өз еркімен бас тартуына байланысты Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және “Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы” Заңға сәйкес оларды тіркеу туралы шешімнің күші жойылды.

Дауыс берудің қорытындысы бойынша Рауза Қасенова үшін 39 таңдаушы, Әсем Рахметованы қолдап, 134 таңдаушы дауыс берді. Осылайша Әсем Қалашбайқызы Рахметова Парламент Сенатының депутаттығына сайланды. Ол – 1980 жылы туған, “AMANAT” партиясының мүшесі.

Жаңа сайланған сенатор өзіне үлкен қолдау көрсетіп, зор сенім білдірген жерлестеріне ризашылық лебізін айтып, барлық күш-жігерін ел экономикасының дамуына, халықтың өмір сапасын жақсартуға жұмсайтынын жеткізді.

Өмір ЕСҚАЛИ,

“Soltüstık Qazaqstan” .

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp