Петропавл қалалық сотының үкімімен мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспектор пара алғаны үшін сотталды. Оған параның 35 еселенген сомасы мөлшерінде, яғни 5 млн. 200 мың теңге айыппұл салынды.
Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, Петропавл қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы Жанарбек Бусурмановқа қатысты қылмыстық іс бойынша мән-жайлар бұрынғы мемлекеттік қызметші жұмыс істеген ұжымда қаралды.
“2023 жылдың ақпан-наурыз айлары аралығында Бусурманов қызметтік жағдайын асыра пайдалана отырып, тиісті ілеспе ветеринарлық құжаттарсыз “Привокзальный” және “Дария” қалалық базарларында ет өнімдерін көтерме сатып алуды және бөлшектеп сатуды жүзеге асыратын кәсіпкерлерден пара алған. Сотталушының мұндай әрекеті аумақтық инспекцияның жауапты тұлғалары тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан туған”, – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов.
Бағыныштылардың жемқорлығы үшін бірінші басшылардың жауапкершілігі туралы заңнама нормаларын іске асыру мақсатында ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының шешімімен Петропавл қалалық аумақтық инспекциясының басшысы Ақпан Құсайынов қатаң сөгіс алды.
“Инспекторлар арасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін олардың жұмысында қызметтік аудио және бейне тіркеу пайдаланылуы керек. Мұндай талаптың болуына қарамастан, Петропавлдың 7 базарында барлық 5 инспекторды бейнетіркегіштермен жарақтандыру осы мәселе сөз болғаннан кейін ғана қолға алынды. Сыбайлас жемқорлық жасауға ықпал ететін мән-жайларды жою үшін аумақтық инспекция басшылығы мемлекеттік инспекторлардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын және мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі нормаларын сақтауына қатысты мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылау және қадағалау аясында жүргізілген бейнежазбаларға мониторинг жүргізуі қажет”, – дейді Айдос Жүнісов.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.