Астанада “Ғажайып жұлдыздар” атты халықаралық балалар және жасөспірімдер шығармашылығына арналған байқау өтті. Аталған байқауда өңір намысын қорғаған “Мерей” өнер мектебінің “Шашу” домбырашылар ансамблі топ жарып, жеңімпаз атанды.
Халықаралық байқау қатысушылары хореография, вокал, аспаптық орындаушылық және оригинал жанр аталымдары бойынша бақ сынаған.
– Байқауға қатысқандардың бәрі жоғары деңгейде өнер көрсетті. Соған сай бәсеке де жоғары болды. Біздің аталымның өзінде елуге жуық қатысушы болды. Біз де ел үмітін арқалап барған соң жауапкершілікті сезініп, ұзақ дайындалдық. Осы еңбегіміз ақталып, бас жүлдені еншіледік. Шәкірттерім үмітті ақтады, – дейді “Шашу” ансамблінің жетекшісі Берік Жанатов.
Астананың сахнасын бағындырған қызылжарлық ұжымның құрамында өнер көрсеткен Санжар Байманов, Әмір Шалқар, Әділбек Бұланов, Ерболат Серік, Алдияр Дүйсембаев, Алмас Ерболат секілді жас талапкерлердің бағындырар биігі әлі алда. Өнерлі жеткіншектер бұл жолы Астана жұртшылығының назарына Ермұрат Үсеновтің “Кербез сұлуын” ұсынып, көпті мойындатты.
Ансамбльден бөлек аталмыш байқауда “Мерей” өнер мектебі атынан тағы бір жас дарын – Қарақат Мұрат өнер көрсетті. Ол күй атасы Құрманғазының елге танымал “Балбырауын” күйін жеке орындап, 1 орынға ие болды.
Фархат ТАСТАМБЕК.