Кітаптың құндылығы жайында дана халқымыз “Білімнің бастауы кітап”, – десе, данышпан Абай “Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге”, – дейді. Ал ұлы драматург Шекспир “Кітап маған тақтан да қымбат” деп, кітаптың құдіретін, оның мәртебесін онан әрі асқақтатқан болатын. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаев “Интернатта оқып жүр…” деген өлеңінде “артық ғылым” деген ұғымды қолданады. Бұл өлеңдегі “артық ғылым” ұғымы “наука” туралы емес, “білім” сөзінің синонимі ретінде қолданылып отыр. Ал бұл контексте “ғылым” сөзі “аз білу” деген сөздің антонимі ретінде пайдаланылған. Абай “артық ғылым” иелері елге пана болар тұлғалар жайлы сөз қозғап отыр. Егер сен осы таңдаулылар арасында болғың келсе, “ерінбе”, “оқы” деп өсиет айтып кеткен:
Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық ғылым – кітапта,
Ерінбей оқып көруге.
Озат адамдардың қатарында болғың келсе, “артық ғылым” керек екенін тілге тиек етеді. Осы жайында 18-ші қара сөзінде: “Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық” дейді.
Бүгінгі таңда кітаптың қадірін түсінетін, кітапқа құрметпен қарайтын адамдар азайып келеді. Өйткені барлығы ғаламторға үңіліп, әлеуметтік желінің көмегімен өмір сүріп жатыр.
Абай айтқан “артық ғылымды” кітаптан емес, әлеуметтік желіден іздеп, адамгершілік құндылықтардың қадірі кетіп барады. Осы стереотипті бұзу мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының тілдік дайындық кафедрасы кітап оқу мәселесіне байланысты игі істер атқаруда.
Үстіміздегі жылы 30 наурызда Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана ұжымының және Ұлттық ұлан академиясы тілдік дайындық кафедрасының профессорлық-оқытушылар құрамының бастамасымен қазақ елінің асыл перзенті, алты Алаштың ардақтысы, елінің болашағы үшін жарқырап жанған, күнге ғана табынған, өзіне ғана бағынған, жүрегі мен жаны – от, иманы мен ары – от, қайталанбас тұлғалардың бірі Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған “Мағжан және ұлттық болмыс” ғылыми танымдық семинары өтті. Семинарға академия курсанттарымен қатар, кітапхана оқырмандары да қатысты. Ұлттық бояумен нақышталған, жүрекке ерекше рух, бойға қуат беретін Мағжан өлеңдері көрерменнің рухын көтерді. Курсанттар ақынның терең ойларына бойлап, өмірбаяны мен шығармашылығы туралы сыр шертті. Мағжанның әсемдік әлемін сөз етіп, елі мен халқына жасаған қызметін паш етті. Барлық өлеңдерді Серікбай Олжас пен Ерболат Арыстан домбырамен сүйемелдеп отырды.
Кеште қазақтың күйлері орындалып, күй тартыс та көрерменнің жүрегіне жол тартты. Взвод командирі “Мағжан оқуларының” жеңімпазы аға лейтенант Қайыр Балғат та Мағжан өлеңін нақышына келтіріп, мәнерлеп жеткізді. Курсанттарға керемет үлгі болғаны рас. Бейнефильмдер көрсетіліп, ақынның өмір жолымен толық танысты. Шараға арнайы дайындалған көрме оқырман көңілінен шықты. Ақын, айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының мүшесі, республикалық ақындар айтысының жүлдегері, Ұлттық ұлан академиясының мұражай бастығы сержант Жұмабек Рахимов пен академия курсанты Нұрхан Абдикалиев Мағжанға арнаған өлеңдерін оқырман назарына ұсынды.
Оқырман қауым Мағжанның жауһар жырлары оқылып, поэзия әлеміне сапар шеккендей болды. Қазақтың асыл перзентінің шығармаларына құрмет көрсетіліп, ақынның рухы ұлықталды. Адам жанының сұлулығы мен сыр сымбатын жырлаған, рухты үні мен өрелі сөздері оқырман жүрегінен мықтап орын алғаны рас.
Аталмыш шара курсанттардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, сөздік қорларын байытуға бағыт береді. Мағжандай ақынның жауһар жырлары отаншылдық сезімді нығайтып, ел үшін еңбек етуге, елге пана болуға шақырады.
Бұдан кейін Ұлттық ұлан академиясы курсанттары облыстық кітапханада өткен “Талап қыл артық білуге, Артық ғылым кітапта” оқырмандар конференциясына қатысты. Курсанттар жыл бойы оқыған кітаптарын талдап, ойларын ортаға салды.
Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жазылған бірнеше шығарма талданды. Ілияс Есенберлиннің “Махаббат мейрамы”, М.Шолоховтың “Судьба человека”, Ғ.Мүсіреповтің “Ұлпаны”, Әзілхан Нұршайықовтың “Махаббат, қызық мол жылдар” романы, Б.Момышұлының “За нами Москва. Записки офицера”, Бауыржан Момышұлының келіні З.Ахметованың “Шуақты күндер”, “Бабалар аманаты”, “Теңбіл тіршілік” шығармалары, Э..Казакевичтің “Звезда” повесі, Дж.Бойннің “Мальчик в полосатой пижаме”, А.Бектің “Волоколамск тас жолы”, Д.Мойестің “До встречи с тобой” шығармасы, О.Уайльдтың ертегілері талданып, туынды туралы толғамды ойларын айтты. Өз ойларын сахналық көріністер арқылы да жеткізе білді. “Көңілге түрлі ой салар” ән мен күй орындалды.
Адамзат тарихында жазу-сызу басталғалы кітап бейне кәусар бұлақтай адамдардың рухани сусынын қандырып, жанын жадыратып келе жатқаны белгілі. Сонымен бірге кітап – қоғамды дамытатын қуатты құрал ғана емес, кейінгі ұрпаққа өшпес із болып қалар құнды белгі. Адамзат тарихында әр қоғам өзінің құндылықтарын кітап арқылы қалдырып отырған.
Шындығына келер болсақ, кітап – таусылмас рухани қазынаның ең негізгі, бастау алар бұлақ көзі. Осыны академияның профессорлық-оқытушылық құрамы мен курсанттары жете түсініп, артық ғылым кітапта екенін игі істері арқылы дәлелдеп келеді.
Ақмарал САРКЕНҚЫЗЫ,
Ұлттық ұлан академиясы тілдік дайындық кафедрасының бастығы.