«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақсудың жанашыр азаматтары

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстіктің жанға жайлы салқын самалы ерекше әсер сыйлап, жүректі тербейді. Жазық дала жаздың келгенін көрсеткісі келгендей түгел жасыл түске боялыпты. Күре жолдың бойынан әр жерге бір орын тепкен шағын ауылдар көзге шалынады. Ой мен қыры аз даланың көкжиегінде сағым бұлдырайды. Әр жерге бір шашырай топтасқан қайыңды ормандар сол сағымның ортасында теңіз бетіндегі жасыл аралдай елестейді. Көктің күзетшісіндей болып аспанды айнала құс ұшса, жерде көлікпен жарысып елік жортады. Қызылжардың даласында сапарлап жүріп, аң мен құстың небір түрін жолықтырасыз.

Мұның бәрі қанша көрген таныс көрініс болса да, жол үстінде келе жатып кең далаға деген сағынышың қайта оянады. Әсіресе көзге шалын­ған елді мекендердің қазіргі тыныс-тіршілігінен хабар алғың келгендей ұзақ қарайсың. Аға буын талмай әңгімеге қосатын осы ауылдардың баяғы қыж-қыж қайнаған өмірін көз ал­дыңа елестетесің. Сол дәурен алыс­тағы ағайынның басына қайта ора­лар ма екен деп, қиялға беріле­сің. Ауылдардың тұсынан өтіп бара жа­тып сол жердің тұрғындарын көр­гің келеді. Бір өкініштісі, көбіне мұн­дай­да күндіз шырақ ұстаған Диоген­нің күйін кешесің. Тоз-тозы шығып, аз­ғантай ғана адамы қалған ауылдар­дан кісі қарасы көріне қоймайды. Ал мал бағып жүрген малшыны, ойын қуған баланы, тұрмыс қамын күйт­теген әйелдерді көргенде жақын адамыңды жолықтырғандай жаның жадырайды. Қалада күніне жүздеген адамды көруге үйренген көзіміз мұндайда неге жайнап шыға келеді екен? Бұл ауылдағы ағайынның бө­лек болмысында, ерекше табиғатын­да болса керек. Ондағы жұрттың бо­йынан жасандылық байқалмайды. Қуанғаны да, күйінгені де шынайы. Бір-бірінен жасырар сыры, бүгіп қа­лар құпиясы жоқ. Қашан да әзілі жа­расып, туған-туыстай боп өз бетінше еркін өмір кешіп жатқаны. Мұны ауылдықтар өздері байқамаса да, қаладан келген кісіге бірден сезіледі.

Біз бет алған Шал ақын ауданын­дағы Ақсу ауылында да осындай бір­лігі жарасқан ақжүрек ағайын тұра­ды. Ақсудағы игі бастамалар мен оң өзгерістерден бұрыннан хабардар­мыз. Шағын елді мекеннің бар бала­сы бір қабатты мектеп ауласына жи­налыпты. Соңғы қоңырау салтана­тына келген ата-аналар мен арнайы қонақтар да бар. Алдымен ортаға бастауышты тамамдап жатқан ұл-қыздар шақырылды. Мектеп табал­ды­рығын 8 оқушы аттады. Бұдан бөлек, Ақсу негізгі мектебінің 9-шы сыныбын аяқтаған 3 түлек білім ор­дасынан қанат қақты. Жинал­ған­дарды оқу жылының аяқталуымен мек­теп директорының оқу ісі жөнін­дегі орынбасары Айман Әбішева құттықтап, өткен жылы атқарылған істерге шолу жасады. Мұндағы оқу­шылар 1-сыныптан-ақ түрлі аудан­дық, облыстық додаларда топ жарып жүр екен. Атап айтқанда, Гүлнар Мусина мен Қажығали Айзат “Зерде” ғылыми жобалар байқауының об­лыс­тық кезеңінде 3-орын, Гауһар Му­сина облыстық Абай оқуларында 3-ші, Шал ақын оқуларында 1-ші орын, Әзи­за Қайрат облыстық мәнерлеп оқу сайысында 3-орын, Аружан Кә­кім география пәні бойынша облыс­тық олимпиадада 3-орын иеленген. Тізе берсек ақсулық өрендердің пәндік олимпиадаларда, шығарма­шылық байқауларда, Қожаберген жырау, Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуе­зов, Ғабит Мүсіреповтерге арналған сайыстарда жеткен жетістіктері аз емес. Шағын ғана ауылдан шыққан жастардың осынша биіктерді бағын­дырып, облыс көлемінде мойын­далуы осындағы ұстаздардың ты­ным­сыз еңбегінің арқасы екенін де атап өткен жөн. Ұстаздардан бөлек, ауыл тұрғындары да балалардың сапалы білім алуына өз үлесін қосып келеді. Мектепке жанашыр азамат­тар үнемі демеуші болып, жөндеу жұ­мыста­рына, кабинеттерді жаңартуға қаржы құяды екен. Соңғы қоңырау салтанатында осындай азаматтар­дың есім­дері де елеусіз қалған жоқ. Мәселен, соңғы 5 жылда білім орда­сының ескі ғимаратының есігі ауыс­тырылып, қазақ тілі, биология, мате­матика, бас­тауыш сынып кабинет­тері жабдық­талған. Оның сыртында қолы ашық азаматтардың көрсетіп келе жатқан қаржылай қолдауы тағы бар. Қай қиырда жүрсе де Ақсудағы мектептің жай-күйін естен шығар­май­тын Жақсыбай Құрмашев, Серік Макенов, Ме­ре­ке Мұхамедияров, Бейнегүл Жыл­қай­дарова, Берік Ақ­баев, Асылбек Қо­қашев, Алпысбай Нұрғалиев және тағы басқа бір топ азаматқа мектеп әкімшілігінің айтар алғысы шексіз.

Қырықтан астам бала оқитын мектеп оқушыларының үлгерімі де жақсы. Олардың оны оқу озаты атанса, 16-сы оқу екпінділері ретінде мақтау қағаздарына ие болды. Осы жетістіктердің бәрі Ақсу негізгі мектебін аудан бойынша алдыңғы қатарға шығарып отыр. Іс-шараға арнайы келген Шал ақын аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Хамит Әбілқасымұлы да осыны атап өтті.

– Біздің негізгі мақсатымыз – қоғамға қызмет ететін, елінің ертеңі үшін еңбек етіп, өзгелерді де алға жетелейтін ұрпақ тәрбиелеу. Ақсу мектебінің мұғалімдері осы мақсат жолында жемісті еңбек етіп келеді. Балалардың биіктерді бағындыруы бізді қуантып отыр. Ұрпақ тәрбиесіне тек ұстаздар ғана емес, осылайша күллі ел болып үлес қосуымыз керек. Сонда ғана қазіргі заманның тала­бына сай, озып шығатын азаматтар өседі. Ауыл халқына білім ордасы­ның жұмысы жемісті болып, оқушы­лар саны жылдан-жылға арта берсін деп тілеймін, – деді Хамит Әбіл­қасымұлы.

Мұндағы балалардың ауылдың атын көпке танытып, олжа салып жүруіне ең бірінші себепкер – мұға­лімдер. Осы оқушыларға тәлім беріп жүрген ұстаздардың да жетістіктері аз емес. Бірталайы аудандық, об­лыстық, республикалық байқауларда марапаттар еншілепті. Мектеп психологы Айгерім Рақышева жыл психологы атанып, Алматыда өткен республикалық байқауда жүл­делі болыпты. Маман бұл жетістік тек өзінің ғана емес, осындағы отбасы­ның, дем берген ұжымының жетістігі деп санайды. Ақсуға көрші Жаңасу ауылында туған Айгерім Рақышева 13 жылдан бері осы саланың тізгінін ұстап жүр. Алғашында қалада еңбек етіп, кейін ауылға келген. Мектеп пси­хологы болумен қатар бастауыш сы­ныптарға да сабақ береді.

Ақсу негізгі мектебінің 1 қабатты ғимараты 1972 жылы бой көтеріпті. Содан бері елу жылдан астам уақыт бойы жастарды білім нәрімен сусын­датып келеді. Жәмилә Нұрғалиева басқаратын шағын ұжым заман кө­шіне ілесіп, алдыңғы қатардан кө­рінуге тырысуда. Биыл түлектердің екеуі қызыл аттестатпен оқуын аяқтап отыр. Оқушыларға 14 мұғалім сабақ береді. Қазір музыка мұғалімі ғана жетіспей тұр. Мектеп жанынан мектепалды даярлық тобы мен ша­ғын орталық ашылған. Бір қиыны – ауыл мектебі ғимаратының ескір­ген­дігі. Білім ордасы жөндеуді қажет ете­ді. Елді мекеннің тұрғын­дары мен ту­ма­лары ғимаратты жа­ңартуға қанша тырысқанымен күр­делі жөндеуді қал­талары көтермеген. Осыған қара­мас­­тан ауылда тер төгуге келіп жат­қан жастар да бар. Мысалы, ағыл­шын тілі пәнінің мұғалімі Әлішер Әс­кер “Дипломмен – ауыл­ға!” бағдар­ла­ма­сымен Ақсуға келген екен. Об­лыс орталығындағы Мағжан Жұ­ма­баев атындағы жоғары колледжді тамамдаған маман осында жұмысқа орналасыпты. Бағдарлама тәртібіне сай жас маман 3 жыл елді мекенде еңбек етуі керек. Десе де Әлішер одан әрі қызмет жолын Ақсуда жал­ғастыра беруге ниетті екенін жеткізді. Айтуынша, мемлекет тарапынан 345 мың теңге көтермеақы беріліп, бас­пана алу мүмкіндігі ұсынылған.

Ауылдықтар тек мектеп ісіне ғана емес, елді мекенге қатысты өзге де мәселелерге үн қосып, бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол шығарып келеді. Белсенділер тарапынан көте­рілген оң бастаманы қолдай келіп, қол­дағы барын береді. Соның нәти­же­сінде елді мекеннің ажары кіріп қалған. “Арда ұлың болсын, айналып соғар, атамыз қаққан қазыққа” деп ақындар жырлағандай, ауылдағы қа­зығына айналып соғар арлы азамат­тар былтыр елдің қамы үшін “Ақсу” қо­рын құрған. Бұдан былай жұртшы­лықтың игілігі үшін берілген қаражаттың бәрі осы қорға жиылады. Бұрын бастаған істі аяғына жеткізу үшін халықтан жылу жиналса, енді ол қар­жы қордан алынады. Аталған қордың ұйымдастырушысы Әшім Жылқай­даров та мерекеге орай туған жерге ат басын бұрыпты.

– Бір жылда мектебіміз үлкен табыстарға жетіпті. Біз осының бәрін бағалауымыз керек. Мен осы ауыл­дағы талай өзгеріс пен істелген оң істердің куәсімін. Аталарының жо­лын жалғап, игі іске атсалысып жүре­тін бірнеше буын өкілдері бар. Осын­дағы шаралардың біразы елдің бер­ген жылуының арқасында жүзеге ас­ты. Енді бүгін біз осы мақсатта ар­найы қор құрып отырмыз. Былтыр­дан бері онда біраз қаражат жиылды, – дей келе, Әшім Жылқайдаров бір­қатар өренге қаржылай сыйлық табыстады.

“Ақсу” қорының атынан қаржы­лай қолдау оқу үздіктеріне, екпінді оқушыларға берілді. Республикалық байқауда топ жарған мектеп психо­логы Айгерім Рақышеваға да арнайы сыйлық бұйырды.

Өркениеттің шырақшысы болып отыр­ған “өнер, білім бар жұрттар” бар қаржысын келешек ұр­пақтың дамуына құяды. Қаржы­герлер де жастарға жұмсалған ақ­шаның 20-30 жылдан кейін пайда әкелетінін айта­ды. Шынында да, болам дейтін ел ғылым мен білімге басымдық беруі керек. Өйт­кені елді алға шығаратын дүние оның байлығы мен тау-кені ғана емес, кемел білімі, іргелі ғылы­мы мен адами капиталы. Басқалар­да нықтап орныққан осы үрдіс біздің елдің де сүйегіне сіңіп келеді. Бұл жолда қолдауды, ең алдымен, ұл-қыздарға көрсетіп жатқан ақсулық­тардың осы ісі көпке үлгі. Әйтпесе бір күндік жиын-тойға шашылып-төгіліп, ақырында картадан өшіп бара жат­қан елді мекендер де бар ғой. Мұн­дайда Ақсудағы ағайынның ісіне сүй­сіне қарайсың. Балалардың да ертеңгі күнге қанаттанып, қолдайтын жұрт барын көріп, алғашқы олжасын ауылдан еншілеп шығуы жақсы ырым емес пе?

Ақсуда бұдан басқа да атқарыл­ған істер көп. Оның біразы елді ме­кеннің 90 жылдығына орай 2018 жы­лы Әшім Жылқайдаровтың құ­рас­тырумен жарық көрген “Есенгел­ді – елім, Ақсу – ауылым” атты жинақта қамтылған. Өткен ғасырда еңбегімен алға озып, жоғары марапаттарды еншілеген Тілеужан Мұхамедьяров, Күлбарам Сәдуақасова, Еркін Сә­дуақасов сынды азаматтар жайлы деректер де кітапқа енген. Биыл мерейтойы аталып өтіп жатқан Игібай Әлібаев та Ақсу мектебінде алғаш іргетасы қаланған жылдары еңбек еткен екен. Ақсу ауылы “Ақсу” атты судың маңында орын тепкендік­тен осылай аталыпты. Сол сияқты ауыл маңындағы “Қос арал”, “Бие бай­лаған”, “Күйген шоқ”, “Машақ та­лы” аталатын ағаш шоқтарының аты­ның өзі – бір тарих. Алғашында Қы­зылжар ауданын мекендеген Есен­гелдіден тараған ұрпақ отаршылдар­дың қазақ даласына қоныстануы сал­дарынан қазіргі мекеніне көшеді. Сол маңдағы ел жиылып, 1928 жылы Ақсу ауылын құрады. Бес жылдан кейін ауылдықтар елді мекеннің ға­сыр тойын атап өтпек. Мұндағы тұр­ғындар өздерінің өткенін әсте ұмыт­қан емес. Оған – ел орнатқан ес­керт­кіш тақталар дәлел. Мысалы, 1985 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс құр­бандарына арналған ескерткіш, 1995 жылы майдан даласынан аман оралған марқұмдарға ескерткіш, 2013 жылы 1937-1938, 1940-1950 жыл­­­дардағы қуғын-сүргінге ұшырағандарға ескерткіш тақта орнатылған.

Ел арасында Ақсуды ежелден “иманды ауыл” атайды екен. Біле­тіндер мұнда 1926 жылы мешіт салынған деседі. Алайда уақыт өте келе оның да іргесі сөгілген. Ал на­мазхан жұрт 2010 жылы жылу жинап, жаңа ауылдық мешіт тұрғызыпты. Шағын мешіт кейінгі жылдары кеңе­йіп, жуық арада тағы жөн­деуден өт­кен. Дінге берік тұрғындар бабалары мен туыстары тұрақ тап­қан зиратқа да күтім жасап, биыл жаңа үй тұр­ғызыпты. Сайлаубай Смаилов, Му­син Елтай сияқ­ты өзге де ауыл тұр­ғындары бірігіп бұл үйдің құрылысын біз барған күннің алдында тамам­дап­ты. Елді ме­кенге кіре­берісте жұрт орнатқан “Ақсу” дейтін еңселі жазу бірден көзге түседі. Бүгіндері ауыл­ішілік жол­дарға қиыршықтас төсе­луде. Оң өз­герістер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алда “Ақсу” қорының демеу­шілігімен басқа да оң баста­малар жүзеге аспақ.

Ауылдағы ағайын қолдан келген­ше ел өмірін жайлы етуге тырысып-ақ жүр. Алайда мемлекет тарапынан қолдау болмаса, күрделі мәселе­лер­ді шешу қарапайым халықтың қо­лынан келер емес. Байқасақ, сол маңдағы ауылдардан тарамай қал­ғаны Ақсу ғана екен. Бұл да қай іске болсын жұмыла кететін ел бірлігінің көрінісі болса керек. Көршілес елді ме­кен­дердің мектептері жабылып, адамы сиреген. Іргелес Жаңасуда да сау­сақпен санарлық үй қалыпты. Ақ­сулықтар осындай күйге түсіп қаламыз ба деп алаңдайды. Жастар көшіп келмесе, оқушылар азая бермек. Тұрғындардың басым бөлігі сол мектепте еңбек ететіндіктен білім ордасының ша­ңырағының шайқалмағанын қалай­ды. Қырық шақты үйді қамтып отыр­ған мешіт пен ауылдық дүкен де жұ­мысын тоқтатқан жоқ. 2000 жыл­дары мұнда су тартылып, тұрғындар игілігін көре бастаған. Алайда көп өтпей ол жұ­мыс тоқтап, жұртшылық құдық суын ішіп отыр. Содан қалған ғимараттың төрт қабырғасы әлі тұр. Өткен жылы жақын маңдағы Новопокровка, Кри­вощеково елді мекендеріне 9,5 ки­лометр су желілері тартылған. Жа­ңа­су ауылын да сумен қамту жұмыс­тары былтыр басталыпты. Алдағы 2-3 жылда аудандағы тағы оннан ас­там ауыл Пресновка, Есіл су торап­тарына қасылып, ауызсуға қол жет­кізеді. Өкініштісі бұл тізімнен Ақсу ауы­лын таба алмадық. Одан кейінгі сумен жабдықтау үшін жобалық сме­талық-құжаттары дайындалып жат­қан 11 елді мекеннің тізімінде де біз барған елді мекен жоқ болып шықты. Қайта табиғат Ақсуды судан тарық­тырмапты. Топырағын қазып қалса­ңыз көп өтпей, таза су шығады екен. Ел­ді мекенге баратын жолдың да жайы мәз емес. Діттеген жеріне жыл­дам жеткісі келетіндер ауылға жа­қындағанда күре жолдан қара жолға түсіп, алқаптың арасымен шаң жұ­тып баруға мәж­бүр. Ақсу маңын­да­ғы жерге “Асыл Логистик” серік­тестігі дән сеуіпті. Былтыр серік­тестік та­рапынан әлеу­меттік көмек ретінде әр үйге 30 мың теңгеден үлестірілген.

Ақсулықтардың ендігі үміті – ауыл­дық клуб­ты қайта ашу. Кеңес кезінен қалған ескі ғи­мараттың терезесі жа­ңартылған. Тұрғындар клуб ашы­лып, онда бір­неше жұмыс орны пай­да болады деп күткен. Алайда бұл іс те аяқсыз қалып, жаңа терезе са­лын­ған ескі нысанның есігіне құлып ілін­ген. Аудан әкімі Рахат Смағұловтың өткен жылдың қорытындысы бойын­ша есебіне сенсек, 2022 жылы Шал ақындағы Ыбраев ауылындағы клуб биыл пайдалануға берілмек. Ал Но­вопокровка, Кривощекова елді ме­кен­деріндегі клубтардың жөндеуі “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында қаржыландырылады екен. Ал Ақсу клу­бының жобалық-сметалық құжат­та­ры дайындалғанмен қаржы көзі табылмай келеді.

– Клубқа жаңа терезе орнатқалы екі жылдан асты. Одан кейін шаты­рын ауыстыруға жұмысшылар келеді деп оларға тұратын үй-жайын да­йындау керек болды. Жұмысшы­лар сол күйі келмеді. Ауылдық округ әкімі де қаржы бөлінбей жатқанын ай­та­ды. Мұнда бірнеше үйірме жұмыс іс­теп, халықтың бос уақытын өткізуге жағ­дай жасалады деп күт­кенбіз. Ол ашыл­са 5-6 адамға жұмыс табылар еді. Мектептегі бала саны да аз. Ар­найы бағдарламалармен ауылы­мыз­­ға отбасылар қоныс ау­дарса, бұл мә­селе де шешілер еді, – дейді бір­ауыздан Ақсу ауылының тұрғын­дары.

Қиындықтарға қарамастан ауыл­дықтар бірлігі мен ертеңге деген се­німінің арқасында қалыпты тіршілі­гінен қол үзген емес. Мектеп жөнде­ліп, клуб ашылады деген үміттері зор. Осы маңдағы Ақсу болмаса Ең­бек, Жаңасу елді мекендерінің ертеңі бұ­лыңғыр. Тоғыз жылдық мектеп те тек осында сақталып қалыпты. Қай­тар жолда Лузинка ауылының білім үйінің есігіне де қара құлып са­лын­ғанын көрдік.

Диас АЯҒАН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp