«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ет сататындардан пара алған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавл қалалық сотының үкі­мімен мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық инспектор пара алғаны үшін сотталды. Оған параның 35 есе­ленген сомасы мөлшерінде, яғни 5 млн. 200 мың теңге айыппұл са­лынды.

Облыстық сыбайлас жемқор­лыққа қарсы қызметтің мәліметінше, Петропавл қалалық аумақтық инспекциясының бас маманы Жанар­бек Бусурмановқа қатысты қылмыстық іс бойынша мән-жайлар бұрын­ғы мемлекеттік қызметші жұмыс іс­те­ген ұжымда қаралды.

“2023 жылдың ақпан-наурыз айлары аралығында Бусурманов қыз­меттік жағдайын асыра пайдалана отырып, тиісті ілеспе ве­теринарлық құжаттарсыз “Привок­зальный” және “Дария” қалалық ба­зарларында ет өнімдерін көтерме сатып алуды және бөлшектеп са­туды жүзеге асыратын кәсіпкер­лерден пара алған. Сотталушының мұндай әрекеті аумақтық инспек­цияның жауапты тұлғалары тарапы­нан тиісті бақылаудың болмауынан туған”, – дейді Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Айдос Жүнісов.

Бағыныштылардың жемқорлы­ғы үшін бірінші басшылардың жауапкершілігі туралы заңнама нормаларын іске асыру мақсатында ветеринариялық бақылау және қа­дағалау комитеті төрағасының ше­шімімен Петропавл қалалық аумақ­тық инспекциясының басшысы Ақпан Құсайынов қатаң сөгіс алды.

“Инспекторлар арасында сыбай­лас жемқорлыққа жол бермеу үшін олардың жұмысында қызметтік аудио және бейне тіркеу пайда­ланылуы керек. Мұндай талаптың болуына қарамастан, Петропавлдың 7 базарында барлық 5 инспек­торды бейнетіркегіштермен жарақтан­дыру осы мәселе сөз болғаннан кейін ғана қолға алынды. Сыбайлас жемқорлық жасауға ықпал ететін мән-жайларды жою үшін ау­мақтық инспекция басшылығы мем­лекеттік инспекторлардың сыбай­лас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын және мемлекеттік қыз­метшілердің Әдеп кодексі нормала­рын сақтауына қатысты мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылау және қадағалау аясында жүргізілген бейнежазбаларға мониторинг жүргі­зуі қажет”, – дейді Айдос Жүнісов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp