«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тамшылатып суару – мол өнім кепілі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында ауыл шаруашылығындағы ахуалдың еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін үнемі ескертіп келеді. Осынау стратегиялық міндетті шешу жолдарының бірі – саланы дамытуға кең жол ашатын шаруалардың өзара ұжымдасуы. Қанатқақты жобаларды жүзеге асыру барысында оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал мал басы шамамен 25 пайызға көбейген.

Мемлекет басшысы атап өткендей, әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, озық технологиялар кеңінен қолданылса, мол өнімге қол жеткізері сөзсіз. Осыған орай агроөнеркәсіп кешені алдына жаңа талаптар қойылды. Жердің құнары, су ресурсы, суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер бірізділендіріліп, іс-тәжірибелер жан-жақты насихатталса, үйлесімді де ырғақты жұмыс істеудің барлық мүмкіндіктері туары анық. Оның нақты мысалын біздің шаруашылықтан көруге болады. Кезінде Абай атындағы кеңшар тарап, жергілікті тұрғындар не істерлерін білмей дағдарып қалғанда әкем Сергей Адамович “Звольский” өндірістік кәсіпорнын құру арқылы жұмыспен қамтып, ауылды сақтап қалған. Кейін “Астық-Стем” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ұйымдастырып, Талғат, Елубай, Мұрат секілді қолынан іс келетін жігерлі де іскер азаматтарды қатарына қосып, облыс бойынша тұңғыш рет тамшылатып суару жүйесін қолдана бастаған. Бұл әдіс, әсіресе соңғы жылдары теріскейде де климат өзгеріп, құрғақшылық жиі орын алған сәттерде тиімділігін көрсетіп отыр. Бүгінде егін шаруашылығы жақсы жолға қойылған. 5 мың гектарға бидай, 2 мың гектарға зығыр, 1,5 мың гектарға рапс өсіріледі.

Мемлекет басшысы “Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам” Жолдауында ел экономикасын жүйелі түрде өркендетуге су тапшылығы қатты кедергі келтіріп отырғаны, мәселенің ширыққаны соншалық, оның ұлттық қауіпсіздікке айналғаны ашық айтылды. Сырттан келетін су барған сайын азайып барады. Оның өзін ысырапсыз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтыра түскен. Тіпті судың 40 пайызы құмға сіңіп кететін көрінеді. Бұл салада басқа да түйткілді жайттар аз емес. Мәселен, инфрақұрылым әбден тозған. Автоматтандыру мен цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыруға, білімді сарапшыларды жұмысқа тартуға, су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеуге нақты тапсырмалар берді. Деректерге жүгінсек, республика аумағының 29 пайызы – далалық, 44 пайызы шөлді аймаққа жатады. Яғни жердің жартысына жуығы шөлді және шөлейтті деген сөз. Осы себепті ауа райының ерекшелігі мен топырақ құнарлылығына қарай әр өңірдегі егістік алқаптарының көрсеткіші әрқалай. Шет мемлекеттерде тамшылатып суару әдісі кеңінен енгізілген. Өкінішке қарай елімізде әлемдік озық тәжірибелерді өндірісте қолдану әлі де көңіл көншітпейді. Көбіне жаңбырлатып суарумен шектеледі. Әкем бастаған топ израильдік тәжірибені таңдаған. 2010 жылдан бастап серіктестікте тамшылатып суару іске қосылып, бұл бағыттағы шаралар жемісін беріп келеді. Алғашқы жылдың өзінде озық жоба аясында картоп және сәбізден 100 мың, 2011 жылы 350 мың доллар таза пайда тауып, 124 млн. теңге өндірісті кеңейтуге бағытталды. 2012 жылы әр гектардан 46 тонна картоп жиналып, бір килограмм өнімнің өзіндік құны – 20, ал сату бағасы 50 теңге болды. Қазіргі уақытта 239 гектар жерге картоп, 41 гектарға сәбіз егіледі. Бұдан бөлек, жаңбырлату тәсілімен 239 гектар картоп, 126 гектар жүгері 105 гектар беде шөбі өсіріледі. Бірақ екі жүйеде өнімділік әрқилы. Мәселен, тамшылатып суаруда картоптың гектар берекелігі 58-60, ал жаңбырлатып суаруда 30-40 тоннадан айналады. Тамшылатып суарудың артықшылықтары – шығын әлдеқайда аз, су көп үнемделеді, топырақ эрозиясы азаяды, тыңайтқыш қажетті мөлшерде беріледі. Барлық үдеріс автоматтандырылған. Ең бастысы, өсімдіктің тамырына су мен тыңайтқыш біркелкі жетеді. Әрине қиындықтары да жоқ емес. Технологияларды сатып алуға алғашқы кезеңде көп шығын жұмсалады. Пластиктен жасалған жіңішке түтікшенің бір гектарға 13 мың метрі қажет. Екіншіден, ерітінді тыңайтқыштар мен техникалар қымбат, шетелден әкелінеді. Бұрындары кеңшардың Калиновка бөлімшесіне картоп жинауға көмектесуге келген адамдарға тамақ дайындау үшін күніне бірнеше сиыр сойылады екен. Басқа да жасалатын жағдай аз болмайтын. Енді бұл үдерісті 600 мың евроға сатып алынған өздігінен жүретін кешенді комбайн жалғыз атқарады. Мұндай техника елімізде үшеу ғана. Бүгінде жылына 10 мың тоннаға дейін картоп жинап жүрміз. Биылғы көрсеткіш бұдан да жоғары. Осынша мол өнімді сақтайтын бес қойма талапқа сай жабдықталған. Былтыр картоптың әр килограмы 95-105 теңгеден саудаланды. Облыстан тысқары жерлерде сұранысқа ие. Биылғы жаздың аптап ыстықпен басталатынын диқандар түгіл синоптиктердің өздері күтпеген сыңайлы. Біз бұл жүйенің игілігіне әбден көз жеткізгендіктен, егілетін картоп пен сәбіз алқаптарын молайттық. Таңдаудан қателеспегеніміз анық. Жолдауда белгіленген басты басымдықтың бірі – қазіргідей жағдайда жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтау. Осыған орай әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсарту, еңбек өнімділігін екі жарым есеге дейін көбейту, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспортын екі есе арттыру міндеттері қойылды. Президент басы бірікпеген қосалқы шаруашылықтар, шын мәнінде, өлместің күнін көріп отырғанын, бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз екенін, бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отырумыздың себебі де осында екенін атап көрсетті. Кәсіби мамандардың тапшылығы, сондай-ақ аграрлық ғылымның ойдағыдай дамымауы да саладағы қордаланған проблемалардың бірі ретінде аталды. 1927 жылы іргетасы қаланған Қарағаш ауылын серіктестік өз қамқорлығына алып отыр. 161 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Орташа айлық жалақы 163 мың теңгеден айналады. 2013 жылдан бастап мал шаруашылығымен де тұрақты түрде айналысып келеді. Осы жылы “Петерфельд – Агро” ЖШС-дан 50 бас симментал тұқымды ірі қара сатып алынды. Кейін 100 бас қарала сиыр Башқұртстаннан жеткізілді. Бүгінде тауарлы-сүт фермасында күніне 3,8 тонна өнім өндіріледі. Тамыз айына қарай оның көлемін төрт есеге дейін арттырмақпыз. Оған мүмкіндік жеткілікті. Жуырда сүтті бағыттағы 159 бас қашар сатып алынды.

Қазақстан – әлеуметтік мемлекет саналатындықтан, азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – қалыпты құбылыс. Жолдауда жұртшылықтың назары қоғамда патерналистік көңіл-күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алып бара жатқанына аударылды. Мемлекеттен ала берсем, тек жеңілдікті әлеуметтік бағдарламаларға сүйенсем деген пиғылдағы адамдар округ аумағында сирек болса да кездесіп қалады. Оларға айтарымыз, аяқ-қолы балғадай азаматтарға жұмыс қайдан болса да табылады, оларға өз тарапымыздан көмектесуге әзірміз. Мұндай жағымсыз өмір салты өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Былтыр шаруашылық есебінен 5 баспана пайдалануға берілді. Оларға көп балалы отбасылар мен жас мамандар орналастырылды. Биыл тұрғызылған бір пәтердің кілті асырауында алты баласы бар машина-трактор меңгерушісінің отбасына табыс етілді. 5-6 жылдан кейін баспананы жарты бағасына сатып алуына болады. Бұған дейін бір үйді салуға 8-8,5 млн теңге жұмсалса, қазіргі шығын 17-18 млн. теңгені құрайды. Басты мақсатымыз – еңбеккерлерге талапқа сай жағдай тудыру. Орталықтандырылған су құбыры 1982 жылдан бері үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Үйлерге су тартылған. Оны тегін тұтынады.

Сергей ЗВОЛЬСКИЙ,

“Астық СТЕМ” ЖШС-ның директоры.

Тайынша ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp