«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұстазым, менің ұстазым

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адамзат қай кезеңде де ұстазға ерекше құрмет көрсетіп, пір тұтқан. Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз – ең аяулы, қадірлі жан. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі, педагогикалық еңбек ардагері Әлия Малдыбаеваның 70 жасқа толуына орай өткен әдеби-сазды кеш – соның жарқын дәлелі. Өңіріміздің білім саласының дамуына зор үлесін қосқан ұстазды құттықтау үшін шараға мерейтой иесінің туған-туыстары, әріптестері мен шәкірттері жиналды.

Әлия Ғалымқызы өзі қызмет ат­қарған 43 жыл ішінде жүздеген шә­кіртті білім нәрімен сусындатты. Бүгінде оның алдын көрген 100-ге жуық шәкірт ұстаздарының жолын қуып, ұстаздық етіп жүр. Ешбір шәкірт сүйікті ұстазын қай­да жүрсе де ұмытпасы анық. Со­ның бір дәлелі – шетте жүрген шә­кірттерінен бірнеше видеоқұттықтау келіп түскен. Мерейтой иесінің ал­ғашқы шәкірттерінің бірі, қазақ ин­тернатының 1977 жылғы түлегі Үміт Пішенбаеваның, Алматы қаласынан Гүлзат Нұрмолдақызының игі тілек­тері жұртшылықтың жүректерін елжіретті.

Кейін ортаға шыққан Әлия Ғалымқызының шәкірті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жана­р Таласпаева ақ тілегін арнады.

– Әлия Ғалымқызы елін, жерін сүйетін, егемен еліміздің келешегі – бүгінгі жастарға сапалы білім, са­на­лы тәрбие берген, өз өнегесі мен еңбекқорлығының арқасында ел құрметіне бөленген ардагер ұстаз. Өзімдікі, өзгенікі демей, қазақтың бар баласын бауырына тартып, қам­қорлығын көрсеткен, терең білім бер­ген жанға қандай құрмет көрсетілсе де жарасады. Саналы ғұмырының біраз жылын білім беру саласына арнаған Әлия Ғалымқызына Петро­павл қаласының құрметті азаматы атағы берілсе құба-құп, – деді Жа­нар Серкешқызы.

Небір ардақты тұлғаларды бап­таған қарашаңырақ – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта тапжылмас­тан табаны күректей 43 жыл жұмыс істеу, шәкірттердің бірнеше буынын тәрбиелеу – екінің біріне бұйырма­ған бақ. Жиналған қауым Әлия Ға­лымқызының мектеп қабырғасында қызмет еткен жылдарының қалай өт­кенін шағын бейнероликтен тама­ша­лады. Әлия Ғалымқызы республикалық, облыстық газет-журналдарға мазмұнды мақалалар, зерттеу еңбектері мен әдістемелік кеңестер жазды. Олардың саны 400-ге жетіп жығылады екен. Солардың ішінде “Мағжанның ақындық-аза­маттық тұлғасы”, “Абай жолы – ха­лық­тық педагогиканың қайнар көзі”, “Зейнел-Ғаби Иманбаев шығар­ма­шылығының көркемдік сипаты”, “Қы­рым қызының” қырмызылығы ту­ралы” (әкесі Ғалым Малдыбаевтың шығармашылығы жайында), “Тұн­шыққан тілге тыныс керек”, “Ар-ұятым, асылым – тілім менің” секілді көкейкесті мәселелерге арналған материалдар қазіргі күннің өзекті тақырыбын қозғады. “Қазақстан мек­тебі”, “Қазақстан мұғалімі” басылым­дарында жастарға арналған көмекші әдістемелік нұсқаулықтары жа­рық көрді.

– Өз басым қарашаңырақта 4-сыныптан 11-сыныпқа дейін оқы­дым. Интернатта мен үшін ең жақсы көретін 2 орын болды. Біреуі мектеп асханасы болса, екіншісі – Әлия Ға­лымқызының кабинеті еді. Әр түкпі­рін білетінмін. Алдымда әрқашан үйілген том-том кітап. Сыныптас ба­лалар сыртта доп қуып жүрсе, мен кі­таптың ішіне кіріп кетіп, “Хамитпен бірге бандыны қуатынмын”. Арасын­да ұстазым: “Бір демалып ал, күнім” – деп, ән айтып беретін. Сол әндер шаршағаныңды демде басатын еді ғой, шіркін! Алтын орда – гимназия-интернатымыз әр оқушыға ұмытыл­мас естеліктер сыйлағаны анық. Ең бастысы, Әлия Ғалымқызы секілді алтын ұстаздардың алдын көруге мүм­кіндік берді. Оның әр сөзі, әр ақылы, әр ғибраты есімде, – дейді шәкірті Нұржан Сейіл­беков.

Кеш соңында ұстаздың барлық шәкірттері ортаға шығып “Ұста­зым” әнін бірге шырқады. Осылайша Әлия Малдыбаева оқушыларының арасында құрмет-қошеметке бөленді.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp