Адамзат қай кезеңде де ұстазға ерекше құрмет көрсетіп, пір тұтқан. Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз – ең аяулы, қадірлі жан. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі, педагогикалық еңбек ардагері Әлия Малдыбаеваның 70 жасқа толуына орай өткен әдеби-сазды кеш – соның жарқын дәлелі. Өңіріміздің білім саласының дамуына зор үлесін қосқан ұстазды құттықтау үшін шараға мерейтой иесінің туған-туыстары, әріптестері мен шәкірттері жиналды.
Әлия Ғалымқызы өзі қызмет атқарған 43 жыл ішінде жүздеген шәкіртті білім нәрімен сусындатты. Бүгінде оның алдын көрген 100-ге жуық шәкірт ұстаздарының жолын қуып, ұстаздық етіп жүр. Ешбір шәкірт сүйікті ұстазын қайда жүрсе де ұмытпасы анық. Соның бір дәлелі – шетте жүрген шәкірттерінен бірнеше видеоқұттықтау келіп түскен. Мерейтой иесінің алғашқы шәкірттерінің бірі, қазақ интернатының 1977 жылғы түлегі Үміт Пішенбаеваның, Алматы қаласынан Гүлзат Нұрмолдақызының игі тілектері жұртшылықтың жүректерін елжіретті.
Кейін ортаға шыққан Әлия Ғалымқызының шәкірті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан Университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Таласпаева ақ тілегін арнады.
– Әлия Ғалымқызы елін, жерін сүйетін, егемен еліміздің келешегі – бүгінгі жастарға сапалы білім, саналы тәрбие берген, өз өнегесі мен еңбекқорлығының арқасында ел құрметіне бөленген ардагер ұстаз. Өзімдікі, өзгенікі демей, қазақтың бар баласын бауырына тартып, қамқорлығын көрсеткен, терең білім берген жанға қандай құрмет көрсетілсе де жарасады. Саналы ғұмырының біраз жылын білім беру саласына арнаған Әлия Ғалымқызына Петропавл қаласының құрметті азаматы атағы берілсе құба-құп, – деді Жанар Серкешқызы.
Небір ардақты тұлғаларды баптаған қарашаңырақ – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатта тапжылмастан табаны күректей 43 жыл жұмыс істеу, шәкірттердің бірнеше буынын тәрбиелеу – екінің біріне бұйырмаған бақ. Жиналған қауым Әлия Ғалымқызының мектеп қабырғасында қызмет еткен жылдарының қалай өткенін шағын бейнероликтен тамашалады. Әлия Ғалымқызы республикалық, облыстық газет-журналдарға мазмұнды мақалалар, зерттеу еңбектері мен әдістемелік кеңестер жазды. Олардың саны 400-ге жетіп жығылады екен. Солардың ішінде “Мағжанның ақындық-азаматтық тұлғасы”, “Абай жолы – халықтық педагогиканың қайнар көзі”, “Зейнел-Ғаби Иманбаев шығармашылығының көркемдік сипаты”, “Қырым қызының” қырмызылығы туралы” (әкесі Ғалым Малдыбаевтың шығармашылығы жайында), “Тұншыққан тілге тыныс керек”, “Ар-ұятым, асылым – тілім менің” секілді көкейкесті мәселелерге арналған материалдар қазіргі күннің өзекті тақырыбын қозғады. “Қазақстан мектебі”, “Қазақстан мұғалімі” басылымдарында жастарға арналған көмекші әдістемелік нұсқаулықтары жарық көрді.
– Өз басым қарашаңырақта 4-сыныптан 11-сыныпқа дейін оқыдым. Интернатта мен үшін ең жақсы көретін 2 орын болды. Біреуі мектеп асханасы болса, екіншісі – Әлия Ғалымқызының кабинеті еді. Әр түкпірін білетінмін. Алдымда әрқашан үйілген том-том кітап. Сыныптас балалар сыртта доп қуып жүрсе, мен кітаптың ішіне кіріп кетіп, “Хамитпен бірге бандыны қуатынмын”. Арасында ұстазым: “Бір демалып ал, күнім” – деп, ән айтып беретін. Сол әндер шаршағаныңды демде басатын еді ғой, шіркін! Алтын орда – гимназия-интернатымыз әр оқушыға ұмытылмас естеліктер сыйлағаны анық. Ең бастысы, Әлия Ғалымқызы секілді алтын ұстаздардың алдын көруге мүмкіндік берді. Оның әр сөзі, әр ақылы, әр ғибраты есімде, – дейді шәкірті Нұржан Сейілбеков.
Кеш соңында ұстаздың барлық шәкірттері ортаға шығып “Ұстазым” әнін бірге шырқады. Осылайша Әлия Малдыбаева оқушыларының арасында құрмет-қошеметке бөленді.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.