Солтүстіктің жанға жайлы салқын самалы ерекше әсер сыйлап, жүректі тербейді. Жазық дала жаздың келгенін көрсеткісі келгендей түгел жасыл түске боялыпты. Күре жолдың бойынан әр жерге бір орын тепкен шағын ауылдар көзге шалынады. Ой мен қыры аз даланың көкжиегінде сағым бұлдырайды. Әр жерге бір шашырай топтасқан қайыңды ормандар сол сағымның ортасында теңіз бетіндегі жасыл аралдай елестейді. Көктің күзетшісіндей болып аспанды айнала құс ұшса, жерде көлікпен жарысып елік жортады. Қызылжардың даласында сапарлап жүріп, аң мен құстың небір түрін жолықтырасыз.
Мұның бәрі қанша көрген таныс көрініс болса да, жол үстінде келе жатып кең далаға деген сағынышың қайта оянады. Әсіресе көзге шалынған елді мекендердің қазіргі тыныс-тіршілігінен хабар алғың келгендей ұзақ қарайсың. Аға буын талмай әңгімеге қосатын осы ауылдардың баяғы қыж-қыж қайнаған өмірін көз алдыңа елестетесің. Сол дәурен алыстағы ағайынның басына қайта оралар ма екен деп, қиялға берілесің. Ауылдардың тұсынан өтіп бара жатып сол жердің тұрғындарын көргің келеді. Бір өкініштісі, көбіне мұндайда күндіз шырақ ұстаған Диогеннің күйін кешесің. Тоз-тозы шығып, азғантай ғана адамы қалған ауылдардан кісі қарасы көріне қоймайды. Ал мал бағып жүрген малшыны, ойын қуған баланы, тұрмыс қамын күйттеген әйелдерді көргенде жақын адамыңды жолықтырғандай жаның жадырайды. Қалада күніне жүздеген адамды көруге үйренген көзіміз мұндайда неге жайнап шыға келеді екен? Бұл ауылдағы ағайынның бөлек болмысында, ерекше табиғатында болса керек. Ондағы жұрттың бойынан жасандылық байқалмайды. Қуанғаны да, күйінгені де шынайы. Бір-бірінен жасырар сыры, бүгіп қалар құпиясы жоқ. Қашан да әзілі жарасып, туған-туыстай боп өз бетінше еркін өмір кешіп жатқаны. Мұны ауылдықтар өздері байқамаса да, қаладан келген кісіге бірден сезіледі.
Біз бет алған Шал ақын ауданындағы Ақсу ауылында да осындай бірлігі жарасқан ақжүрек ағайын тұрады. Ақсудағы игі бастамалар мен оң өзгерістерден бұрыннан хабардармыз. Шағын елді мекеннің бар баласы бір қабатты мектеп ауласына жиналыпты. Соңғы қоңырау салтанатына келген ата-аналар мен арнайы қонақтар да бар. Алдымен ортаға бастауышты тамамдап жатқан ұл-қыздар шақырылды. Мектеп табалдырығын 8 оқушы аттады. Бұдан бөлек, Ақсу негізгі мектебінің 9-шы сыныбын аяқтаған 3 түлек білім ордасынан қанат қақты. Жиналғандарды оқу жылының аяқталуымен мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Айман Әбішева құттықтап, өткен жылы атқарылған істерге шолу жасады. Мұндағы оқушылар 1-сыныптан-ақ түрлі аудандық, облыстық додаларда топ жарып жүр екен. Атап айтқанда, Гүлнар Мусина мен Қажығали Айзат “Зерде” ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде 3-орын, Гауһар Мусина облыстық Абай оқуларында 3-ші, Шал ақын оқуларында 1-ші орын, Әзиза Қайрат облыстық мәнерлеп оқу сайысында 3-орын, Аружан Кәкім география пәні бойынша облыстық олимпиадада 3-орын иеленген. Тізе берсек ақсулық өрендердің пәндік олимпиадаларда, шығармашылық байқауларда, Қожаберген жырау, Абай Құнанбаев, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтерге арналған сайыстарда жеткен жетістіктері аз емес. Шағын ғана ауылдан шыққан жастардың осынша биіктерді бағындырып, облыс көлемінде мойындалуы осындағы ұстаздардың тынымсыз еңбегінің арқасы екенін де атап өткен жөн. Ұстаздардан бөлек, ауыл тұрғындары да балалардың сапалы білім алуына өз үлесін қосып келеді. Мектепке жанашыр азаматтар үнемі демеуші болып, жөндеу жұмыстарына, кабинеттерді жаңартуға қаржы құяды екен. Соңғы қоңырау салтанатында осындай азаматтардың есімдері де елеусіз қалған жоқ. Мәселен, соңғы 5 жылда білім ордасының ескі ғимаратының есігі ауыстырылып, қазақ тілі, биология, математика, бастауыш сынып кабинеттері жабдықталған. Оның сыртында қолы ашық азаматтардың көрсетіп келе жатқан қаржылай қолдауы тағы бар. Қай қиырда жүрсе де Ақсудағы мектептің жай-күйін естен шығармайтын Жақсыбай Құрмашев, Серік Макенов, Мереке Мұхамедияров, Бейнегүл Жылқайдарова, Берік Ақбаев, Асылбек Қоқашев, Алпысбай Нұрғалиев және тағы басқа бір топ азаматқа мектеп әкімшілігінің айтар алғысы шексіз.
Қырықтан астам бала оқитын мектеп оқушыларының үлгерімі де жақсы. Олардың оны оқу озаты атанса, 16-сы оқу екпінділері ретінде мақтау қағаздарына ие болды. Осы жетістіктердің бәрі Ақсу негізгі мектебін аудан бойынша алдыңғы қатарға шығарып отыр. Іс-шараға арнайы келген Шал ақын аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Хамит Әбілқасымұлы да осыны атап өтті.
– Біздің негізгі мақсатымыз – қоғамға қызмет ететін, елінің ертеңі үшін еңбек етіп, өзгелерді де алға жетелейтін ұрпақ тәрбиелеу. Ақсу мектебінің мұғалімдері осы мақсат жолында жемісті еңбек етіп келеді. Балалардың биіктерді бағындыруы бізді қуантып отыр. Ұрпақ тәрбиесіне тек ұстаздар ғана емес, осылайша күллі ел болып үлес қосуымыз керек. Сонда ғана қазіргі заманның талабына сай, озып шығатын азаматтар өседі. Ауыл халқына білім ордасының жұмысы жемісті болып, оқушылар саны жылдан-жылға арта берсін деп тілеймін, – деді Хамит Әбілқасымұлы.
Мұндағы балалардың ауылдың атын көпке танытып, олжа салып жүруіне ең бірінші себепкер – мұғалімдер. Осы оқушыларға тәлім беріп жүрген ұстаздардың да жетістіктері аз емес. Бірталайы аудандық, облыстық, республикалық байқауларда марапаттар еншілепті. Мектеп психологы Айгерім Рақышева жыл психологы атанып, Алматыда өткен республикалық байқауда жүлделі болыпты. Маман бұл жетістік тек өзінің ғана емес, осындағы отбасының, дем берген ұжымының жетістігі деп санайды. Ақсуға көрші Жаңасу ауылында туған Айгерім Рақышева 13 жылдан бері осы саланың тізгінін ұстап жүр. Алғашында қалада еңбек етіп, кейін ауылға келген. Мектеп психологы болумен қатар бастауыш сыныптарға да сабақ береді.
Ақсу негізгі мектебінің 1 қабатты ғимараты 1972 жылы бой көтеріпті. Содан бері елу жылдан астам уақыт бойы жастарды білім нәрімен сусындатып келеді. Жәмилә Нұрғалиева басқаратын шағын ұжым заман көшіне ілесіп, алдыңғы қатардан көрінуге тырысуда. Биыл түлектердің екеуі қызыл аттестатпен оқуын аяқтап отыр. Оқушыларға 14 мұғалім сабақ береді. Қазір музыка мұғалімі ғана жетіспей тұр. Мектеп жанынан мектепалды даярлық тобы мен шағын орталық ашылған. Бір қиыны – ауыл мектебі ғимаратының ескіргендігі. Білім ордасы жөндеуді қажет етеді. Елді мекеннің тұрғындары мен тумалары ғимаратты жаңартуға қанша тырысқанымен күрделі жөндеуді қалталары көтермеген. Осыған қарамастан ауылда тер төгуге келіп жатқан жастар да бар. Мысалы, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Әлішер Әскер “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасымен Ақсуға келген екен. Облыс орталығындағы Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжді тамамдаған маман осында жұмысқа орналасыпты. Бағдарлама тәртібіне сай жас маман 3 жыл елді мекенде еңбек етуі керек. Десе де Әлішер одан әрі қызмет жолын Ақсуда жалғастыра беруге ниетті екенін жеткізді. Айтуынша, мемлекет тарапынан 345 мың теңге көтермеақы беріліп, баспана алу мүмкіндігі ұсынылған.
Ауылдықтар тек мектеп ісіне ғана емес, елді мекенге қатысты өзге де мәселелерге үн қосып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып келеді. Белсенділер тарапынан көтерілген оң бастаманы қолдай келіп, қолдағы барын береді. Соның нәтижесінде елді мекеннің ажары кіріп қалған. “Арда ұлың болсын, айналып соғар, атамыз қаққан қазыққа” деп ақындар жырлағандай, ауылдағы қазығына айналып соғар арлы азаматтар былтыр елдің қамы үшін “Ақсу” қорын құрған. Бұдан былай жұртшылықтың игілігі үшін берілген қаражаттың бәрі осы қорға жиылады. Бұрын бастаған істі аяғына жеткізу үшін халықтан жылу жиналса, енді ол қаржы қордан алынады. Аталған қордың ұйымдастырушысы Әшім Жылқайдаров та мерекеге орай туған жерге ат басын бұрыпты.
– Бір жылда мектебіміз үлкен табыстарға жетіпті. Біз осының бәрін бағалауымыз керек. Мен осы ауылдағы талай өзгеріс пен істелген оң істердің куәсімін. Аталарының жолын жалғап, игі іске атсалысып жүретін бірнеше буын өкілдері бар. Осындағы шаралардың біразы елдің берген жылуының арқасында жүзеге асты. Енді бүгін біз осы мақсатта арнайы қор құрып отырмыз. Былтырдан бері онда біраз қаражат жиылды, – дей келе, Әшім Жылқайдаров бірқатар өренге қаржылай сыйлық табыстады.
“Ақсу” қорының атынан қаржылай қолдау оқу үздіктеріне, екпінді оқушыларға берілді. Республикалық байқауда топ жарған мектеп психологы Айгерім Рақышеваға да арнайы сыйлық бұйырды.
Өркениеттің шырақшысы болып отырған “өнер, білім бар жұрттар” бар қаржысын келешек ұрпақтың дамуына құяды. Қаржыгерлер де жастарға жұмсалған ақшаның 20-30 жылдан кейін пайда әкелетінін айтады. Шынында да, болам дейтін ел ғылым мен білімге басымдық беруі керек. Өйткені елді алға шығаратын дүние оның байлығы мен тау-кені ғана емес, кемел білімі, іргелі ғылымы мен адами капиталы. Басқаларда нықтап орныққан осы үрдіс біздің елдің де сүйегіне сіңіп келеді. Бұл жолда қолдауды, ең алдымен, ұл-қыздарға көрсетіп жатқан ақсулықтардың осы ісі көпке үлгі. Әйтпесе бір күндік жиын-тойға шашылып-төгіліп, ақырында картадан өшіп бара жатқан елді мекендер де бар ғой. Мұндайда Ақсудағы ағайынның ісіне сүйсіне қарайсың. Балалардың да ертеңгі күнге қанаттанып, қолдайтын жұрт барын көріп, алғашқы олжасын ауылдан еншілеп шығуы жақсы ырым емес пе?
Ақсуда бұдан басқа да атқарылған істер көп. Оның біразы елді мекеннің 90 жылдығына орай 2018 жылы Әшім Жылқайдаровтың құрастырумен жарық көрген “Есенгелді – елім, Ақсу – ауылым” атты жинақта қамтылған. Өткен ғасырда еңбегімен алға озып, жоғары марапаттарды еншілеген Тілеужан Мұхамедьяров, Күлбарам Сәдуақасова, Еркін Сәдуақасов сынды азаматтар жайлы деректер де кітапқа енген. Биыл мерейтойы аталып өтіп жатқан Игібай Әлібаев та Ақсу мектебінде алғаш іргетасы қаланған жылдары еңбек еткен екен. Ақсу ауылы “Ақсу” атты судың маңында орын тепкендіктен осылай аталыпты. Сол сияқты ауыл маңындағы “Қос арал”, “Бие байлаған”, “Күйген шоқ”, “Машақ талы” аталатын ағаш шоқтарының атының өзі – бір тарих. Алғашында Қызылжар ауданын мекендеген Есенгелдіден тараған ұрпақ отаршылдардың қазақ даласына қоныстануы салдарынан қазіргі мекеніне көшеді. Сол маңдағы ел жиылып, 1928 жылы Ақсу ауылын құрады. Бес жылдан кейін ауылдықтар елді мекеннің ғасыр тойын атап өтпек. Мұндағы тұрғындар өздерінің өткенін әсте ұмытқан емес. Оған – ел орнатқан ескерткіш тақталар дәлел. Мысалы, 1985 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс құрбандарына арналған ескерткіш, 1995 жылы майдан даласынан аман оралған марқұмдарға ескерткіш, 2013 жылы 1937-1938, 1940-1950 жылдардағы қуғын-сүргінге ұшырағандарға ескерткіш тақта орнатылған.
Ел арасында Ақсуды ежелден “иманды ауыл” атайды екен. Білетіндер мұнда 1926 жылы мешіт салынған деседі. Алайда уақыт өте келе оның да іргесі сөгілген. Ал намазхан жұрт 2010 жылы жылу жинап, жаңа ауылдық мешіт тұрғызыпты. Шағын мешіт кейінгі жылдары кеңейіп, жуық арада тағы жөндеуден өткен. Дінге берік тұрғындар бабалары мен туыстары тұрақ тапқан зиратқа да күтім жасап, биыл жаңа үй тұрғызыпты. Сайлаубай Смаилов, Мусин Елтай сияқты өзге де ауыл тұрғындары бірігіп бұл үйдің құрылысын біз барған күннің алдында тамамдапты. Елді мекенге кіреберісте жұрт орнатқан “Ақсу” дейтін еңселі жазу бірден көзге түседі. Бүгіндері ауылішілік жолдарға қиыршықтас төселуде. Оң өзгерістер мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алда “Ақсу” қорының демеушілігімен басқа да оң бастамалар жүзеге аспақ.
Ауылдағы ағайын қолдан келгенше ел өмірін жайлы етуге тырысып-ақ жүр. Алайда мемлекет тарапынан қолдау болмаса, күрделі мәселелерді шешу қарапайым халықтың қолынан келер емес. Байқасақ, сол маңдағы ауылдардан тарамай қалғаны Ақсу ғана екен. Бұл да қай іске болсын жұмыла кететін ел бірлігінің көрінісі болса керек. Көршілес елді мекендердің мектептері жабылып, адамы сиреген. Іргелес Жаңасуда да саусақпен санарлық үй қалыпты. Ақсулықтар осындай күйге түсіп қаламыз ба деп алаңдайды. Жастар көшіп келмесе, оқушылар азая бермек. Тұрғындардың басым бөлігі сол мектепте еңбек ететіндіктен білім ордасының шаңырағының шайқалмағанын қалайды. Қырық шақты үйді қамтып отырған мешіт пен ауылдық дүкен де жұмысын тоқтатқан жоқ. 2000 жылдары мұнда су тартылып, тұрғындар игілігін көре бастаған. Алайда көп өтпей ол жұмыс тоқтап, жұртшылық құдық суын ішіп отыр. Содан қалған ғимараттың төрт қабырғасы әлі тұр. Өткен жылы жақын маңдағы Новопокровка, Кривощеково елді мекендеріне 9,5 километр су желілері тартылған. Жаңасу ауылын да сумен қамту жұмыстары былтыр басталыпты. Алдағы 2-3 жылда аудандағы тағы оннан астам ауыл Пресновка, Есіл су тораптарына қасылып, ауызсуға қол жеткізеді. Өкініштісі бұл тізімнен Ақсу ауылын таба алмадық. Одан кейінгі сумен жабдықтау үшін жобалық сметалық-құжаттары дайындалып жатқан 11 елді мекеннің тізімінде де біз барған елді мекен жоқ болып шықты. Қайта табиғат Ақсуды судан тарықтырмапты. Топырағын қазып қалсаңыз көп өтпей, таза су шығады екен. Елді мекенге баратын жолдың да жайы мәз емес. Діттеген жеріне жылдам жеткісі келетіндер ауылға жақындағанда күре жолдан қара жолға түсіп, алқаптың арасымен шаң жұтып баруға мәжбүр. Ақсу маңындағы жерге “Асыл Логистик” серіктестігі дән сеуіпті. Былтыр серіктестік тарапынан әлеуметтік көмек ретінде әр үйге 30 мың теңгеден үлестірілген.
Ақсулықтардың ендігі үміті – ауылдық клубты қайта ашу. Кеңес кезінен қалған ескі ғимараттың терезесі жаңартылған. Тұрғындар клуб ашылып, онда бірнеше жұмыс орны пайда болады деп күткен. Алайда бұл іс те аяқсыз қалып, жаңа терезе салынған ескі нысанның есігіне құлып ілінген. Аудан әкімі Рахат Смағұловтың өткен жылдың қорытындысы бойынша есебіне сенсек, 2022 жылы Шал ақындағы Ыбраев ауылындағы клуб биыл пайдалануға берілмек. Ал Новопокровка, Кривощекова елді мекендеріндегі клубтардың жөндеуі “Ауыл – ел бесігі” жобасы аясында қаржыландырылады екен. Ал Ақсу клубының жобалық-сметалық құжаттары дайындалғанмен қаржы көзі табылмай келеді.
– Клубқа жаңа терезе орнатқалы екі жылдан асты. Одан кейін шатырын ауыстыруға жұмысшылар келеді деп оларға тұратын үй-жайын дайындау керек болды. Жұмысшылар сол күйі келмеді. Ауылдық округ әкімі де қаржы бөлінбей жатқанын айтады. Мұнда бірнеше үйірме жұмыс істеп, халықтың бос уақытын өткізуге жағдай жасалады деп күткенбіз. Ол ашылса 5-6 адамға жұмыс табылар еді. Мектептегі бала саны да аз. Арнайы бағдарламалармен ауылымызға отбасылар қоныс аударса, бұл мәселе де шешілер еді, – дейді бірауыздан Ақсу ауылының тұрғындары.
Қиындықтарға қарамастан ауылдықтар бірлігі мен ертеңге деген сенімінің арқасында қалыпты тіршілігінен қол үзген емес. Мектеп жөнделіп, клуб ашылады деген үміттері зор. Осы маңдағы Ақсу болмаса Еңбек, Жаңасу елді мекендерінің ертеңі бұлыңғыр. Тоғыз жылдық мектеп те тек осында сақталып қалыпты. Қайтар жолда Лузинка ауылының білім үйінің есігіне де қара құлып салынғанын көрдік.
Диас АЯҒАН,
“Soltüstık Qazaqstan”.