Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының сахнасында Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының театр өнері факультетінің студенттері Уильям Шекспирдің “Ромео мен Джульетта” пьесасын қойды.
Әлемдегі ең танымал трагедияны сахналауға бел буған студенттердің өнері көрерменнің көңілінен шыққан сыңайлы. Қойылымның режиссері – 5 курс студенті Арухан Заханова.
Сахна шымылдығы түрілген сәттен баурап алар әдемі махаббат хикаясының арқасында Веронаның көшелері тек ғашықтардың кездесу орны ғана емес, адамдар арасындағы қулық пен сұмдықтың шайқасына айналады. Жастардың әзіл-қалжыңы да, әні де, әңгімесі де, қайшылыққа толы теке-тірестері де үндесіп жатты.
Ақпан айында дуальды оқыту жүйесінің негізінде қаламызға табан тіреп, 4 ай бойы өнерлерін шыңдаған студенттер осы уақыт ішінде жинақтаған тәжірибелерін сахна төрінде көрсетіп, сол заманның тыныс-тіршілігін сездіртті.
Бір-бірін ата жау көретін екі әулет. Бір көргеннен құлай сүйіп, бір-біріне ессіз ғашық болған екі жас. Келісті де келбетті, жаны нәзік Ромео мен ақылына көркі сай Джульетта. Жасырын некелесіп, өмірдің ащысын да, тұщысын да бірге көрмек болған екі жас, өкінішке қарай, қабірде қосылды. Осы қасіретті оқиғадан кейін Монтекки әулеті мен Капулетти отбасы татуласқаны ғана трагедиядағы жылт еткен сәуле іспетті.
Студенттердің дипломдық жұмыстарын бағалау үшін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылбек Боранбай, Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды, театр өнері факультетінің деканы Мәдина Кульсеитова, “Серпер” жастар одағы сыйлығының лауреаты Баян Қажнабиева арнайы келді.
Мақпал ЕРҒАЛИЕВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.