Бір үйдің баласындай едік

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен күндерді еске алсам, көз алдыма сонау жастық шағым, ауылда өткізген балғын кездерім келеді. Бұрынғы өркендеген ауыл бейнесі осы күні тәтті естелікке айналған. Қазіргі өңіріміздегі қазақ ауылдарының көбі тағдырлас. Бәрі де бір ғасыр бұрын құрылып, кейін қуғын-сүргінді, Екінші дүниежүзілік соғысты бастан өткізіп барып аяққа тұрған. Осылайша өткен ғасырдың екінші жартысында шаруашылығы дамып, күйі оңалған. Алайда тоқсаныншы жылдары жұрттың бәрі қалаға ағылып, елді мекендерге ие болар адамның қарасы азайды. Мен сөз еткелі отырған Мағжан Жұмабаев ауданындағы Успенка ауылын да осы тарих айналып өткен жоқ.

Өткен ғасырдың 70-80 жылдары Успенка – үлгілі ауылдардың бірі еді. Қорасында мал төлдеп, даласында егін себіліп жататын. Ауылдағы ағайынның ауыр еңбегінің арқасында Успенка сүт сауу, егін ору, мал семірту бойынша алдыңғы қатарға шықты. Сол маңдағы екі көлдің балығы тайдай тулап жататын еді, шіркін! Ормандағы жидек пен саңырауқұлақтың небір түрі қазір сиреген. Мыңғырған малға қыс бойы азық болуға еркін жететін шалқыған шабындықтарды айтсаңызшы. Қазақ, неміс, латыш, шешен, молдован, орыс, поляк, украин, беларусы бар үш мыңдай тұрғын ерінбей еңбек етті. Фельчерлік акушерлік пункт, үлкен дүкен, клуб, үш қабатты мектеп сияқты әлеуметтік нысандар ел игілігі үшін жұмыс істеп тұрды. Бір сөзбен айтқанда, мұнда қарапайым еңбек адамы үшін керектінің бәрі бар еді.

Осы жылдар ішінде ауыл мектебі де үлкен жетістіктерге жетіп, білімді жастар түлеп ұша бастады. Әсіресе 1973 жылғы түлектерді жергілікті тұрғындар әлі ұмыта қойған жоқ. Биыл бұл жандардың мектеп бітіргендеріне 50 жыл. Олар алтын ұяға ат басын бұрып, өткен күндерді еске алды. Балалық шақтың естеліктерін айтысып, кейінгі буынға өз ақыл-кеңестерін берді. Кешегі партада отырған қаршадай балалардың біразы бүгінде тәжірибелі маман, көп танитын кәсіп иелеріне айналған.

Солардың бірі Назымбек Омаров осы білім ордасынан түлеп ұшып, Харьков авиация училищесінде білім алды. Кейін қиыр шығыстан Қорғанға дейінгі түрлі горнизандарда тер төкті. Бертін келе Мемлекеттік күзет қызметінде еңбек етіп, полковник шенінде зейнетке шықты.

Мереке Бекембаев болса еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастап, клуб механигі, зоотехник болды. Егемендік жылдары облыс орталығына ауысып, облыстық онкологиялық диспансерде қызмет атқарды. Ал Виктор Кондратин – бар ғұмырын өндірісте өткізген адам. Ол зейнет демалысына шыққанша “Мұнаймаш” зауытында жұмыс істеді. Бүгінде 6-дәрежелі токарь. Серік Сүйіндіков – заңгер.

Біз мектептегі соңғы қоңырау салтанатына қатыстық. Ортаға жұртшылықтың қошеметімен түлектер шықты. Көңілді кеш қыза түсіп, ақ тілектер арналды. Олар мектеп бітіру кешінде өз өнерлерін көрсетті. Өкініштісі, бар-жоғы 7 түлекті көргенде көңілім құлазып сала берді. Ал олардың орнына бірінші сыныпқа небәрі 2 бала ғана қабылданатынын естігенде жаным жүдеді. Бұдан әрі мен бұл шарада қуанып, жұртпен бірге жадырай алмадым.

Іргесі берік ауылымыздың осынша жүдеуіне не себеп? Өңірде урбанизация үрдісінің жыл сайын қарқын алып бара жатқаны жасырын емес. Соңғы 30 жылда қалада тұратындардың үлесі артқан. Алайда заман ағымы осылай екен деп, бейқам отыра береміз бе? Меніңше, қандай жағдай болмасын ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту жұмыстары тоқтамау керек. Ауыл маңындағы жерге иелік етіп отырған шаруашылықтар да осы іске атсалысуы тиіс. Ал мен барған елді мекенде осындай бірнеше серіктестік бар екен. Тұрғындардың сөзінше, солардың ішінде “Кнауб”, “Таиров” шаруашылықтарының шаруасы дөңгелеп тұр. Солар елді мекенге қол ұшын беруге болар еді ғой. Бұл ретте аудандық, облыстық деңгейдегі мекемелер басшыларының әрекетсіздігі де қынжылтады. Успендіктер үшін аудан, облыс орталығында арнайы сауда нүктелері ашылса, ауылдықтар сонда өз ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып, сатып алушылармен келісімдер жасаса, жағдай бүгінгідей болмас еді. Осындай орындарды Астана қаласында ашса да орынды. Есесіне әр күз сайын жүдеген ауылдарды аралап, арзан бағамен ет сатып алатын алыпсатарлардың күні туып тұр. Естуімше, мұндай саудагерлер етті қалалықтарға қымбатқа сатып, пайда көреді. Ал қалалықтар азық-түлікті арзан бағамен тура өндірушілерден алғысы келетіні анық. Осындай олқылықтардың салдарынан 3 мың тұрғыны бар ауылда бүгін 300 адам ғана қалған. 1973 жылы мектепті 27 түлек тамамдаса, бүгінде білім ордасында бас-аяғы 27 бала ғана білім алуда. Мен бірнеше ай бұрын сайланған халық қалаулыларының елдің мұңына құлақ түргенін қалаймын. Сайлауалды бағдарламаларда ауылдарды өркендету үшін ауқымды шаралар жоспарланғанын көрдік. Тек мұның бәрі қағаз жүзінде қалмаса екен. Өңірімізден сайланған мәжіліс депутаты Еркебұлан Мәмбетовтің де қызметіне сәттілік тілей отырып, оң шешімдер мен батыл бастамалар күтеміз. Ауылдың жайы биік мінбелерден айтылып, дұрыс шешімдер қабылданса, оны халық та жаппай қолдап, жүзеге асуына жәрдем берер еді.

Соңғы қоңырау салтанатын тамамдап, ауылдың жайына қаныққан соң тәлім берген, сексен жасты алқымдаған Александра Голеновамен кездестік. Қандай азамат болсын әріп танытқан мұғалімінің алдында басын иеді ғой. Біз де егде тартқан жанның алдында өзімізді бала сезініп, бір сәт 50 жылға артқа шегінгендей болдық. Бүгінде ата болып отырған замандастарым оқушыдай үстелде отырды. Біз баяғыдай өз мұғалімімізден жылы сөз естіп, мейіріміне бөленгіміз келді. Ол болса біздің келгенімізге қуанып, алғысын жаудырып жатты. Александра Петровна – ғұмырының 42 жылын білім беру саласына арнаған жан. Сол үшін алған марапаттары да аз емес.

Уақыт жүйрік екен. Кеше арман қуған жастар бүгін аға болып ауылдан кетіп барады. Көңілде кездесуден алған ерекше әсер мен мұң бар. Артымызға бұрылып, ақырын шөгіп бара жатқан үйлерге, мектеп пен клубқа көз тастадық. Ал ойымызда ұстазымыздың “Біздің ауыл – бір отбасы, ол гүлденуі керек” деген сөзі жаңғырады.

Боташ ҚАЖЫМОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp