«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Игерілген жерге талас жоқ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтардың жеке меншігіне жер алу құқығы бекітілген. Мұның өзі жеке меншіктегі жерді пайдаланумен қатар қоғамдық игілікке де қызмет ету талабын жүктейді. Бұған қоса жерді пайдаланудың шарттары мен тәртібі жер заңнамасында нақты айқындалған. Жер қатынастары субъектілерінің өздеріне тиесілі құқықтарды жүзеге асыруы жерге табиғи ресурс ретінде және қоршаған ортаның өзге де объектілеріне, сондай-ақ басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне зиян келтірмеуге тиіс. Сондықтан жер иелерінің өз құқықтары мен міндеттерін білуі өзекті болып табылады. Өйткені жер иелерінің саны жылдан жылға артып келеді. Алайда жер учаскелерін сатып алғанда жер иелерінің жерді өз қалауымыз бойынша пайдалануымызға болады деген ұстаныммен Жер кодексінің талаптарын бұзатынын тәжірибе көрсетіп отыр.

Жер кодексінің 6-шы тарауында жер учаскелері иелерінің және жер пайдаланушылардың жер учаскелерін пайдалану құқықтары мен міндеттері егжей-тегжейлі баяндалған. Олар – жер учаскесiн оның нысанасынан туындайтын мақсатта пайдалана отырып, жерде дербес шаруашылық жүргiзу, ауыл шаруашылығы және өзге де дақылдар мен екпелер себу мен отырғызуға, өндiрiлген ауыл шаруашылығы өнiмi мен жер учаскесiн пайдалану нәтижесiнде алынған өзге де өнiмге және оны өткiзуден түскен табысқа меншiк, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару, өз шаруашылығының мұқтажы үшiн жер учаскесiнде немесе өзіне тиесілі жер учаскелеріндегі жер қойнауында бар кең таралған пайдалы қазбаларды, екпелердi, жерүстi және жерасты суларын кейiннен мәмiлелер жасау ниетiнсіз, белгiленген тәртiппен пайдалану. Сондай-ақ жер учаскесi мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп иеліктен шығарылған жағдайда келтiрiлген шығынды толық көлемiнде өтетiп алу, жердi аймақтарға бөлудi ескере отырып, меншiк, шаруашылық жүргiзу, оралымды басқару құқығымен жер учаскесiнiң нысаналы мақсатына сәйкестiкте тұрғын үйлер, өндiрiстiк, тұрмыстық және өзге де үйлер (құрылыстар, ғимараттар) салу жайы да осы тарауда анық жазылған. Бұған қоса осы тарауда белгiленген құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарға сәйкес суландыру, құрғату және өзге де мелиорациялық жұмыстар жүргiзу, тоғандар мен өзге де су айдындарын жасау, меншік құқығын, уақытша ұзақ мерзімге өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталына салым ретiнде, акционерлiк қоғам акцияларының төлемiне немесе өндiрiстiк кооперативке жарна ретiнде беру, өзіне меншік құқығымен тиесілі жер учаскесін салу құқығын осы кодекске сәйкес инвесторға тараптардың келісуі бойынша белгіленетін азаматтық-құқықтық мәмілелер негізінде беру тәртібі жазылған.

Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар жердi оның нысаналы мақсатына немесе елді мекендердегі жерлерде функционалдық аймаққа сәйкес, уақытша жер пайдалану кезiнде, оның ішінде, жалдау шартына (уақытша өтеусiз жер пайдалану шартына) сәйкес пайдалану, санитариялық және экологиялық талаптарға сәйкес келетін өндіріс технологияларын қолдануға, өздерi жүзеге асыратын қызмет салдарынан адам денсаулығына зиян келтіруге, санитариялық-эпидемиологиялық және радиациялық жағдайдың нашарлауына, экологиялық залал келтіруге жол бермеу, жердi қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруға міндетті. Жер салығын, жер учаскелерiн пайдалану төлемақысын және заңнама мен шартта көзделген басқа да төлемдердi уақтылы төлеуді ұмытпағандары абзал. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өсімдіктер, жануарлар дүниесiн, орман, су және басқа да табиғи ресурстарды пайдалану тәртiбiн сақтауға, мемлекет қорғауындағы тарихи-мәдени, табиғи мұра объектілерінің және жер учаскесiнде орналасқан басқа да объектiлердiң сақталуын қамтамасыз ету, жер учаскесiнде шаруашылық және өзге де қызметтi жүзеге асыру кезiнде құрылыс, экологиялық, санитарлық-гигиеналық және өзге де арнаулы талаптарды сақтау міндеті жүктелген. Сондай-ақ мемлекеттiк органдарға Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген жердiң жай-күйi мен пайдаланылуы туралы мәлiметтердi уақтылы табыс етiп отыру, басқа меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың құқықтарын бұзбау, топырақтың ластануына, қоқыстануына, тозуына және оның құнарлылығының нашарлауына, сондай-ақ топырақтың құнарлы қабатын сыдырып алуды, құнарлы қабаттың бiржола жоғалуын болғызбау үшiн қажет болған жағдайларды қоспағанда, басқа адамдарға сатуға немесе беру мақсатымен оны сыдырып алуға жол бермеуі тиіс. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар сервитуттар берудi қамтамасыз етіп, өздерiнiң меншiгi болып табылмайтын анықталған өндiрiс пен тұтыну қалдықтары туралы жергiлiктi атқарушы органдарға хабарлап, орталық уәкілетті орган агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен бірлесіп белгілеген тәртіппен жүзеге асырылатын, топыраққа агрохимиялық зерттеп-қарауды жүргізу үшін жер учаскелеріне қолжетімділікті қамтамасыз етіп, өздерінің жер учаскелерінде геодезиялық пунктер орналастырылған кезде олардың бүлінген немесе жойылған жағдайлары туралы міндетті түрде хабарлауы керек. Уақытша жер пайдаланушылардың уақытша жер пайдалану туралы шарттарда көзделген басқа да мiндеттерi болуы мүмкiн.

Жер учаскелерінің меншік иелері мен учаскенің жер пайдаланушылары жер учаскесіне ауыртпалық түсіретін барлық міндеттерді (оны мақсатты түрде пайдалану, сервитуттар беру, салықтар мен өзге де міндетті төлемдерді төлеу және т.б.) атқарады. Жер учаскесінің, сервитуттың нысаналы мақсаты мен пайдалану режімін және нормативтік-құқықтық актілер негізінде белгіленген пайдаланудың басқа да шарттарын жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы дербес өзгерте алмайды. Жер кодексінің жоғарыда көрсетілген талаптарын сақтамауына байланысты 2022 жылдан бастап 2023 жылғы мамырға дейін елді мекендердің аумағында жалпы алаңы 1,1073 гектар жерді мәжбүрлеп алып қою туралы 10 талап арыз сот тәртібімен қаралып, қанағаттандырылды. Былтыр және биыл 5 айда департаменттің тексеру нәтижелері бойынша 397,7 мың гектар алаңда 165 заң бұзушылық анықталып, 759,0 мың теңге мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды.

Жер иелеріне қала мен елді мекендердің жерлерін уақтылы игеру және мақсатты пайдалану ел заңнамасында көзделген тәртіппен 10 есе ұлғайтылған салық, ал ауыл шаруашылығы мақсатына 20 есе артық шығын өндірілетінін еске сала кеткім келеді. Бос жатқан жер учаскелерін игеру қаланың, елді мекеннің сыртқы келбетіне оң әсер етеді, жаңа жұмыс орындарын құруға, тұрақты еңбекке тартуға мүмкіндік береді. Жер иелеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құқықтар мен міндеттерге адал ниетпен қарауды өтінеміз.

Гүлдана САҒДЕЕВА,

облыстық жер ресурстарын басқару департаменті жер мониторингі, талдау және есепке алу бөлімінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp