«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Қазақшаңызды “Қазтест” тексереді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін дәлелдеу үшін “Қазтест” жүйесі бойынша тестілеуден өтуге міндетті. Тестілеу М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің №6 оқу корпусында өтіп жатыр.

Дәстүрлі емтихан диагностикалық және сертификаттық деген екі кезеңнен тұрады. Бұл кезеңдер қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтауға арналған. Диагностикалық тестілеу – тыңдалым, лексика-грамматикалық құрылым және оқылым бөліктері бойынша 150 жабық түрдегі тест тапсырмасынан тұрады. Екінші кезең – сертификаттық тестілеу. Қазақ тілін білу деңгейі бірінші кезеңнің нәтижесіне сәйкес тыңдалым, лексика-грамматикалық құрылым, оқылым және жазылым бөліктері бойынша бағаланады. Әр сөйлеу әрекетінің түрі бойынша дұрыс жауаптың үлесі 60 пайыздан жоғары болу керек. Осының бәріне 100 минут уақыт беріледі.

Бірінші күні тестілеуден өтуге 250-ге жуық адам өтініш білдірген. Қатысушылардың қызметі мен мансабы әртүрлі.

– “Қазтест” дегенде бәрінің көз алдына ереже елестейді. Алайда бұл тестілеудің мақсаты – заң-ереже сұрау емес, сөйлеу әрекетінің түрлері бойынша тіл меңгеру деңгейін анықтау. Сөйлеу әрекетінің түрлері – тыңдаған ақпаратты қабылдау және түсіну, лексика-грамматикалық құрылымды меңгеру және оқығанды түсіну, – дейді Ұлттық тестілеу орталығының өкілі Ұлжан Садықова.

Тест қабылдаушы ұйым өкілінің айтуынша, сынақтың өткізілу тәртібі қатаң сақталады. Емтихан өтіп жатқан жерге бөгде адамдарға кіруге болмайды. Тестілеу басталар алдында барлық қатысушылар ұялы телефондарын тапсырады. Баршаға ортақ талап түсіндіріледі. Емтихан шартын бұзғандар аудиториядан шығарылады.

Бұл сынақ көптеген маман иелеріне қажет. Мәселен, Назарбаев зияткерлік мектебінде қызмет ететін мұғалімдер “Қазтест” сертификаты болмаса, аттестаттауға қатыса алмайды. “Болашақ” бағдарламасының үміткерлері де сертификатсыз шетелдерге барып, оқуға немесе ғылыми тағылымдамадан өтуге жолдама ала алмайды.

“Қазтест” сынағы үш күнге созылады. Осы уақыт ішінде Ұлттық тестілеу орталығының өкілдері қос бағыт бойынша 900-ге тарта солтүстікқазақстандықтың білім деңгейін тексереді. Сертификаттық емтихан ақылы негізде ұйымдастырылатынын айта кеткен жөн. Оған қатысу үшін үміткер өтінішпен бірге 8263 теңге төлеуі керек.

Орал ЖАНАТОВ,

облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp