Өңірде шомылу маусымы ресми түрде маусымның бірінші күнінен басталды. Қала тұрғындарының күннің аптап ыстығында баратын жері – Пестрое көлі мен Есіл өзенінің жағасы.
Демалушыларды толғандырып отырған мәселе – судың лайлығы. Әсіресе көпшілік Пестрое көлінің суына күмәнмен қарайды. “Көлде шомылу мүмкін емес, суы лас, жағымсыз иіс бар. Бұған кім жауапты? Тазалығын қарасаңыздар!”, “Таңертең адам аз болған кезде суға түсуге болады, ал демалушылар көбейген де суға кіруге жүрек дауаламайды”, – дейді әлеуметтік желілерге пікірлерін жазған тұрғындар.
Шомылу маусымы басталмас бұрын қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлері су айдындарында тексерістер жүргізді. Мамандар Есіл өзені мен Пестрое көлінен сараптама алды. Жағажайдағы топырақ пен құмның да сапасын тексерді.
– Мамырдың 29-30 күндері Есіл өзені мен Пестрое көліне мониторинг жүргізілді. Суды бактериялогиялық, санитарлық-химиялық, паразитологиялық, радиологиялық жағынан тексердік. Су таза. Яғни шомылуға рұқсат, – дейді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Галина Шарипова.
Мамандар тұрғындардан өзен-көлдерде киімдерін жуып, мал суармауды сұрайды.
Гүлден СИМБАЕВА.