«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Аққайыңдарды отаған кәсіпкерге жер учаскесі заңсыз берілген

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығында кәсіпкер қайыңын отаған жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылады. Петропавлдың №2 қалалық соты “Лесхоз” шағынауданында былтыр кесілген қайыңды орманға қатысты азаматтық істі қарап, бұл жердің кәсіпкерге заңсыз берілгендігін нақтылады.

Былтыр Петропавлға кіреберісте орналасқан “Лесхоз” шағынауданы аумағында кәсіпкер қайыңды орманды отап, жұрттың наразылығын туғызған болатын. Ол учаскедегі жайқалған ағаштарды кесіп тастаған.

Алдын ала есеп бойынша, мемлекетке 41 млн. теңге шығын келтірілді. Тексере келе учаскенің 2006 жылы орман қорынан шығарылып, бір жыл өткесін кәсіпкер Бақтияр Абдуллаев есімді азаматқа қызмет көрсету нысанын салу үшін берілгендігі анықталды. Облыстық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, жер ресурстарын басқару департаменті Бақтияр мен Фамил Абдуллаевтарды, “ASTEK-AUTO” жауапкершілігі шектеулі серіктестігін, Мұрат Иманбаевты, Серікқан Төлегеновты, Әділ Баграмовты, “Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімі” коммуналдық-мемлекеттік мекемесін сотқа беріп, сатып алу-сату, сыйға тарту шарттарын, әкімдік қаулысын және жергілікті атқарушы органның бұйрығын жарамсыз деп тануды сұрады.

Талапкер – жер ресурстарын басқару департаменті биыл 17 қаңтарда облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасынан жергілікті атқарушы органның жер учаскелерін беру жөніндегі заңсыз шешімдерінің күшін жою мақсатында сотқа талап қою туралы хат келгенін атап өтті. “Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті” республикалық-мемлекеттік мекемесі Петропавл қаласы әкімінің аппаратын тексерді, нәтижесінде Абдуллаевқа жер учаскесін беру кезінде Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 109-бабы 1-тармағының талаптары бұзылғанын анықтады. Берілген жер учаскесі үй құрылысы аймағында және республикалық автомобиль жолының бойында орналасқан. Жер учаскесін беру кезінде егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы әзірленбеген және бекітілмеген, жер учаскесі Жер кодексінің 48-бабының талаптарын бұза отырып, аукционсыз берілген”, – делінген ведомство таратқан хабарламада.

Сот жер учаскесі ағайынды Абдуллаевқа жер заңнамасының талаптары бұза отырып берілді деген қорытындыға келді.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp