Елімізде жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңмен көшу жалғасып жатыр. Жалпыға бірдей декларациялауға көшу 2025 жылға дейін төрт кезеңде өтеді.
Бірінші кезең 2021 жылдың 1 қаңтарынан басталған еді. Осыдан үш жыл бұрын қолға алынған бұл жүйенің мақсаты – көлеңкелі экономиканы жою мақсатында жеке тұлғалардың табыстарына салық салуды толық көлемде әкімшілендіру.
Жоспарға сәйкес биылдан бастап мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайы, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайы салық органдарына кірісі мен мүлкі туралы декларация тапсыруға міндетті. Осы ретте Петропавл қаласы бойынша 250 нысан активтер мен міндеттемелер туралы құжат ұсынады.
– Петропавл қаласы бойынша жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі бойынша декларанттар саны – 25343 адам. Бүгінгі күнге дейін 19036 адам дерек ұсынды, – деді Петропавл қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Жанат Мұратов.
Азаматтар талап бойынша активтер мен міндеттемелер туралы деректі қағаз жүзінде 15-ші шілдеге дейін, ал электронды нұсқада 15-ші қыркүйекке дейін ұсыну қажет. Мамандардың айтуынша, салық есептілігін салық төлеуші кабинеті, “Электрондық үкімет” порталы, сондай-ақ “e-Salyq Azamat” мобильді қосымшасы арқылы беруге болады.
Ал декларация тапсырмағандарға алдымен ескерту жасалады. Егер ескертуге құлақ аспаса, онда 15 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
Нұрай ЕСІЛБАЙ,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың студенті.