Петропавлдың жүздеген тұрғыны есірткіге қарсы акцияны қолдап, жаппай жүгіруге қатысты. Жарыс басталар алдында қатысушылар дене шынықтыру жаттығуларын жасады.
– Жарыс халықаралық нашақорлықпен күрес күні қарсаңында өткізілуде. Бүкіл әлем оны 26 маусымда атап өтеді. Бүгін мұнда қаламыздың көптеген спортшылары мен белсенділері жиналды. Саламатты өмір салтын насихаттағандарыңыз үшін зор алғысымды білдіремін. Жарысымыз “Спорт есірткіге қарсы” ұранымен өтуде, – деді облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Иван Терзиди.
Қатысушылар арасында кәсіби марафоншылар да болды. Александр Загвоздин жүгірумен елу жылдан астам уақыт бойы айналысып келеді, жасы бүгінде 65-те.
– Мен жүгірген кезде өзімді сергек сезінемін. Акцияға қатысу арқылы жастар арасында спортты насихаттағым келеді, – деді Александр Загвоздин.
Акцияға қатысушылар Горький, Кәрім Сүтішев, Пушкин және Қазақстан Конституциясы көшелерімен жүгіріп өтті. Желаяқтар екі шақырымнан астам қашықтықты бағындырды. Мәреге алғаш жеткен қатысушыларға медальдар табысталды.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.