Абай облысында болып жатқан алапат өрттің зардабын ел көріп, біліп отыр. Осындай төтенше жағдай кезінде әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі – өртсөндіруші қызметі екенін тағы бір мәрте мойындамасқа амал жоқ. Нағыз ер-азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Өйткені төтенше жағдайларда, ең алдымен, көмекке ұмтылып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіріп, тілсіз жаумен арпалысатын өртсөндірушілердің еңбегі ерлікпен пара-пар емес пе?! Өз өміріне қауіп төнсе де, өзгелерді құтқаруға асыққан өртсөндірушілердің бірі – Есім Айтқұлов.
Ол – Петропавл қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінің өртсөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты. Шал ақын ауданындағы Белоглинка ауылында туып, Новопокровка ауылында оқыған. Көңіл қалауымен таңдаған мамандығын абыройлы атқарып жүрген ол бос уақытында сурет салғанды, атқа мініп, серуендегенді ұнатады.
– Еңбек жолымды Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда бастадым. Ал облыс орталығындағы №5 өрт сөндіру бөлімінде 2008 жылдан бастап жұмыс істеп жатырмын. Адамның өмірі мен мүлкін тілсіз жаудан құтқару – абыройлы жұмыс. Жақында 18-қабатқа баспалдақпен көтерілу бойынша “Vertical Challenge” жарысына қатысып, жүлделі орыннан көріндім. Ұжым ұйымшыл, әрқашан бір-біріне көмектесуге дайын тұрады, – дейді Есім Қапарұлы.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.