«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Нан пісіргеннің нәсібі мол

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дариха Құрбанова былтыр қыркүйек айында оңтүстіктен Ақжар ауданындағы Восход ауылына көшіп келген. Отбасының әлеуетін көтеріп отырған жанның төрт баласының алды тұрмыс құрып, жиен сүйіп отыр.

Бала – бауыр етің. Оларды дүниеге әкелген соң жағдайын жасау, қатарынан қалдырмау ата-анаға үлкен міндет жүктейді.

– Күйеу балам қарсылық білдірмеген соң, оларды төрт баласымен осы жаққа көшіріп әкелдім. Көңілім орнықты. Жиендер көз алдымда өсіп жатыр. Мектепте оқып жүрген екі баламның да болашағын ойлауым керек. Сондықтан табыс тауып, балаларды аяғынан тік тұрғызуды мақсат етемін, – дейді Дариха Құрбанова.

Бұған дейін Дариха Ордабекқызы Алматы қаласының Қарасай ауданында тұрған. Қоныс аударуына түрткі болған жайттардың бірі – осыған дейін де теріскейде бірер жыл тұрыпты. 2019 жылы өз қалауымен Қызылжар ауданы, Бескөл елді мекеніне келіп, қоныстанған. Екі жылдан кейін отбасылық жағдайға байланысты кейін қайтуға мәжбүр болады. Сол жолы теріскейдің табиғаты ұнап, “бір күні қайтып ораламын” деген оймен аттанады. Мемлекеттік бағдарлама бойынша көш түзеудің сәті түскен кезде, еш ойланбастан балашағасымен қайта көшіп келеді.

– Біз қара күзде көшіп келдік. Ауылдық округ әкімдігі мен жергілікті шаруашылық қолдау көрсетіп, отын-көмірімізді әкеп берді. Бірінші қыстан шықтық. Енді әрі қарай тірлігімізді өзіміз жасаймыз, – дейді ол.

Дариха Құрбанова жұмыстан да, жаңа ортада өмір сүруден де қорықпайды. Көшіп келген бойда ауылдағы асханаға аспаз болып орналасады. Ал биыл қайтарымсыз қаржы алу мүмкіндігін біліп, аудандық жұмыспен қамту бөлімі ұйымдастырған курста оқуын оқып, 1 млн. 300 мың теңге грантқа қол жеткізді. Маусым айының басында ауылындағы наубайханадан жалға орын алып, нан, тәтті тоқаш пен самса пісіруді бастаған. Той-томалақтарға және жергілікті дүкендерге тапсырыспен торт, тұшпара пісіреді. Осыған дейін де кондитерлік тағамдарды үй жағдайында пісіріп келген Дариханың тағамын сүйсініп жейтіндердің қатары қалыңдады.

– Біздің ауылда 130-дай түтін бар. Көпшілігі менің дайындайтын тағамдарымды татып көрді. Тапсырыс көбейіп жатыр. Ендігі мақсатым – өндірісті кеңейтіп, өнімімді көрші ауылдарға сату, – дейді жоспарымен бөліскен Дариха Құрбанова.

Ол өнімдерін жалдамалы наубайханада да, үй жағдайында да пісіреді. Шаршаса да уақытпен санаспайды. Әрі аспаздық сүйікті ісі болғандықтан, ерінбейді, қажымайды. Ісі өрге басса, отбасына ғана емес, ауылдастарына да қолдау жасамақ. Өндірісті кеңейтіп, жұмыс орнын ашпақ.

– Келесі аптада қасыма көмекші аламын. Тапсырысты орындауға жалғыз үлгермейтін сияқтымын. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды дұрыс пайдаланып, табысымды арттыруым керек. Жергілікті билікке айтар алғысым шексіз. Мені солтүстік өңір құшағын жая қарсы алды, ризамын, – дейді Дариха Құрбанова.

Жалпы биыл оңтүстіктен солтүстікке 2660 адам, 138 қандас қоныс аудармақшы. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері өңірге күнгейден 899 тұрғын және 84 қандас қоныс аударып, қажетті қаржылық көмек алып, баспанамен қамтылды.

Биылдан бастап қоныс аударушыларға тұрғын үйді сатып алуға, тұрғызуға немесе баспананың алғашқы жарнасы ретінде экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады. Сондай-ақ солтүстікке келгендер “Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері” ұлттық жобасының қатысушысы болып, тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуі шарт.

Ал өткен жылы облысқа күнгейден – 2556 адам, 129 қандас қоныс аударып, мемлекеттен қарастырылған тиісті көмекті алды.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Soltütık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp