«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сөнбейтін шырақ

Нұргүл Оқашева

 nurgul.okasheva@mail.ru

Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында “Алаштың жарық жұлдызы” деген атаумен ұйымдастырылған әдеби кеш қазақтың ардақты перзенті, ұлт қамын жеген ұлыларымыздың көш басында тұрған алдаспан тұлға Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына орайластырылды. Шараға жиналған қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері мен әдебиетке әуес жастар Алаш ардақтысының өмірі мен шығармашылығына терең бойлады.

“Тәуелсіздіктің таң самалымен бірге халқымен қайта қауышқан Мағжан ақынның жырлары – таңғы шықтай мөлдір, таудан аққан бұлақтай таза. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында халқының азаттығы жолында басын бәйгеге тіккен тұлғаның өмірі терең зерттелді деп айта алмаймыз. “Алаш арысының ғұмырдариясына кім терең үңілді?” деген сауал қойылғанда біз аузымызға санаулы ғана автордың еңбегін аламыз”. Осылай деген республикалық “Мағжан” журналының бас редакторы, жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов қазақ жастары, әсіресе қызылжарлық өрендер Мағжанның жырларына ғашық болуы қажеттігін айтты.

“Мағжан туралы ақынның жақын туыстары Ғаділша Қаһарманов, бер­тін қайтқан Бибізайып апай да көп әңгіме айтқан. Шота Руставелидің “Жолбарыс тонды жиһангез” поэма­сын аударып аты шыққан қазақтың белгілі ақыны Хамза Абдуллинге кез­дескен сайын қолқа салып, көп жайға қаныққаным бар. Хамзекең Мағжан­ның өлең­де­рін жатқа айтып, шабыт­та­нып кетуші еді. Сосын “Мағжан пай­ғамбар ғой, пайғамбар!” деп орнынан қозғалмай, ойға батып ұзақ отыра­тын. Мағжан шығармашылығымен етене таныс­қаннан кейін оның айтқан­дарына айна-қатесіз сенесің”, – деді қалам­гер.

Мағжан тақырыбына қалам тарт­қан жазушы-зерттеушілердің барлы­ғы да ақынның қазақ поэзиясындағы Абай Құнанбаевтан кейінгі жаңашыл ақын екенін мойындайды. Оның шын бағасын қазақтың қабырғалы қалам­гері Жүсіпбек Аймауытов берген. Оның сөзімен айтсақ, “Мағжан өлең­ді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет туғызған, сөзге жан бітірген, жаңа өлшеулер шығарған ақын”. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қа­зақстан университетінің профес­соры Жанар Таласпаева ақынның шығармашылығындағы әдеби бояу­лар тақырыбында әңгіме өрбітті.

“Ақын қазақ өлеңіне бұрыннан бар романтизмді берік орнықтырды. Оны өзінің қайталанбас таланты, сөз саптауы арқылы әрлендіре, байыта түсті.

Әсіресе ол эмоционалды, сезімі ұшқыр адамның жан дүниесін алғаш болып көркем кестеледі. Әрине, бұл арада Абай тәжірибесінен зерде көк­жиегінен тысқары қалдырып отыр­ғанымыз жоқ. Абайдың сыршылдығы оның ұлы мұрасының бір арнасы іспетті еді. Енді осындай сипат Жұ­мабаев шығармашылығының жалпы бет-бағдарына айналды. Реализм не­гізінен, өмірдің сараланған шынайы болмысын қамтыса, романтизм әде­биеті адамның ішкі жан-дүниесіне, сезім сырларына үңілді. Мағжанды сыршыл ақын деуіміз сондықтан”, – деді Жанар Серкешқызы.

Әдеби кеш барысында Мағжан Жұмабаевтың туыстары Гүлмира Бе­кенова мен Дулат Тасболатұлының төбе көрсеткенін айта кеткен жөн. Олар бала кездерінде Алаш ардақ­тысының “Батыр Баян” поэмасымен танысқандарын айтты. Ақан сері атындағы облыстық филармония жанындағы “Әлқисса” фольк­лорлық ансамблі орындаған “Ақже­лең” күйі, дәстүрлі әнші Ғалымжан Нұрпейісов шырқаған “Жұлдызды жүзік, Айды алқа ғып берейін” әні ша­раның мазмұнын аша түсті.

Кітапхана жанындағы жас қалам­герлер клубының мүшелері, Диас Аяған мен Еркежан Бағзаттың Мағжан Жұмабаевқа ар­наған өлеңдерін тыңдай отырып, Қы­зылжарда жыр пайғамбары жаққан поэзия сәулесінің сөнбегенін аңғар­ғандай болдық. Айтыс ақыны Жұмабек Рахимов “Сен сұлу” туындысын орындап, көрерменнің ыстық ықы­ласына бөленді.

“Биыл өңірімізде Мағжанның тойы кең ауқымда аталып өтіледі. Бұл шара соның бастауы іспеттес. Рухани байып қалдық. Мағжанды алып мұхит десек артық емес. Ол туралы айтылған жылы лебіздерге, тарихи деректерге қаныққан сайын шөліркей бересің. Қызылжардың қыран ұлы Қошке Кемеңгерұлы екеуі “Балапан” атты журнал шығарған. Оның бірінші нөміріне Мағжанның “Балапан қанат қақты” атты мақала­сы басылыпты. “Алқа” ұйымының тұ­ғырнамасын ақын Мұхтар Әуезовпен ақылдасып жазғанын екінің бірі біле бермейді. Осының бәрі кейін Мағ­жанға кінә болып тағылғанда Смағұл Сәдуақасов: “Қазақ әдебиетін тек ком­мунист ақын-жазушылармен шекте­мейік. Мағжанды доңыздатып, қо­ңыздатып жүргендерге қарсымын”, – деп батыл үн қатқан. Әдеби кеште осы және өзге де тың деректерге қанық болдым”, – дейді еңбек ардагері Амангелді Кенжеғозинов.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp